Жақында сарапшылар статистикаға сүйеніп, азық-түлік шығыны бойынша Еуропа мемлекеттерінің рейтингін әзірледі. Зерттеу нәтижесіне сәйкес, Люксембург халқы отбасылық бюджетінің тек 8,4 пайызын тамаққа жаратады. Тізім соңындағы Украина халқы табысының тең жартысын, ал қазақстандықтар 47,6 пайызын аш қарынды жұбатуға арнайды екен. Сондай-ақ мамандар Еуропа тұрғындарының мәдени іс-шаралар мен демалуға қанша ақша шығындайтынын есептеген. Тізімде 18,7 пайызбен Швеция көш бастап тұр. Қазақстан халқы бұл мақсатқа отбасылық бюджетінің тек 1,8 пайызын жұмсай алатыны анықталды. Бұл нені білдіреді? Рейтинг қаншалықты сенімді? Бұған сарапшылар не дейді?
Айқын ҚОҢЫРОВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты:
– Зерттеу қорытындысына сенуге болады. Азық-түлік инфляциясы өзекті әлеуметтік проблемаға айналған. ТМД Статистика комитетінің дерегінше, былтырғы желтоқсанмен салыстырғанда Қазақстан азық-түлік тауарларының қымбаттау көрсеткіші бойынша Тәжікстан, Молдова, Өзбекстаннан басқа ТМД елдерінің барлығын басып озған.
Бір жыл бұрын азық-түліктің бірнеше түрі дәл осылай қымбаттаған еді. Сол кезде тұрақтандыру қорларында қажетті азық-түлік жеткілікті болғанымен, нарықтағы теңгерімді сақтай алмаған. Кейін осыған қатысты ақталу басталған. Биыл тамызда Үкімет әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу үшін қатаң бақылау қойғанын және бағаның өсуіне жол бермейтінін мәлімдеді. Соған қарамастан, жағдай өзгерген жоқ. Керісінше, күрделеніп кетті.
Мәселені шешуге мемлекеттік органдар жұмылып, қыруар қаржы жұмсалса да, нақты нәтиже жоқ. Себебі қымбатшылықтың алдын алу шаралары жүйесіз ұйымдастырылады. Үкімет халық көп тұтынатын тауардың бағасы қалай қалыптасып жатқанын терең талдамайды. Өндірушілердің тасымалға, электр мен жанармайға жұмсайтын шығындарын және басқа да факторларды назарға алмайды. Ауылда шөптің тоннасы 25-30 мың теңге, ал жемнің бағасы экспортқа шығарылатын бидайдан қымбат. Оның құны – 70 мың теңге. Себебі жайылым мен шабындық жер – ірі бидай компанияларының меншігінде.
Әкімдік пен мемлекеттік органдар арасындағы азық-түлік бағасын тұрақтандыру жүйесі жұмыс істемейді. Жекелеген лауазымды тұлғаларды жазалау тұтынушылардың жағдайын жақсартып жатқан жоқ.
Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов 18 қарашада өткен Үкімет сағатында мәлімдегендей, әкімдіктер өңірлерде не өндірілетінін және өнім қайдан жеткізілетінін білмейді.
Үкімет азық-түлік бағасын мониторинг жүргізу арқылы ғана бақылап отыр. Қазіргі кезде бұл жеткіліксіз. Азық-түлікпен қамтамасыз етудің әр сатысында бағаның қалай құбылып жатқаны және ауыл шаруашылығы саласы өкілдеріне субсидия беру ашық болуға тиіс.
Отандық нарық импорт және экспорт бағасындағы тұрақсыздыққа тәуелді. Сол себепті баға теңгерімінде жүйелі жұмыс жоқ. Осының кесірінен кез келген өнімнің тапшылығын болжап, бағаның құбылуына байланысты алдын ала шаралар қабылдау мүмкін болмай отыр.
Бауыржан ЫСҚАҚОВ,
қаржыгер:
– Негізі бұл дерек шындыққа жанасады. Бізде орташа жалақы өсіп жатқаны белгілі. Бірақ ең басты мәселе – инфляция. Яғни, жалақы көтерілсе, әлеуметтік жәрдемақылар берілсе, тұрмысқа қажетті азық-түлік бағасы автоматты түрде шарықтап кетеді. Кейде негізсіз қымбаттайды. Өйткені азық-түлік қымбаттауы үшін ең бірінші жанармай бағасы жоғарылауы керек. Бірақ жанармай құны сол тұрақты қалпында тұр. Бұл экономикадағы қызмет көрсету секторында алыпсатарлықтың үлесі мол екенін көрсетеді. Біз азық-түліктің бірнеше түрін делдалдар арқылы аламыз. Мәселенің ушыққаны сонша, ауылдағы фермерлер делдалдарға қарағанда 3-4 есе аз табыс тауып отыр. Бұл – бірінші фактор.
