Қарағанды қаласында 1 қаңтардан бастап жылу энергиясына тариф өсті. Соған қарамастан, көпқабатты үйлердегі жылу жаңа жылдан соң төмендеді. Аяз күшейгенде диспетчерлік қызметке 500-ге жуық қоңырау шалынып, қызмет сапасына шағымданған. Қатты аязда қала тұрғындарын қалтыратқаны үшін қала әкімі Ермағамбет Бөлекпаев кешірім сұрады.
Мереке күндері Қарағанды қаласының Октябрь ауданы тұрғындары пәтердегі жылудың температурасына көп шағымданды. ЖЭО орналасқан аудандағы пәтерлер бұрын қайнап тұратын. – Қала тұрғындарынан, әсіресе Октябрь ауданының тұрғындарынан жылытудың нашар болғаны туралы хабарлама көп келді. Қалыптасқан жағдай бойынша кеңес өткіздік. Қазір Сұрыптау, Пришахтинск және Майқұдыққа жылу беру +96 градус, қалаға +106 градусты көрсетіп отыр. Сондай-ақ жеке пәтерлер бойынша сұрақтар келіп түсті, мұнда көппәтерлі тұрғын үйді жылыту жүйесін жеке қарастыру қажет, – деп мойындады Қарағанды әкімі Ермағанбет Бөлекпаев. Қала әкімі тұрғындар тарапынан түсіп жатқан шағымдар көбейген соң, жылу электр орталығына барып, жағдаймен танысып, видео арқылы халық алдында кемшілікті жоюға уәде берді. Дегенмен мемлекеттік органдар монополист үшін кешірім сұрап ақталуының жөні жоқ еді. Себебі осыдан екі ай ғана бұрын аталған мекеме жылу тарифін өсіріп, бекіттіріп алған. ⠀ Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитеті Қарағанды облысы бойынша департаментінің 2020 жылғы 2 қарашадағы №167-НҚ бұйрығына сәйкес, «Теплотранзит Караганда» ЖШС 2021 жылы 1 қаңтардан бастап жылу энергиясын қосымша құн салығынсыз 1 Гкал үшін 2 350,57 теңге етіп бекітті. Былтыр жылу энергиясын тарату тарифі ҚҚС-сыз 2 097,14 теңгені құраған болатын. Жаңа тариф 2025 жылға дейін күшінде болмақ. Осыған дейін қарағандылықтар алаңның шаршы метрі үшін жылу энергиясына 1 теңге төлеп келді. «Теплотранзит Караганда» ЖШС тарифке ескірген желілерді өзгерту, жабдықты жаңарту және жылу оқшаулауын қалпына келтіретін инвестициялық қаржыны енгізген. 5 жылға есептелген инвестициялық бағдарламаны іске асыруға 3,6 млрд теңге қажет. – Тариф көтерілуінің бірнеше себебі бар. Біріншіден, бұл нақты шығындардың тарифтік сметадағы шығындарға сәйкес келмеуі. Қолданыстағы тариф 2015 жылы бекітілді. Оның өсуі 5 жыл ішінде 11%-ды құрады. Осыған байланысты кәсіпорынның барлық нақты шығындары ескерілмеген. Тек инфляция деңгейі жыл сайын орта есеппен 6%-ды құрады. Осыған байланысты бізде қазір барлық шығын баптары бойынша тапшылық бар, – деген болатын «Теплотранзит Караганда» ЖШС бас директоры Әлішер Ибрагимов. «Теплотранзит Караганда» компаниясы Ленин, Гоголь көшелері, Құрылысшылар, Республика даңғылындағы магистралды желілерді жаңғыртуға алған несие бойынша мемлекетке 12 миллиард теңгеден астам берешек. Сондай-ақ Қарағанды ЖЭО-1 және ЖЭО-3 жылу энергиясы мен электр энергиясын өндіру тарифтерін өсіруі де себеп болған. – Тек 2020 жылдың өзінде жылу энергиясын өндіру 7%-ға және электр энергиясын өндіру 18%-ға қымбаттады, – дейді монополист. – Жылу температурасының азаюына қарқын алған жаңа құрылыстардың көбеюі әсер етуде, – дейді сарапшылар. Жылу жүйесіне түсетін жүктеме өте үлкен, температура