Электр күбі жасады
Электр күбі жасады
353
оқылды

Қарағанды гуманитарлық колледжінің оқытушысы Мәлік Хайролла шәкірттерімен бірге қымыз дайындауға арналған электр күбі ойлап тапты. Оның басты ерекшелігі – ондағы өнім минутына 60-70 рет шайқалады.

«Күбі дайындау идеясы қымыздың емдік қасиетіне байланысты ойға келді. Ол әдетте қолмен дайындалады. Сту­дентім екеуміз жұмысты қалай жеңіл­дету туралы ойладық. Оған күбінің ди­зайны туралы айттым. Содан кейін электр қуатының көмегімен қымыз да­йын­дау кезеңі мен режимін бұзбай кү­бі жасадық», – дейді Мәлік Хайролла. Солай алғашқы модель жасалған. Дегенмен сынақ барысында күбінің ди­зайнын бірнеше рет өзгертуге тура келген. Ал өнертапқыштың тағы бір шә­кірті жел энергиясымен жұмыс істейтін күбі жасап шығаруды шешкен. «Біз оны сынап көрдік. Ол да жұмыс істейді. Өз өнертабыстарымызға патент алғымыз келді. Әділет министрлігіне жүгіндім. Ол кезде авторлық құқық туралы заң әлі қабылданған жоқ еді. Мен өнертабысты тіркедім, кейбір құ­жаттарды алдым. Бірақ сонымен тоқтап қалдым. Не дегенмен патент алуға бір қадам жақынмын деп айта аламын», – деп түсіндіреді өнертапқыш. Мәлік Хайролла қазақ халық аспап­тары мен тұрмыс заттарының шебері ретінде де танымал. Ол қобыз, домбыра, астау, ат әбзелдерін жасайды. Оның шеберханасында тас диірмені де бар. Өзінің алғашқы домбырасын Мәлік Хайролла жетінші сыныпта оқып жүргенде жасаған. «Әкем де, менің бар­лық аталарым да шебер болған. Маған олардан осы дарыным мен туған жерге деген махаббат берілген. Кейде мен ша­быт­танып отырып бір нәрсе жасай­мын, ал кейде бір нәрсені қайталап, қайта құрып, жақсартумен айналыс­амын. Әдебиетті көп оқимын», – дейді шебер. Мәлік Хайролланың алға қойған көптеген жоспары бар. Ол көшпелі хан­ның арбасын қалпына келтіріп, киіз үй­дің этнографиялық негізін сақтап қалатын көшпелі мұражай ұйымдас­тырғысы келеді.

Жадыра АҚҚАЙЫР