Екінші фактор: өндірушілер Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент сияқты ірі қалалардың маңайына шоғырланбаған. Мысалы, елордаға көкөніс қайдан әкелініп жатыр? Оңтүстік Қазақстаннан немесе Қырғыз Республикасы мен Өзбекстаннан келіп жатыр. Яғни, біз әлі де импортқа тәуелдіміз. Өзімізде стандартқа сай жылыжайлар жоқ. Мәселен, Нұр-Сұлтанның миллион халқын қамтамасыз ету үшін бізде 25-27 жылыжай болуға тиіс. Сол кезде транспорт шығыны азаяды. Тауарды өндірушіден тікелей сатып алар едік.
Үшінші фактор: жергілікті билік органдары саудагерлерге нақты талап қоя алмайды. Әрине, бізде кәсіпкерлікті қорғау туралы заң бар. Алайда мониторинг жасалғаны дұрыс. Мысалы, бүгін, 20 желтоқсандағы баға мынадай, бір айдан кейін ол қаншалықты өзгерді – барлығы объективті түрде саралануы қажет. Содан кейін 15-20 пайыз өсетін болса, оған қандай себеп әсер еткенін анықтап, егер нақты себебі болмаса, әкімшілік шара қолдануы керек. Мониторинг халыққа жария түрде жүргізілсін. Кезінде Руслан Дәленов Ұлттық экономика министрі қызметіне тағайындалған бетте орталық базарларды аралаған. Кәдімгідей талдау жасаған. «Жұмыс тобын құрамыз, арнайы сайт ашамыз, әлеуметтік желіде арнайы чаттар ұйымдастырамыз. Егер тауар негізсіз қымбаттаса, бәрі де халықтың көз алдында болады» деп уәдені үйіп-төккен. Өкінішке қарай, ол біркүндік науқан болды да, жалғасын таппай қалды.
Қазір халықтың жартысынан көбі өлместің күнін көріп жүр. Айлығы шайлығынан аспайды. Бұл несиенің көбеюіне әкеп соғады. Өйткені жалақысының көбін тамаққа жұмсаған адамның тұрмыстық техника алуға ақшасы жетпейді. Содан барып қарызға батады. Оны төлей алмайды да, аяғында әлеуметтік проблема туындайды.
Серік БЕЙСЕНБАЕВ,
әлеуметтанушы:
– Расында да, соңғы бірнеше жылда халықтың күнделікті азық-түлікке жұмсайтын шығынының үлесі артып келе жатыр. Мысалы, 2007-2008 жылдары отбасының орташа табыстың 40 пайызын тамаққа жұмсаса, соңғы мәлімет бойынша бұл көрсеткіш 50 пайыздан асқан. Себебі неде? Біріншіден, кейінгі жылдары ет қымбаттаған. Сәйкесінше басқа шығындар азайған. Бұл – біздегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың бірден-бір айқын көрінісі. Теңге құнсызданған соң елдегі азық-түліктің бағасы өте жылдам қарқынмен өсуде. Украина мен Қырғыз Республикасы халқы да табысының жартысын тамаққа жаратады. Яғни, бұл – кедей елдерге тән құбылыс. Мысалы, бұл көрсеткіш Ресейдің өзінде 30-35 пайыздың ар жақ, бер жағында. Ал дамыған мемлекетте мүлде төмен.
Бұл мәселе адами капиталдың сапасына тікелей әсер етеді. Тұрғындардың өз-өзін дамытуға, денсаулығына, рухани жетілуіне, білім алуына мүмкіндігі шектеледі. Соның кесірінен ұлттың сауаты нашарлайды, өмір сүру ұзақтығы қысқарады. Осы бағытпен кете берсек, азық-түлік шығындары әлі де арта түседі. Дәл осындай жағдай бізде 2000 жылдардың басында байқалған. Қайтадан сол кезеңге оралып келе жатқандаймыз.
Дайындаған
Еркебұлан БАҒДАТҰЛЫ