кестесін сақтау қиынға соғуда. – Қарағандыда тұрғын үй құрылысы, өнеркәсіп кәсіпорындары, әлеуметтік мәдени-тұрмыстық нысандар көлемі артты. Егер 2016 жылы -32°C кезінде жылудың есептеу бірлігі 116 Гкал/сағ құраса, 2020 жылы «Теплотранзит Караганда» ЖШС есебі бойынша ол 200-300 Гкал/сағ құрайды. Қазір тұтынушылардың қосылған жүктемесі кезіндегі нормативтік ысырапты ескере отырып, тапшылық 250 Гкал/сағ-тан астам құрайды. Тапшылықтың өсуінің басты себебінің бірі – стансаның нормативтік температуралық кестесінің сақталмауы. Сондай-ақ магистралды желінің бірінші және екінші кезегінің өткізу қабілетінің болмауы себеп болып отыр,– дейді қала әкімінің коммуналдық мәселелер жөніндегі кеңесші Бекет Көшеғұлов. «Айта кету керек, Қарағандыда үшінші жылу құбырының құрылысын бастау үшін биыл бюджеттен 3,2 млрд теңге бөлінді. Бұдан басқа, жылудың жетіспеушілігіне желтоқсан-қаңтар айларында ЖЭО-3-тегі №6 турбинаның жөндеуде болуы да әсер етті», – дейді маман. Ал өңір басшысы Жеңіс Қасымбек әкімдіктің аппараттық жиынында жылумен жабдықтау маусымының күрт төмендеу себебін талқылады. – Жылыту маусымы ерекше бақылауда. Бір аптадан астам уақыт аяз болды. Біздің кемшіліктеріміз, қандай қиыншылық бары анықталды. Қорытынды жасап, бар проблемаларды шешуіміз керек, – деді облыс әкімі онлайн режимде өткен аппараттық кеңесте. Жеңіс Қасымбек Қарағандыдағы «қапталмаған» жылу желілері мәселесіне арнайы тоқталды. Өңір басшысы биыл бұл жұмысты жүргізу үшін қалалық бюджеттен жылу оқшаулау бойынша қаражат бөлуді тапсырды. Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ұлантай Үсеновтің ақпараты бойынша, қазір облыстың барлық сегіз стансасы штаттық режимде жұмыс істейді, жылу желілерінде апаттар тіркелген жоқ. – Бүгінде ЖЭО-1 бойынша резервте екі қазандық және жұмыста екі қазандық бар. Сондай-ақ температурасы 93°C-52°С төрт турбина, 42 300 тонна көмір бар. Температура режимін 100 пайыз ұстайды. ЖЭО-3 бойынша жұмыста алты қазандық, екеуі резервте. Бірінші кезектің температурасы – 96°c, екіншісі – 108°C. Қазір біз «Теплотранзит Караганда» ЖШС қойған кестелерді күтудеміз. Гидравликалық және температуралық режим ұсталады. Жаңа жылдан бастап бізде бесінші турбинада екінші дәрежелі үш рет ақау болды. Қазір машина қалыпты режимде жұмыс істеп тұр, – дейді «Караганда Энергоцентр» ЖШС бас директоры Андрей Ляпунов. Дегенмен қалада желілердің қапталмауы да жылуды ысырап етуде. Мәліметтерге қарағанда, Қарағандыда жылу желілерінің 112 шақырымына жылу берілмеген. – 76 шақырым магистралды және 36 шақырым тарату желілерінде оқшаулау жоқ. Осы фактор да 2-10 қаңтар аралығында жылу тарату кезінде өз әсерн тигізді. Біз 2019 жылы магистралды желілерді оқшаулауды қалпына келтіру бойынша мемлекеттік сараптамадан өткен жобаны әзірледік. Қазір жоба мемлекеттік сараптамада,– дейді «Теплотранзит Караганда» ЖШС бас директоры Әлішер Ибрагимов. Қысқасы, энергетиктер Қарағанды үйлерінің суып кетуіне байланысты өз уәждерін келтіріп отыр. Алайда жылу желілерін қаптау мәселесін жазда неге қарастырмағанын түсіндірген ешкім жоқ.Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА, Қарағанды облысы