Праймериз жан-жақты танытуға септігін тигізді
Праймериз жан-жақты танытуға септігін тигізді
224
оқылды

Қызылордада сайлау нәтижесін қолдау мақ­сатында облыстық «Jas Otan» Жастар қанатының ұйым­дастыруымен облыс­тық мәслихат депутатымен кездесу өтті.

«Jas Otan Cases» деп аталып, TED – форматында өткен шараға «Сыр үміті» жастар сыйлығының иегері, кәсіпкер, Қызылорда облыстық мәсли­xатының депутаты Нұрболат Ибраев қатысты. Облыстық мәслихаттың VII шақырылымына «Nur Otan» партиясы атынан депутат болып сайланған халық қалаулысы ең алдымен биылғы сайлаудың ерекшелігіне тоқталып, сай­лауал­ды үгіт-насихат кезінде жүргізген жұмыстарын, ондағы қызық оқиғаларын әңгімеледі. Жастарға кәсіпкерлікке қатысты мотивация беретін Case-термен бөлісті. – Бұған дейін қалалық мәс­лихаттың VI шақырылымында депутат болдым. Ол кезде әр үміт­­­кер сайлаушылардың өзіне дауысын жинау үшін жұмыс істеді. Арнайы сайлауалды бағ­дарлама әзірлеп, халық алдында сол бағдарламамызды қалай жү­зеге асыратынымызды көр­сетуге тырыстық. Өздеріңіз бі­лесіздер, биылғы сайлау пар­тиялық тізім арқылы жүргізілді. Мен «Nur Otan» партиясының прай­мери­зіне қатысып, өзге­лермен сынға түстім. Ашық, ІІІ кезеңде ұйым­дастырылған прай­меризде пар­тияласта­рым­ның қолдауымен алғашқы­лар­дың бірі болып дауыс жинадым. Елімізде алғаш рет жалпы рес­публикалық деңгейде ұйымдас­тырылған бұл праймериз маған өзімді жан-жақты көрсетуге септігін тигізді. Соның нәти­жесінде партиялық тізімге ілігіп, партиялар арасын­да ұйым­дастырылған саяси до­дада халқымыздың «Nur Otan» партиясына деген сенімі аясын­да мәслихаттардан ең көп ман­дат­қа біздің партиямыз ие бол­ды. Бүгінгі менің жеңісім, ха­лықтың партияға деген сенімі деп айтар едім, – деді Нұрболат Ибраев. Кездесуде жастар кеш қона­ғына өздерін қызықтырған мә­се­лелеріне қатысты сұрақта­рын қойды. Мәселен, «бұған дейінгі депуаттық қызметте берген уәде­леріңізді қанша пайызға орын­дадыңыз?», «депутат болу сіз үшін мақтаныш па, мансап па?» деген сауалдарға Нұболат кідірместен жауап берді. – Депутат болу – бұл мақ­таныш, мансап, атақ емес, ке­рісінше өзіңе үлкен жауап­кер­шілік жүктеу. Себебі бізді халық өзі таңдады. Халық – құдайдың бір аты демей ме? Демек, сайлау­шылардың алдындағы уәдені орындау үшін біз аянбай еңбек етуіміз керек. Бұған дейінгі уәде­лерімді мен 60 пайызға орын­дадым деп есептеймін. Оның шын бағасын сайлау­шылар, халық өзі береді, – деді халық қалаулысы. Жасынан еңбекке құштар болып өскен кейіпкер бүгінде кәсібінің нәсібін көріп отыр. Ол жастарға мемлекет, партия тара­пынан кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған нақты шаралар ту­ралы айтып, бизнеспен айна­лысуға кеңес берді.

 Әбілмансұр ЖАСАН