Өзгерген әрі көзкөрген Парламенттің алдында баяндама жасаған Президент сессияға қатысушыларды сайлаудың аяқталуымен құттықтап, жаңа құрамдағы Мәжіліс депутаттарына табыс тіледі. Өткен шақырылымдағы халық қалаулыларына ойдағыдай қызмет атқарғаны үшін ризашылығын білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында Қазақстанды қуатты мемлекетке айналдыру идеясын тағы көптің көкейіне қондырды. Азаматтық қоғам белсенділері Мемлекет басшысының мәлімдемесі ел ертеңі үшін ерекше маңызды деп санайды.
Қазыбек МАЙГЕЛДИНОВ, саясаттанушы: – Мемлекет басшысы Мәжілістің жаңа құрамдағы депутаттарының алдында сөз сөйледі. Өз сөзінде Президент саяси реформаларды жүзеге асыру ниетінің дәйекті екенін көрсетті. Саяси партиялар үшін Мәжіліске өту шегін 7 пайыздан 5 пайызға дейін төмендету көппартиялықты дамытуға және тұтастай партиялық жүйені жетілдіруге септеседі. Саяси реформалардың бірінші пакетінде саяси партияларды тіркеу шегі 50 пайызға – 40 мыңнан 20 мыңға дейін төмендетілгені есімізде. Сонымен қатар сайлау бюллетеньдеріне «барлығына қасымын» деген бағанды енгізу қоғамды демократияландыру процесін, халықтың сан қилы пікірлерін ескеру көрсеткішін ынталандырады. Бұл туралы сайлау кезінде азаматтық қоғам өкілдері мен өзге де саяси партиялардың өкілдері айтқан. Біз іс жүзінде билік пен қоғам арасындағы диалогтың нәтижелерін көріп отырмыз. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасының нақты жүзеге асқанына куә болдық. Осы сайлауда 7 пайыздық шектен аса алмаған партиялар кез келген жағдайда аймақтардағы позицияларын нығайтады. Бүгін Президент олардың ұсыныстары мен ұстанымдары есепке алынатынын мәлімдеді. Өткен сайлаудың басты артықшылығы – партиялардың өңірлердегі позицияларын күшейту және саяси процестерді жандандыру деп ойлаймын. Сондай-ақ Мемлекет басшысы адам құқықтарын қорғауға бағытталған саяси реформалардың кезекті пакетін жариялады. Мәжілістің жаңа шақырылымына мемлекеттік саясатты тиімді іске асыруға ықпал ететін жаңа міндеттер жүктелді. Марат Б4ШІМОВ, Еуропалық құқық және адам құқықтары сараптамалық институтының директоры: – Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа бастамалары азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау жолында зор маңызға ие. Бүгін Президенттің аузынан шыққан сөздердің түпкі түйіні «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасымен үндесіп жатыр. Мемлекет басшысы адам құқығын қорғаудың институционалдық тетіктерін нығайту мақсатында омбудсмен (адам құқықтары жөніндегі уәкіл) туралы жеке заң қабылдау қажет деген ойы уақыт талабына жауап береді. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің аппаратын, оның өңірлік өкілдіктерін құру идеясы көңілге қонады. Бұл бастаманы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері де қолдады. Біріккен ұлттар ұйымы Бас Ассамблеясының Париж қағидаттарына сәйкес, адам құқықтарын қорғау жөніндегі мұндай институт Конституцияға немесе арнайы заңға сәйкес құрылуы керек. Оған тәуелсіз, айқындалған юрисдикциясы мен өкілеттігі бар, жариялы, қолжетімді, жедел, азаматтық қоғаммен ынтымақтаса жұмыс істейтін қасиеттер қажет. Негізі, сайлау заңнамасында «Мен бәріне қарсы дауыс беремін» деген норма баяғыда бар еді. Кейін, неге екенін қайдам, алып тастады. Адам құқығын құрметтейтін бұл норма халықаралық шарттармен, модельдік заңдармен толық сәйкеседі. Мемлекет басшысы «Шын мәнінде, баламалы пікір және бәріне қарсы дауыс беру ұғымы біз үшін қалыпты нәрсе болуға тиіс» деп ақиқатын айтты. Ал онлайн-петиция институтын заң жүзінде бекітудегі мақсат – мемлекет қызметінің тиімділігін арттыру және шешім қабылдауға азаматтық қоғамды тарту. Азаматтық қоғамның белсенділігі мен мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын, жауапкершілігін арттыратын қоғамдық бақылау туралы заң жобасы да өте маңызды. Ел арасында бұрыннан айтылып келе жатқан әңгімені енді заң жүзінде шегелеуіміз керек. Президент жастар саясатын дамытуға ерекше назар аударып, жастардың даму индексін енгізу, жастардың әлеуметтік қызметтері ұғымын заңға кіргізу қажеттігін атап өтті. Алдағы уақытта ауыл әкімдерін сайлаған соң аудан әкімдерін сайлауға көшу шынында да қисынды болмақ. Қайырымдылық қызметті ынталандыру шаралары – қоғамды біріктіретін құбылыс. Саяси реформалардың үшінші пакеті азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғаудың тиімділігін және омбудсменнің (адам құқықтары жөніндегі уәкілдің) рөлін күшейтеді, азаматтық қоғамның мемлекетті басқаруына жол ашады және демократиялық процестердің өркендеуіне ықпал етеді.Еркебұлан НҰРЕКЕШ