«Қасым хан»: сценарий авторы кім болады?
«Қасым хан»: сценарий авторы кім болады?
392
оқылды

Әуелі «Қасым хан» 75 сериялы телехикая ретінде түсірілмек болған.  Смағұл Елубаевтың сценарийі де жазылып қойған.  Оны түріктің белгілі режиссері Метин Гюнайға сеніп тапсырған еді.  Алайда енді режиссер  Ақан Сатаев  Қасым хан туралы толықметражды кино түсірілетінін айтып отыр.

Әлқисса, «Қасым хан» де­мек­ші, бұған дейін де сценарийге қа­тысты дау болған. О бастағы сценарий авторы Смағұл Елу­баевтың «2017-2018 жылдары Ел­басы Н.Назарбаевтың тап­сырмасымен қазақтың ұлы ханы Қасым хан туралы материал жи­нап, 1 сериялы прокаттық көр­кем фильм сценарийін жаз­дым. Ел­­басы біз жазған сценарийді қатты ұнатып, сол кездегі министр Арыстанбек Мұхамедиұлына «Ертұғрылды» түсірген түрік ре­жиссері М. Гюнайды шақыруды тапсырды. Гюнай біз жазған сценариймен танысып шықты. Ұнатқаны да белгілі. Бізбен және министрмен кездесуінде сериал идеясы пайда болыпты. Бірақ сериалға бізді шақырмады. Сөйт­сек, сценарийді Гюнайдың өзі жа­зуға кіріскен. Қазақстан тара­пынан Б.Шекеров шақы­­рылды. Біз сөйтіп бұл жобадан тыс қал­дық. Соңында Елбасы ұнат­қан, біз жазған «Қасым хан» далада қалды» деп министрге хат жаз­ғаны да есімізде. Сол кезде «Қазақфильм» ки­ностудиясының бұрынғы пре­зиденті Арман Әсенов: «Қасым хан» сериалы әлі басталған жоқ. Алла бұйыртса, 2020 жылы ба­с­талады деген жоспар бар. «Қасым хан» сериалына бай­ланысты екі сценарий бар. Біреуін Смағұл Елубаев жазды, екіншісін Метин Гюнай дайын­даған. Қай сцена­рийдің желісі бойынша тү­сі­рілетіні нақты шешілген жоқ. Оны «Қазақ­фильм­де» көркемдік кеңес бекітетін болады. Әзірге үш серияның ғана сценарийі жаз­ылды» деген болатын. Сериалға жауапты Б.Шекеровке де сауал қойып, сонда «Қасым ханның» мән-жайын білгенбіз. Редактор «Қай сценарий бойынша түсірі­летіні режиссер келгеннен кейін анықталады. Бұл жоба әлі бас­талған жоқ. Келесі жылға қал­дырылды. Қазір дайындық жұ­мыстары жүріп жатыр. Сон­дық­тан жоба басталмай жатып бірдеңе деу қиын» деп ақталған. Одан бері бір жыл өтті. Пан­демияға байланысты көптеген жоба тоқтап қалды. Уақытша тоқ­таған жобаның қатарында «Қасым хан» сериалы да бар. Одан бері «Қазақфильмнің» де бас­шылығы ауысып, кино­студияның тізгінін Ақан Сатаев ұстаған. Сатаев киностудияға ғана емес, «Қасым хан» фильмі­нің де тізгі­ніне ие болған се­кілді. Қазақфильм «Қасым ханның» түсірілетіні белгілі болды. Бұл жолы сериал емес, толықметражды фильм тү­­сіруді жөн деп тауыпты. Алайда бұл жолғы сценарийдің жазушы Смағұл Елубаевқа еш қатысы жоқ. «Фильм түсірілетін болыпты. Қаражат консервациядан алынды дегенді естігенде қуандым. Ақан Сатаев жолы ашық тұрған ре­жиссер ғой