Ертең, 15 қаңтарда Үкіметтің жаңа құрамы белгілі болады. Ескі Үкімет жаңа сайланған Мәжіліс депутаттары алдында өкілеттігін доғарып, отсавкаға кетті. Осыған орай сарапшылар жаңа Министрлер кабинетін кімнің басқаратынына қатысты түрлі жорамал құруда.
Ал Елбасының бұрынғы кеңесшісі, белгілі саясаткер, саясат ғылымдарының докторы ЕрмұхаметЕртісбаев дәл қазір Премьер-министрді ауыстыру қателік болады деген пікірде. Бұл пікірін ол «НеКурултай» Youtube-арнасына берген сұхбатында жеткізді. Е.Ертісбаевтың байламынша, Асқар Мамин Үкімет жетекшісі лауазымын сақтап қалуы тиіс.
«Әрине, көптеген адам Үкіметтің толық ауысуын, ең құрығанда Үкімет басшысының және министрлердің үштен екісінің өзгеруін қалайды. Менің ойымша, дәл қазір осылай жасау өте үлкен қателік болады. Біз әлемді және елді пандемия жайлап жатқанын естен шығарып алдық. Барлық халықаралық болжамдарға жүгінсек, ол тек осы жылдың күзіне қарай түпкілікті аяқталуы мүмкін», – деді саясаткер.
Ал Үкімет басына жаңадан келген адам істің байыбына барғанша біраз уақыт өтеді. Пандемия болса, тек экономикаға ғана емес, ел өмірінің барлық саласына аса қуатты қысым жасауын жалғастыруда.
«Осы тұрғыдан алғанда Премьерді ауыстыру орынсыз болады. Естеріңізде болса, өткен күзде Елбасы да, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та іс басындағы Үкіметтің, соның ішінде Асқар Маминнің жұмысына жоғары баға берді. Рас, жазда қателіктерге жол берілді. Соған байланысты Мемлекет басшысы қатаң ескерту жасап, жағдай түзелмесе Үкіметті отставкаға жіберетінін қадап айтты. Бірақ Үкімет ахуалды оңалтып қана қоймай, жұмысты жаңа сапалы деңгейге шығара алды», – деді Ермұхамет Ертісбаев.
Ол көрші елдердің атқарушы билігінің жұмысына талдау жасай кетті.
«Мысалы, көрші мемлекеттермен салыстырсақ, біздің коронавирусқа қатысты статистикамыз оңды. Мұнда Үкіметтің де еңбегі бар. Сондықтан қаталдық танытып, осы Үкіметті және оның басшысын бірден істен ысырып, керексіз ретінде лақтырып тастасақ, қателік жасаймыз. Менің болжамым мынадай: Асқар Маминнің ары қарай да Премьер болып қалу мүмкіндігі зор. Әйтпесе, жаңа Үкімет басшысына жаңа жағдайға бейімделуге, шаруашылықтың байыбын түсінуге уақыт керек болады. Уақыт факторынан ұтылуымыз ықтимал. Ендеше шалт қимыл, түбегейлі ауыс-түйіс жасау қажет емес», – деді Ермұхамет Қабиденұлы.
Ол жаңа сайланған депутаттық корпустың тізгіні де не себепті Нұрлан Нығматулинге қайта берілуі тиістігін түсіндірді.
«Мен кейбір көрсеткіштерге үңілгенде, бір жағынан шошып кеттім, екінші жағынан қуанып та қалдым. Мысалы, барлық деңгейдегі маслихаттар 65%-ға жаңарыпты. Бұл ретте депутаттардың үштен бірін – әйелдер, 23%-ын – жастар құрайды. Елбасы қойған міндет орындалды. Мәжілісте де солай: депутаттардың мүлдем жаңа толқыны келді. Жаңа спикер тағайындалса, олардың бәрі қосылып, саяси эйфорияға түсіп, елге залалы тиер қателіктер жасап қоюы ғажап емес. Ал Нұрлан Нығматулин – Қазақстандағы ең тәжірибелі әрі күшті менеджерлердің бірі. Оның Мәжілісті бес жылдық басқаруы осы байламды растады. Мәжіліс Үкіметпен бір ырғақта, бірлесе жұмыс істеді. Бүкіл заңнамалық базаны әзір етті. Бұл тоқтаусыз, үздіксіз жүретін процесс. Жұмыс осы қарқынмен жалғаса беруі қажет», – деп түйді Е.Ертісбаев.
Бүгін, 14 қаңтарда Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Парламент Мәжілісіндегі «Nur Otan» фракциясының отырысы өткені мәлім. Онда Қазақстанның Тұңғыш Президенті депутаттарға қайырылып, VII шақырылымдағы Парламент Мәжілісіндегі партия фракциясының басшысы лауазымына Нұрлан Нығматулиннің кандидатурасын ұсынды. Елбасы сондай-ақ болашақ Үкімет басшысының кандидатурасына қатысты да ой-пікірін білдірді. Билеуші партия Мәжіліс спикерінің кандидатурасын ұсына алады.