Мәслихаттың жаңартылған құрамы жұмысқа кірісті
Мәслихаттың жаңартылған құрамы жұмысқа кірісті
215
оқылды

Павлодар облыстық мәс­ли­хатының VII шақырылымы­ның бірінші сессиясы өтті. Мәслихаттың жаңартылған құра­мы жұмысқа кірісіп, I сес­сияда депу­таттар мәс­ли­хат хатшысын сайлады, тұ­рақ­ты комиссиялар құрды және 2025 жылға дейін есеп­телген Пав­лодар облысының аумағын дамыту бағдарла­масын бекітті.

Отырыс депутаттардың белгі­лері мен куәліктерін тапсырудан басталды, содан кейін хатшы сай­ланды. Бұрын Тереңкөл ауданы­ның әкімі болып жұмыс істеген, «Nur Otan» партиясының депу­таты Ернұр Айткеновтің кандида­турасы бірауыздан қолдау тапты. Сонымен қатар депутаттар 5 тұ­рақты комиссияның құрамын бекітті. Экономика және бюджет мәселелері жөніндегі комис­сияны Мейрам Бегентаев, әлеуметтік-мәдени даму мәсе­лелері жөніндегі комиссияны Динара Айтжанова, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету мәселелері жө­ніндегі комиссияны Илья Теренченко, аграрлық мәселелер жөніндегі комиссияны Сайлау Оразбаев, ал экология және қор­шаған ортаны қорғау мәселелері жөніндегі комиссияны Серік Сәдуақасов басқарады. Сессия барысында депутат­тарға Пав­лодар облысының ау­мағын 2025 жылға дейін дамыту бағдарламасы ұсынылды. Эконо­мика және бюджеттік жоспарлау басқар­масының басшысы Ирина Назарчук атап өткендей, құжат 7 негізгі мәселені шешуге арнал­ған. Депутаттар ұсынылған аумақ­ты дамыту бағдарламасын қол­дады. Оны іске асыру осы жылы бас­талады. Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов пандемия мен оның салдары атқарушы және өкілді биліктің алдына тиімді шара­ларды уақытылы қабылдау міндетін қойғанын атап өтті. – Сіздер әлеуметтік-эконо­ми­калық дамудың негізгі басым­дықтары, мем­ле­кеттік бағдарла­малардың орындалуына монито­ринг жүргізу және өз сайлау­шы­ларыңызбен тиімді кері байланыс орнату бойынша жұмысты жал­ғас­­тыруларыңыз керек. Жаңар­тыл­ған депутаттық корпус ат­қару­шы би­лікпен бірлесіп, облыс тұр­ғында­рының мүддесі үшін жұмыс­ты қайта жандандырады деп ойлай­мын. Біздің тұрғындар көтеретін өзекті мәселелер бо­йын­ша жұмыс­ты белсендірек жүр­гізулеріңізді сұраймын, – деді өңір басшысы депутаттарға. 10 қаңтарда өткен сайлау қо­ры­тындысы бойынша Павлодар об­лыс­тық мәслихатына 3 партия өтті: «Nur Otan» – 27 мандат, «Ауыл» – 3 мандат және «Ақ жол» – 2 мандат. Жаңа депутаттық кор­пус 10 әйел мен 22 ер адамнан тұрады. Халық қалаулыларының орташа жасы – 45 жас, ең жасы – 30 жаста.

Абылайхан ЖҰМАШ