қазір. Сол түсіретін болыпты. Бірақ менің дайын тұрған сценарийімді керек ет­педі», – дейді жазушы. Ал сце­нарийге қатысты оны әлі көр­мегенін, Сатаевтың коман­дасы жазған сценариймен таныс­қан­нан кейін ғана пікірін біл­діретінін жеткізді. Киностудияның баспасөз қыз­меті «Режиссер Ақан Сатаев бастаған шығармашылық топты 1511-1521 жылдары Қазақ хан­­дығын басқарған, аты аңызға айналған ханның тарихи бейнесін жаңғыртуда көп жұмыс күтіп тұр», – дейді. Әрине, Қасым ханның тарихи бейнесін жасау оңай шаруа емес. Сценарийге де жауапкершілікпен қарағаны дұрыс. Сценарий де­мекші, Смағұл Елубаевтың жаз­ғаны өтпеген соң кино түсіру тобы қайта жазып бастаған се­­кілді. Осыған дейін сценаристер құра­мында Бекболат Шекеров, Назира Бақаева  (Ақан  Са­таевтың бұрынғы әйелі) және режиссер Ақан Сатаев бар екені айтылған. Тіпті, мұндай ауқымды жобаның Ақан Сатаевқа бе­рілгеніне де қарсылық біл­дір­гендер бар. Соның бірі – Ер­мек Тұрсынов. Ол Azattyq ruhy-на берген пі­кірінде: «Басқа ре­жи­с­сер табыл­мағандай, мына Ақанға қайта-қайта үлкен бюд­жеттік фильм­дерді бере беруі әді­лет­сіздік деп есептеймін. Басқа жас талантты режиссер өте көп. Мысалы, бұл киноны Айсұлтан Сейітов та­маша түсірер еді. Ол қазаққа жанашыр, білімді. Ал Ақан ре­жиссер емес, кино сала­сында жүр­­ген биз­несмен. Мен оны ре­жиссер ретінде қа­былдай ал­маймын. Ондай сце­нарий жазу үшін үлкен дайын­дық керек» де­­генді айтып отыр. Дайын сценарий бар. Оны қайта жазу не үшін қажет болды? Бұл сауалымызға Ақан Сатаев: «Бұрын ол сериал ретінде тү­сірілуі жоспарланған еді. Режис­сер­­­лікке мен келдім. Енді біз толық­метражды кино болады деп шеш­тік. Кеңесші-та­рихшыларды қо­сып, қазір киномыздың сце­нарийін жазудамыз және жалпы түсірілім мерзіміне дайындық жұ­мыстарын жан-жақты қызу жүргізудеміз» деп жауап берді. Ал министрлік: «Сценаристер қатарында тарихшылар да бар. Ұлттық тарих институтының ма­мандары кеңесшілік жасауда. Өйткені, бұл – бәрімізге ортақ жоба. Қасым хан кезіндегі та­­рих­ты көркемдік жағынан жо­ғары дең­гейде көрсететін ау­қымды жоба­­лардың бірі болады», – дейді. Сценарий әуелі көр­кемдік кеңес­тің талқысына салынады. Ал көр­кемдік кеңеске жетекші болып, Асанәлі Әшімов қайта келді. «Қа­зақфильм» кино­сту­диясының баспасөз қызметі «рес­ми құжатта о бастан Назира Ба­қаеваның аты болған жоқ. Сце­наристер құра­мында Бек­болат Шекеров пен Ақан Сатаев қана бар» дегенді айтады. Ресми ақ­парат Назира Бақаеваның сце­нарийге қатысы жоқ дейді. Ал сонда бұл ақпарат қайдан шықты? Сонымен, киноның дайындық жұмысына 2020 жылы 511 млн теңге бөлінген. Түсірілім жұмыс­тары жыл соңында, яғни жел­­­тоқ­сан айында бітеді деп жос­­­пар­ланып отыр.

Айым БЕКТҰР