Полицияны дүрліктірген 9 аю
Полицияны дүрліктірген 9 аю
190
оқылды

Алматы полициясы Жаңа жыл мерекесіне орай еліміздің ең ірі мегаполисінде болған қызықтар туралы хабарлады. Жалпы алғанда, мейрам күндері тыныш өткен. 31-і күні «102» пультіне жалпы саны 1 600 хабарлама келіп түсті. Атап айтқанда, азаматтар көршілердің шулағанына, отшашулардың дүрсілі ұйқы бермей жатқанына шағымданды.

– Барлық мереке күндерінде полицияның Жедел басқару орталығы тәулік бойы жұмыс істейді. Азаматтар демалып жатқанымен, тәртіп сақшылары қызмет етуін жалғастыра береді. Мұндай күндерде қызмет ететін біздің қызметкерлер өздеріне қандай жауапкершілік жүктелгенін түсінеді. Негізгі міндет – қоғамдық тәртіпті және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Негізінде, жаңа жыл мейрамы әдеттегідей жұмыс режимінде тыныш өтті. Қоғамдық тәртіпті өрескел бұзу немесе қылмыстар болған жоқ, – деді Алматы қалалық ПД Жедел басқару орталығының бастығы Андрей Квашнин. Бірақ оғаш, күлкілі жағдайлар кездесіпті. Мысалы, бізге Жібек жолы көшесіндегі арбатта аюлар жүргені туралы хабар келіп түсті. Дереу бейнебақылау камераларын арбатқа бағыттадық. Сөйтіп, онда шынында панда киімін киген тоғыз адамның жүргенін анықтадық. Олар ойын-сауық іс-шарасының қатысушылары, яғни аниматорлар болып шықты. Жалпы, бұрын Жаңа жыл мегаполисте кең ауқымда тойланатын. Бұл жолы Алматыда бұқаралық мерекелік шаралар болған жоқ. Қоғамдық орындарда көліктер мен азаматтар аз болды. Бұл ең тыныш Жаңа жыл болды, – деді ол. Алматы қаласының көпбалалы бір тұрғыны қоңырау шалып, әр баласына арналған жаңажылдық сыйлықтарын тегіс таксиде ұмытып кеткенін айтады. Полиция қызметкерлері тез арада таксисті тауып, оның көлігінде қалған сыйлықтарды әлгі отағасына қайтарып берді. Осылай балалардың көтеріңкі көңіл күйін қамтамасыз етті.

Елдос СЕНБАЙ