Газ бағасының өсуі – делдалдан
Газ бағасының өсуі – делдалдан
261
оқылды

Елімізде 100 пайыз газбен қам­тыл­ған жалғыз өңір Маңғыстау облысы десек, қателеспейміз. Мұн­да елді мекендер ғана емес, авто­көліктеріне дейін түгелге жуық газ жабдықтары қондырылған. Содан да болар, өңірде сұйытылған мұнай газымен қамтудың арасы үзіл­ер болса, көптеген көлік қаңтарылып тұрып қалады. Әрі бұл құбылыс қоғамдық резонансқа тән сипат алып шыға келеді. Мұның тамыры әлеу­меттік-экономикалық қажеттілік­терде жатқанын білдірсе керек.

Әлеуметтік маңызды тауар

Сұраныс пен тұтыну қажеттілігі өте жоғары екеніне және баға қолжетімділігіне қарап, автокөлікке құятын сұйытылған газды Маңғыстауда әлеуметтік маңызды тауарлардың қатарына жатқызуға болатын шығар. Өйткені жылдан-жылға шарықтап бара жатқан бағаның етегін басып, халыққа ең жақын боп қалып тұрғаны, осы – автогаз. Жергілікті жерден шығатындықтан, басқа өңірлермен және жанар-жағармай түрімен салыстырғанда бағасы біраз арзан. Бүгінде елімізде бензиннің бағасы  литріне 150 теңгеден басталатын болса, газ бағасы Маңғыстауда орташа 55, республика бойынша 60-70 теңге аралығында. Соңғы жиырма жылдықтағы тенденция осындай. Газ бағасы әлі бензин бағасының жарты­сынан асып көрген емес. Соған сәйкес, жылдан-жылға газбен жүретін көліктер саны мен газ сатушы жеке кәсіпкерлер саны да арта түсті. Қазір облыста газ жаб­дығын қойған 93 122 көлік болса, автогаз сатумен айналысатын 260 кәсіпкер және 5 газ желілері ұйымы (ГЖҰ) бар. Кәсіпкерлер газды бұрын Жаңаөзен қаласындағы Қазақ газ өңдеу зауытынан тікелей алатын болса, соңғы екі-үш жылдықта газ желілері ұйым­дарынан (ГЖҰ) алып жүр. Проблеманың бәрі де осы тұстан басталған. ГЖҰ-ның өздерінде 39 автогаз құю стансасы болса, Маңғыстау облысында барлығы үш жүзге жуық автогаз құю бекеті жұмыс істеп тұр. «Елімізде жыл сайын 1,5 млн тоннадан аса сұйы­тыл­ған газ тұтынылады. Соның ішінде ең көбі, 14%-ы Маңғыстау облысында. 182 681 текше/метр газдың  95%-ы өзімізде шығады. Мемлекеттің белгілеп беріп отырған бағасы тоннасына 43 346 теңге. Бұрынғы тәсілмен бұл бізге тиімді болар еді. Бірақ делдал ұйымдар (ГЖҰ) араласып, бұл баға 50 000 теңге болып отыр. Бізді ашындырып отырғаны да осы. Шығыны­мыз амортизация мен еңбекақы және тағы басқаларын қосқанда литріне 47 теңгеге шығып отыр. Оның үстіне, жергілікті атқарушы билік бағаны 55 теңгеден асыр­саң, айыппұл салады. Сондағы пайдамыз 5-7 теңге. Осылайша, қыспақта қалып отырмыз», – дейді кәсіпкер, АГҚС иесі Әбіл Қасымұлы. Бизнесінде осындай қиындықтар бас­тал­ған соң автогаз өткізумен айналысатын кәсіпкерлер өзара бірігіп, ортақ ұйым құрған болатын. Ол «Мұнайлы автогаз қауымдастығы» жеке кәсіпкерлер бірлестігі деп аталады. 

Аз ғана топтың мүддесі үшін бе?

