VII шақырылымдағы Шымкент қалалық мәслихатының бірінші сессиясы өтті. Сессияға Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қатысты. Онда жаңадан сайланған халық қалаулыларына салтанатты түрде депутаттық куәліктері тапсырылды.
Сессияның төрағасы болып депутат Дария Қожамжарова сайланды. Басқосуда алғашқылардың бірі болып сөз сөйлеген ол күн тәртібіндегі алғашқы мәселе – мәслихат хатшысын сайлау екенін айтты. Әрі қарай «Nur Otan» партиясының Шымкент қалалық мәслихатындағы фракция жетекшісі Бекайдар Төлегенов сөз алып, мәслихат хатшысы лауазымына депутат Бахадыр Нарымбетовтің кандидатурасын ұсынды. Депутаттар бұл ұсынысты бірауыздан қолдап, Бахадыр Мәдәліұлы Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы болып сайланды. Мұнан кейін халық қалаулылары Шымкент қалалық мәслихатының тұрақты комиссиясын құрып, сан құрамын бекітіп, оның мүшелері мен төрағаларын сайлады. Сессия соңын қала әкімі Мұрат Әйтенов қорытындылады. – Ел сеніміне ие болған азаматтарды депутаттық қызметке кірісуімен құттықтаймын. Бұл шақырылымда алғаш рет мәслихаттың құрамына 3 партияның өкілдері енді. Депутаттардың арасында 8 әйел мен 29 жасқа толмаған 4 жас азамат бар. Осылайша, депутаттық корпустағы әйелдер мен жастардың үлесі 40 пайызға жетті. Олардың орташа жасы 42 жасты құрап, сапалық құрамы да жақсарды. Депутаттардың арасында қаладағы ең ірі ЖОО-ның ректоры, білікті ұстаздар мен дәрігерлер, экономистер мен заңгерлер, зиялы қауым мен БАҚ өкілдері, белсенді жастар мен қоғамдық ойдың көшбасшылары бар, – дей келе қала әкімі жаңадан сайланған депутаттардың халық игілігі жолында атқаратын қызметіне сәттілік тіледі.Абылайхан ЖҰМАШ