Қаладағы мекеме қызметкерлері мен үйінде жұмыс істейтіндер үшін тамаққа онлайн тапсырыс беру дағдыға айналды. Бүгінде әлем бойынша осы нарықтағы қаржы айналымы миллиардтаған долларды құрайды. Қазақстандағы тамақ жеткізу қызметінің де табысы жаман емес. Елімізде бұл қызметті Chocofood, Glovo, Wolt, Яндекс.Еда, ABR компаниялары ұсынып отыр. Қазақстан халқы тамақ жеткізу қызметін қаншалықты тұтынады, коронавирус пандемиясы осы нарыққа қалай ықпал етті?
Жеткізу қызметі де интернет сапасына тәуелді
Біздің елдегі тамақ жеткізу қызметін ұсынатын компаниялардың жұмыс істей бастағанына көп бола қойған жоқ. Мысалы, 2013 жылы құрылған ChocoFood отандық нарықта бертінге дейін монополист болып келді. 2017 жылы бәсекелесі Food Panda Kazakhstan-ды сатып алған соң, тіпті айы оңынан туды. Ал 2019 жылы бәсекелестері пайда болды – қазақстандық нарыққа Glovo, Wolt, Яндекс.Еда қосылды. Бұл компаниялардың Қазақстан нарығына бір жылда келуіне еліміздегі ұялы телефон ұстаушылардың көбеюі мен мобильді интернеттің жылдам енуі ықпал еткен. Бүгінде халықтың 80%-дан астамы ұялы телефон ұстайды әрі Қазақстан посткеңестік елдер арасында 4G технологиясын қолдануда жақсы көрсеткішке ие. Жеткізу қызметін ұсынушылар тамаққа тапсырыс берген тұтынушы, тамақты пісіретін мейрамхана мен курьердің өзара байланыс процесін нақты құруды жетілдіріп отырса болғаны. Себебі тапсырыс түскен сәттен бастап оны тұтынушыға жеткізгенге дейінгі процестің тізбегі дұрыс болмаса, клиент келесі жолы тапсырыс бермейді. Сарапшылардың бағалауынша, тамақ жеткізу нарығы жыл сайын 20% -ға өсіп келеді. Бұл сегмент Қазақстанға да қатысты. Chocofood компаниясының дерегінше, 2019 жылы қазақстандық тамақ жеткізу нарығы 24 млрд теңгені құрады. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда екі есе көп. Тамақ жеткізу нарығында ойыншының көбеюі саланың табысты болуына тікелей байланысты. Жалпы, жаңа ойыншы пайда болған сайын жеткізу мәдениеті дамиды. Әзірге біздің елдегі тамаққа тапсырыс берушілер саны салыстырмалы түрде алғанда, өте аз, халықтың 3%-ы ғана. Салыстыру үшін айтсақ, бұл көрсеткіш әлемде – 15%. Ең жоғары көрсеткіш АҚШ пен Ұлыбританияға тиесілі 21-23% маңайында. Бірақ таяу болашақта тамаққа тапсырыс беретін қазақстандықтар көбейеді деген болжам бар. Демек, жеткізу қызметін ұсынатын компанияларға тұтынушыны ұстап қалу үшін қызмет сапасын жақсартып, бағаны арзандатуға күш салу керек болады. Жасыратыны жоқ, кей тағамды қарапайым халықтың қалтасы көтермейді. Әзірге бұл саладағы компаниялар қызметі елордада қымбат болып тұр. Мұны компаниялар күн райының суықтығымен түсіндіреді. Сондықтан тағамды мүмкіндігінше жылы ұстайтын рюкзактар дайындаған компаниялар да бар. Тағам жеткізу қызметінде ең тиімді көлік мопед болып тұр – курьер шаршамайды, жол кептелісіне ұшырамайды. Бірақ біздің жиі көретініміз – велосипед. Себебі Қазақстанда мопед жүргізу мәдениеті қалыптаспаған. Сондықтан агрегаторлар бұл саланы дамытып, қала инфрақұрылымына әсер етуді жоспарлап отыр екен.Жеделдік рекорды жаңара ма?