Маңғыстау облысындағы сұйытылған газды автогаз құю стансасы арқылы өткізу­ші жеке кәсіпкерлердің проблемаларын айтып жүгінбеген инстансасы жоқ. Облыс әкімдігінен бастап Энергетика министр­лігіне, Үкіметке, Мәжіліс, Сенат, тіпті Пре­зидентке дейін ашық хат жазған. Ара­сында осы мәселенің шектен шығып, одан әрі заңбұзушылық сипатының тоқтамай жалғасуына байланысты  Бас про­кура­тура­ға, Ұлттық  қауіпсіздік комитетіне, Сыбай­лас жемқорлықпен күрес агенттігіне де арызбен жүгінген. Кәсіпкерлерді алаң­датып отырған екі мәселе бар. Олар – Қа­зақ газ өңдеу зауытымен (ҚазГӨЗ) арада делдал болып отырған газ желілері ұйымдары (ГЖҰ) мен электронды сауда алаңының (ЭСА) тиімсіздігі. 2012 жылғы 9 қаңтарда қабылданған «Газ және газбен жабдықтау туралы» заңымен бекітілген бұл екі реттеу тетігі жекеменшік газ құю стан­саларына кедергі ғана емес, газ бағасының өсуіне себепші болып отыр. «Бұрын біз газды зауыттан тікелей өзіміз барып ала беретінбіз. Кейіннен заң шықты да, арада теміржол тұйығы және 60 текше/метр сыйымдылықта ыдысы болуы тиіс деген талаппен ГЖҰ-лар пайда болды. Ондай талапты ілуде бір кәсіпкер болмаса, кез келген АГҚС иесі орындай алмайды. Одан бөлек, электронды сауда алаңы деген шықты. Бүгінде онда 1 тонна газдың бастапқы бағасы 80 000 теңгеден қойылып отыр. Ал сатып алушыға оның бағасы 83-85 мың теңгеден. Кейбір кәсіпкерлер оны амалсыздан алып жатыр. Егер ЭСА-ға толықтай көшетін болсақ, онда қосымша брокер деген штат ашып, шығындалуға тура келеді. Бұл АГҚС ұстаушыларын нарықтан шығарудың қитұрқы әдісі деп санаймыз», – дейді «Мұнайлы автогаз қауымдастығы» жеке кәсіпкерлер бірлес­тігінің директоры Мұхит Нұртаев. Іс жүзінде ГЖҰ-лар облыс әкімдігі бөлген СМГ көлеміне типтік шарт пен жүкқұжат берумен ғана шектеледі екен. Ал газды кәсіпкердің өзі зауыттан барып алады. Осылайша, екі парақ қағаз дел­далдарға тоннасына 7 мың теңге пайда әкеліп отыр. Бұл аз ғана топтың қалтасына кететін көлденең ақша үшін тұтынушы зардап шегіп отырғанын білдіреді. Өйткені өзіндік құндағы шығынның барлығы ақырғы бағаға қосылатыны белгілі. Алдағы уақытта газ бағасы қымбаттай беретін болса, бұл табыс та арта түспек. Электронды сауда алаңындағы (ЭСА) тенденция осыны аңғартады. Былтыр онлайн саудамен сұйытылған мұнай газы нарығының 10 пайызы қамтылған болса, биыл жыл соңы­на дейін толықтай көшіру жоспарланған. Ондай жағдайда 260 кәсіпкер шетінен банкротқа ұшырап, осы салада қызмет ететін 2 000 адам жұмыссыз қалмақ. Кә­сіпкерлер тиісті өндірістік қуаты болмаса да, монополиске айналып отырған ГЖҰ-ларға делдалдық құқық берген заңдағы шикілікке наразы. «Өңірде әлеуметтік тұрақсыздыққа әкеліп соғатын баға қымбаттауы мен авто­газбен үздіксіз қамту мәселесін шешуде айтар ұсынысымыз бар. Газ жергілікті жерден шығатындықтан және оны өткіз­удің ең үлкен нарығы осы жер бол­ған­дықтан, бұл мәселеде Маңғыстау об­лысының кәсіпкерлеріне арнайы статус берілсін. Соған сәйкес, делдал ұйымдар мен тетіктер алынып тасталсын. ЭСА қалған жағдайда оның қамтылу көлемі 5% деңгейінде қалсын.  Ол үшін еліміздегі газбен жабдықтау және электронды сауда туралы екі заң мен Энергетика министр­лігінің екі бұйрығына өзгеріс енгізіл- сін», – дейді Мұхит Нұртаев.

