Мемлекет басшысы Еуропаның қаржы және инновация институттарын Астана халықаралық қаржы орталығымен бірге орнықты қаржыландыру және финтех-технологияларды ілгерілету саласындағы ынтымақтастықты жалғастыруға шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев: Біз білімге негізделген экономика құрғымыз келеді
Фото: Ақорда
147
оқылды

Брюссельде еуропалық бизнес өкілдеріне «Астана» халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктері таныстырылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Ақордаға сілтеме жасап. 

Президент атап өткендей, Global Financial Centers Index рейтингінде АХҚО Шығыс Еуропа және Орталық Азия өңірі бойынша бірінші орын алады. Орталықта әлемнің 90-нан астам елінен 5800-ден аса компания тіркелген, оның ішінде 250-ге жуығы – Еуропа елдерінен. АХҚО арқылы еуропалық компаниялар үлестік қаржыландыру ретінде 307 миллион доллар көлемінде тікелей инвестиция салды. 

Мемлекет басшысы Еуропаның қаржы және инновация институттарын Астана халықаралық қаржы орталығымен бірге орнықты қаржыландыру және финтех-технологияларды ілгерілету саласындағы ынтымақтастықты жалғастыруға шақырды. 

Президент адам капиталын дамыту тақырыбына тоқталып, Еуропалық Одақ әлдеқашан еліміздің ғылым және білім саласындағы жетекші серіктесіне айналғанын атап өтті. 

– Еліміздің түкпір-түкпірінде қазірдің өзінде 40 шақты халықаралық академиялық және зерттеу орталықтары жұмыс істеп жатыр. Олардың қатарында Анхальт қолданбалы ғылым университетінің, Лотарингия университетінің және Марке политехникалық университетінің өкілдіктері бар. Қазақстан Erasmus+, Horizon Europe және басқа да бағдарламалар аясында Еуропалық Одақпен ықпалдастықты жолға қойды. Біз білімге негізделген экономика құрғымыз келеді. Сондықтан Horizon Europe келесі негіздемелік бағдарламасының қауымдастырылған мүшелігіне өту үшін өтініш бердік. Қазақстан экономикамен шектелмей, Орталық Азия елдеріне және басқа да мемлекеттерге біліктілігі жоғары мамандар даярлайтын өңірлік білім беру орталығы ретіндегі рөлін нығайта түседі, – деді Президент.

Мемлекет басшысы ынтымақтастық әлеуеті зор екенін алға тартып, Қазақстан бұл ретте шынайы стратегиялық серіктестікті жақтайтынын жеткізді.

– Ең бастысы, біз ортақ табысқа жеткізетін сенім мен ұзақ мерзімді міндеттемені ұсынамыз. Еуропалық серіктестер табысы жоғары инвестициялық жобаларға белсенді түрде атсалысады деп сенеміз. Еуропалық қаржы институттарының Қазақстанның орнықты экономикалық дамуына және өңірлердің өзара байланысын нығайтатын бастамаларға қолдау көрсеткенін құптаймыз. Осы орайда Еуропалық инвестициялық банктің қосқан үлесін жоғары бағалаймын. Банк вице-президенті Мора бүгін арамызда отыр. Сондай-ақ экономикалық диалог өрбітіп, Қазақстан мен Еуропалық Одақтың сауда күн тәртібін ілгерілету ісінде жетекші рөл атқарғаны үшін комиссар Шевчовичке алғыс айтамын. Еуропалық Одақ пен Орталық Азия арасындағы ынтымақтастықты дамыту жолындағы күш-жігері үшін Арнайы өкіл Стипрайсқа ризашылығымды білдіремін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Мемлекет басшысы сөз соңында бүгінгі пікірталастар Қазақстан мен ЕО-ның стратегиялық серіктестікке қатысты ұстанымы ортақ екенін тағы да растағанын айтты. 

– Орта дәлізді Еуропалық Одақтың Global Gateway стратегиясымен ұштастыру бойынша келісім үдерісі жүргізілуде. Біз Еуропа мен Азия арасындағы қауіпсіз әрі орнықты көлік жолының негізін қалап жатырмыз. Еуропаның инвестициясына және озық технологиясына айырбас ретінде маңызды қазба байлықтары мен қуат ресурстарын пайдалануға мүмкіндік беретін прагматикалық формуланы ұсыну арқылы сенімді серіктес болуға әзірміз. Жоғары технологиялық агробизнестен бастап жасанды интеллект саласындағы жаңашыл өнертабыстарға, АХҚО аясындағы қаржыландыру тетіктеріне дейінгі көптеген салада ұзақмерзімді интеграцияға ашықпыз. Үкіметіміз маңызды бастамаларды тез әрі табысты іске асыру үшін коммерциялық ұсыныстарыңызды зерделейтін болады, – деді Президент. 

Жиында Еуропалық Одақтың Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Эдуардс Стипрайс, Сауда және экономикалық қауіпсіздік жөніндегі еурокомиссар Марош Шефчович, Еуропалық инвестициялық банктің вице-президенті Марек Мора, Sarens Group президенті Лудо Саренс, Roca Group бас директоры Альберто Магранс, Dewulf Group бас директоры Хендрик Декрамер, Polpharma Group байқаушылар кеңесінің төрағасы Ежи Старaк, Airbus SE компаниясының Еуропа өңірі бойынша президенті Жоан Пелисье, Damen Shipyards Group тең құрылтайшысы, директорлар кеңесінің мүшесі Роуз Дамен, LOT Polish Airlines әуе компаниясының бас директоры Михал Фийол, Bureau Veritas компаниясының Еуропа өңірі бойынша аға вице-президенті Венсан Бурдиль, Maersk Group басқарушы директоры Айхан Сидеф, Cargolux компаниясының коммерциялық жоспарлау жөніндегі аға вице-президенті Пьерандреа Галли, MAIRE Tecnimont бас директоры Алессандро Бернини сөз сөйледі.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.