Жеткізумен айналысатындар қызмет көрсету сапасын арттырумен бірге жеделдік үшін де жұмыс істейді. Себебі тапсырыстың жедел орындалғанын қаламайтын тұтынушы жоқ. Әзірге тұтынушыға тапсырысты жедел жеткізу рекорды Chocofood-қа тиесілі. Компанияның тамақ жеткізу уақыты бойынша жаңа рекорды 4 минутты құрайды. Бұл компания 2019 жылы азық-түлік жеткізу нарығының 20,06% және фудтех агрегатор нарығының 37,58%-ын иеленді. Платформада 51 жаңа мекеме пайда болды. Мобильді қосымшаның жаңа дизайнын жасап, мекенжай мен мәзір жолдарында сөйлеуді тану, шолуға жауап хабарламасы, мекеме ашылғанға дейін кері санақ таймері жасалды. «Рахмет» қосымшасын төлем қабылдау арнасы ретінде қосты, нәтижесінде онлайн төлемдер 44,5% дейін өсіп, кіріс 2,3 есе өсті, сөйтіп, 2019 жылы 9 миллион доллар кіріс кірді. 2018 жылғы кіріс 3,64 миллион доллар болған еді. Chocofood алғаш жұмыс бастағанда күніне 5-6 тапсырыс алса, бүгіндері минутына сонша тапсырыс қабылдайды. Компанияның жеке айналымы 400 миллион теңгеден асады. Қызметке 200 мыңға жуық белсенді сатып алушы қосылған, олар 1 000-ға жуық серіктес мейрамханадан айына 100 мың тапсырыс орындайды. «Бүгінгі таңда әлемде тамақ жеткізу қызметі қаланың әр түкпірінен өзінің асүйін жабдықтай бастаған тенденция пайда болды. Яғни, олар тамақты өзі дайындап, клиентке бірнеше минутта жеткізеді. Себебі қаланың төменгі бөлігінде тамақ жеткізуге сұраныс бар, бірақ мейрамхана жоқ, өйткені мейрамханалар ондай аумақтан филиал ашқысы келмейді. Сондықтан біз асүйімізді сондай ауданнан ашуымыз керек», – дейді компанияның бас директоры Николай Щербак.Халық жеткізу қызметіне әлі де сене бермейді
Glovo пиар қызметінің мәлімдеуінше, 2020 жылы карантин енгізуге байланысты жеткізу қызметіне сұраныс өсті. Мысалы, Glovo-да жыл басынан карантиннің күшейтілген кезеңінде тапсырыстың үлесі 30%-дан асқан. Карантиннен кейін де тапсырыс толастамады, ай сайын 20% шегінде қалыпты өсу байқалып отыр. «Біз басқа да жеткізу қызметтері сияқты шығынға ұшырадық, өйткені тапсырыс өскен сайын шығын көлемі артты. Бірақ тұтастай алғанда, жеткізу қызметі қарқынды дами бастады деуге болады. Біз нарыққа алғаш шыққан кезде Қазақстан халқы «қандай да бір затты жеткізуді» жақсы қабылдай қоймады, уақыт өте келе бұл клиенттеріміздің өмірін едәуір жеңілдететін жаңа шындыққа айналды», – дейді. Тамаққа тапсырыс көбейген сайын курьерлер қатары да өсті. Мысалы, төтенше жағдай кезінде майдан шебінде Glovo-ның 1 500-ден астам курьері жұмыс істеген. «Glovo өкілдері халық арасында жеткізу қызметіне толық сенім қалыптаспағанын айтады. Дүкен мен дәріханаға өзі барғанды жөн көретіндер әлі де бар, бұл жаман емес. Бірақ олар жеткізу қызметі адам өмірін қаншалықты жеңілдететінін және уақыт үнемдейтінін түсінбейді. Біз түбі осыған келеміз, қазірдің өзінде отандастарымыздың қызығушылығы артып келеді, тек уақыт керек», – дейді. Wolt Қазақстан да жеткізу жүйесін жасанды интеллект көмегімен жүзеге асырып жатқан компания. Алматыда жеткізу жылдамдығы 34-35 минут, Нұр-Сұлтанда 35–40 минут. 