Желіде азаматтар еліміздің су қоймаларында түсірілген видеоларымен бөлісіп жатыр. Бұл роликтердегі басты атрибут – коньки. Қазнетті әуесқой және кәсіпқой мәнерлеп сырғанаушылардың видеолары жаулап алды. Біреулері әдемі көйлек киіп сырғанап жүр, басқалары қарапайым киінген, алайда айналадағы табиғаттың кереметтігінен барлығы кербез әрі әдемі көрінеді. «Сұлулық үшін бәрін тастаңыз», – дейді олар.
Мұндай видеоны қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева жариялады. Видео Бурабайда түсірілген. Элизабеттің аккаунтына жазылған оқырмандар түрлі пікірлер жазып, таңданысын жасырмады. Кейінірек мәнерлеп сырғанаушы тағы бір видео жариялап, сипаттамасында «Қатты сынамаңыздар. Бұл езуге күлкі үйіру үшін ғана» деп жазды. Сондай-ақ желіде Каспий теңізінің мұзында сырғанап жүрген Нұрәли Бектеміровтің видеосы пайда болды. Кадрларды видеоның авторы — фотограф Әди Бектеміров Instagram желісіндегі аккаунтында жариялады. Онда мәнерлеп сырғанаушы Нұрәли Zack Gray-дың орындауындағы Try әнін пайдаланған. Танымал болғандар арасында Қапшағайда мұз үстінде қызыл көйлек киіп, сырғанаған қыз да бар. Ол бұрын мәнерлеп сырғанаумен айналысқан Ксения Панкратова екен. «Мұз мөлдір болады деп үміттендік, алайда онсыз да керемет шыққан сияқты. Мұны негізі жеке мұрағат үшін түсірдік, алайда осы бір сәтіммен бөлісуді ұйғар-дым», – деп жазды Панкратова. Қапшағай су қоймасы Ксенияны ғана қызықтырмаса керек. Бұл жер аз уақыттың ішінде фотосессия мен видеотүсірілімдер жасауға арналған мекенге айналды. Тіпті, TikTok желісінде әзіл аралас видеолар да жарияланып жатыр.Айша ЕРСҰЛТАН