Алматыдағы М.Әуезов атындағы академиялық драма театрына өткен жылдың соңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Ұлттық» мәртебесі берілген болатын. Театрдың ұлттық мәртебе алуына және 95 жылдық тойына арналған іс-шара өтті.
М.Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық академиялық драма театрының директоры Еркін Жуасбек барша әріптеске алғыс білдіріп, бұл марапат театр ұжымына үлкен жауапкершілік жүктейтініне тоқталды. Осы айтулы іс-шараға астанадан арнайы келген Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова былтыр осы салада атқарылған ауқымды істердің бір бөлігіне тоқталып өтті. Министрдің айтуынша, Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру шеңберінде былтырғы 1 қаңтардан бастап мәдениет және архив ұйымдары қызметкерлерінің жалақысы республикалық деңгейде 50%-ға, өңірлерде 35%-ға дейін өскен. Жалпы, мұндай өсім республика бойынша шамамен 34 мың адамды қамтыған. «Бұл бағыттағы жұмыстар бұдан ары да өз жалғасын табады. Балет əәртістерін мемлекеттік қолдау мақсатында мәдениет ұйымында кәсіби қызметін тоқтатқан кезде кемінде 20 жыл кәсіби еңбек өтілі бар балет əртісіне соңғы үш жыл ішіндегі орташа жалақыдан 60% мөлшерінде арнайы ай сайынғы ақшалай төлемдер қарастырылады. Сондай-ақ əәдебиет пен өнер қайраткерлерін, дарынды жастарға мемлекеттік қолдауды күшейту мақсатында Қазақстан Тұңғыш Президенті – Елбасының мәдениет саласындағы стипендиясы 240-тан 660 АЕК-ке дейін өсті. Мәдениет және өнер саласындағы ерекше мәртебесі бар жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы үшін жалақысына 1,75 коэффициенті сақталады. 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап мәдениет және спорт саласындағы мамандандырылған мектептер мен колледждер қызметкерлерінің жалақысы жыл сайын, 2023 жылға дейін 25%-ға көбейеді. Ең қуаныштысы, осы саладағы қызметкерлердің тұрғын үй жағдайын жақсарту бойынша қарқынды жұмыстар жүзеге асырылуда, – деді министр. Сондай-ақ ол таяу мерзімде тарихи нысан болып саналатын театр ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетінін, жұмыс барысында оның тарихи келбеті барынша сақталуына мән берілетінін айтып өтті. Былтыр Әуезов атындағы театрмен қатар Алматыдағы төрт бірдей өнер және мәдениет ордасы Ұлттық мәртебеге ие болған еді. Осындай құрметке лайық деп танылған Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры директоры А.Қалиева, М.Лермонтов атындағы ұлттық орыс драма театры директоры Ю.Якушев, Құрманғазы атындағы ұлттық халық аспаптар оркестрі директоры М.Қуанышев және Ұлттық кітапхана директоры Б.Оспановалар да өз ризашылығын білдіріп, Әуезов театры ұжымын 95 жылдық мерейтойымен құттықтады. Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстан және КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімов ұлттық мәртебе иеленген мәдениет ордасына игі тілегін арнап, өнер мен мәдениетке көрсеткен құрмет пен лайықталған марапат үшін Мемлекет басшысына, Мәдениет және спорт министрлігіне алғыс айтты. Осы күні театрдың 95 жылдық мерейтойына арналған «Киелі қарашаңырақ» атты көрме ұйымдастырылып, театр өнерпаздары концерт қойды. Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова театр ұжымына Президент құттықтау хатын табыстап, министрлік атынан театр қызметкерлерін алғысхатпен марапаттады.Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