700 курьермен күніне 6-7 мың тапсырысты орындайды. Жеткізу қызметін ұсынатын келесі агрегатор – ABR компаниясында Алматы мен Нұр-Сұлтанда жылына 3 миллион қонаққа қызмет көрсететін 30 түрлі мейрамхана бар. Chocofood-пен ынтымақтаса жұмыс істеген бұл агрегатор 2019 жылдан бері өзінің жеткізу қызметін құруға кірісті. Тамақ жеткізу қызметін Del Papa қосымшасы арқылы жүзеге асырады. Өзге агрегаторлар нарыққа жаңа технологияларды енгізіп жатқанына қарамастан, ABR олармен жұмыс істеуден бас татып отыр. Себебі пандемияға дейін агрегаторлармен ынтымақтастық Del Papa-ға нақты пайда әкелмепті. Ал карантин кезеңінде агрегатордың өзі Алматыда күніне 400-ге жуық тапсырысты орындаған. Сондықтан жеткізу қызметін өз бетінше дамытуға кіріспек.Қандай тағамға тапсырыс жоғары?
Пандемия кезінде қазақстандықтар онлайн режимде жұмыс істеді. Мұндайда үйде тамақ пісіруге, дәмханаға барып тамақтануға мүмкіндік болмады. Жеткізу қызметіне жүгінетіндер көбейді. Kursiv.kz порталының зерттеуіне сүйенсек, тапсырысты негізінен Алматы мен Нұр-Сұлтанның тұрғындары ұсынған. Мысалы, Алматыдағы ChocoFood қызметі тапсырыстың 59%, Нұр-Сұлтандағы тапсырыстың 21%-ын орындаған. Yandex.Eda 2020 жылы тапсырыс санын үш есе арттырды. Қазақстандықтар былтыр гамбургерге тапсырысты көп беріпті. Чизбургердің көлемдісін де жақсы көретіні белгілі болып отыр. Айта кетерлігі, отандастарымызға тауық етіне қарағанда, сиыр етінің котлеті бар гамбургерлер өтімді болыпты. Мысалы, Wolt жеткізу қызметіне тапсырыс бергендер арасында қолмен жейтін тағамға сұраныс жоғары болған. Егер алматылықтар асшаян, тәтті бәліш пен шағын хот-догты ұнатса, астаналықтар KFC өнімдерін таңдаған. Yandex.Eda және ChocoFood қолданушылары көбінесе фри картобын, ал Glovo клиенттері тауық тағамына тапсырыс берген. Бұдан өзге, ChocoFood қызметіндегі үшінші орынды орама (Алматы) және тауық қанаттары (Нұр-Сұлтан) бөліседі. Yandex.Eda-да пицца мен сусындарға сұраныс болған. Wolt-тың оңтүстіктегі тұтынушылары пиццаны, солтүстік тұрғындары кофені таңдаған. Glovo тұтынушылары әлем халықтары тағамы арасында асқабақ пен ет қосылған өзбек мантысына, тауық еті қосылған Қытай кеспесі және италиялық «Пепперониді» таңдаған. Бір тапсырыс үшін мегаполис тұрғындары орта есеппен 4,5 мың теңге беріп отырды. Зерттеу көрсеткендей, фастфудқа тапсырыс көп берілген. Себебі бағасы арзан. Баға демекші, Нұр-Сұлтандағы баға Алматыға қарағанда қымбаттау болыпты. Қалай десек те, тамақ жеткізу нарығындағы компаниялар арасында бәсеке қызып тұр. Тұтынушы үшін күрес жүріп жатыр. Сондықтан тұтынушының талабы мен талғамы жоғары болса, қызмет сапасы артып, баға төмендеуі мүмкін.Айдана БЕГІМ