Ең арзан баға біздікі

Еліміздегі баға саясатының тұтас сипаты қымбатшылыққа бет бұрып келе жатқаны анық. Оның себебі де әртүрлі. Сол сияқты сұйытылған газ бағасы да қанша жылдан бері түрлі манипуляцияның тетігіне айналып, көтерілумен келеді. Бара-бара бензин бағасымен теңессе, таңғалуға болмайды. Маңғыстаулықтардың хатына берген жауабында Энергетика министрлігі Жаңаөзендегі Қазақ газ өңдеу зауытын реконструкциялау үшін тиісті инвестициялар талап етілетінін, ол бәсе­келестік бағаға қол жеткізгенде  мүмкін болатынын айтқан. Бұл ЭСА-ға толықтай көшкен кезде ғана мүмкін екен. «Мұндай жағдайда кәсіпкерлер СМГ-ны газ желісі ұйымдарының (ГЖҰ) қатысуынсыз және олардың үстемесін қоспай, ЭСА арқылы тікелей зауыттан сатып алу мүмкіндігіне ие болады. Бұл бәсекелестікті дамытуға, кәсіпкерлік белсенділікті және ашықтықты дамытуға ықпал етеді. Биржалар арқылы түзілетін баға саясатын Ұлттық экономика министр­лігі тарапынан бақылауға және реттеуге мүмкіндік туады» делінген Энергетика министрінің міндетін атқарушы Әсет Мағауов қол қойған хатта. Елімізде 189 ГЖҰ болса, 2,5 мың АГҚС бар екен. Осылардың ішінде газ бағасы мен өткізуге қатысты мәселе  Маңғыстау облысында ғана өткір болып тұр. Ал қалған өңірлер әлдеқашан ГЖҰ мен ЭСА прак­тикасын қабылдап, халықаралық стандарт талап ететін жүйеге көшіп кеткен. Сон­дықтан еліміздегі автогаз өткізудегі ең үлкен нарық та бұл көштен тыс қалмақ емес. «Маңғыстаулықтардың талабын түсі­немін. Бірақ бұл мәселеде өте сауатты қадам жасау керек. Барлығын құқықтық аяда шешу қажет. Заңнамаға өзгеріс ен­гізудің өзіндік алгоритмі бар. Мәселені әуелі өңірлік, Ұлттық кәсіпкерлер пала­тасында, Энергетика министрлігінде, со­сын барып Мәжілісте қарау қажет. Менің­ше, ондағы кәсіпкерлер қазіргі проб­лемаларымен кооператив құрып, іріленіп күрескені дұрыс. Бірлесіп, ақша қосып, теміржол тұйығын жалдап, сыйымдылығы талапқа сай ыдыс орнатып, заңға сәйкес жеңілдіктерді пайдаланғаны жөн. Ал ГЖҰ-лар міндеттемелерін орындамаса, сот арқылы шешу қажет. Біз бәрібір жаңа талап­тарға көшеміз. Баға еркін нарыққа көш­кенде ғана әкімдік тарапынан қада­ғалау жойылмақ», – дейді маңғыстаулық кәсіпкерлердің мүддесін қорғап жүрген заңгер Айбек Сидиков. Заңгердің айтуынша, бұл қадамның бар­лығы еліміздегі баға индексін халық­ара­лық деңгейге сәйкестендіру үшін жаса­луда. Өйткені осы көрсеткішпен алғанда көрші елдермен, соның ішінде Кедендік одақпен салыстырғанда, еліміздегі тұтыну бағасы көп арзан. Сол себепті біз сыртқы нарыққа тонның ішкі бауындай араласып кете алмай отырмыз. Сондықтан да еліміз­дің баға саясатында халықаралық стандарт­тарды енгізу біртіндеп жүзеге аса бермек. Ал таяқтың екінші ұшы – әлеуметтік бақуаттылық пен төлем қабілеттілігі ішкі валдық өнімнің еншісінде қала бермек.

Нұрлан ҚОСАЙ