Парламентке өту межесі
Парламентке өту межесі
244
оқылды

Өткен сайлауда кейбір пар­тиялардың Мәжіліс пен мәслихаттарға өтуіне сәл ғана дауыс жетпей қалды. Осы орайда, Қасым-Жомарт Тоқаев ендігі жерде саяси күштердің Парламентке кіру шегін 7 пайыздан 5 пайызға түсіруді ұсынды. Біреулер мұ­ны демо­кратиялық жаң­ғыру­дың жалғасы деп баға­ласа, тағы бір белсенділер сырттай сылап-сипау ғана деп сы­­найды. Билік бұл өз­герісті неге сайлаудан кейін емес, сайлауға дейін енгіз­беген?

Қазіргі заңда саяси партия Пар­­­ламентке өтуі үшін кемінде 7 пайыз дауыс жинауға міндетті. Кейбір белсенділер бұл межені 3 пайызға түсіру керек дейді. Мем­лекет бас­­шысы Мәжілістің 1-сес­­­сиясында сөйлеген сөзінде Пар­ламенттен орын бұйырмаған пар­тиялардың құрамындағы білімді, білікті аза­­­­маттардың әлеуе­тін пай­далану қа­жет деген ойын ортаға тастады. «Осындай партиялардың өкіл­дері Парламентке өтсе, ондағы пікірталасты қыздыра түсер еді, ор­­­тақ жұмысқа тиімді болар еді. Олар заң шығару жұмысының са­­пасын арттыруға да сүбелі үлес қо­­­сары анық. Сондықтан саяси пар­­­­тиялардың Мәжіліске өту шегін 7-ден 5 пайызға төмендетуіміз ке­­рек. Аталған норма заң жүзінде тіркелген партияларды алдағы сай­­лауларға қатысуға ынталан­ды­рады. Сондай-ақ елдегі саяси бәсе­­­­кенің дамуына септігін тигі­зеді», – деді Тоқаев. Президенттің айтуынша, мұн­дай бастама халықтың пікірін не­ғұрлым көбірек қамтуға көмек­те­­седі. Рас, Парламентке өту ме­жесін төмендетсе, мыңдаған адам­ның та­лап-тілегі желге ұшпай, билік тарапынан ескерілер еді. Мысалы, «Ауыл» партиясы 5,29 пайыз дауыс жинады. Ресми дерек бойынша, сайлауға 12 млн-ға жуық адам қа­тысты деп есептеп, оны санға ай­нал­дырсақ, «Ауылды» 600 мыңдай адам қолдағанын байқаймыз. Яғни, 600 мыңдай сайлаушының дауысы далаға кеткен. Парламентке өту шегі тым жо­ғары болса, заң шығарушы және атқарушы билікті бір-екі саяси топ монополиялап алуы ықтимал деген қауіп бар. Әрине, белгілі бір меже экстремистік ұйымдарға, әуесқой, жеңіл-желпі партияларға тосқауыл қояды. Ал жалпыұлттық деңгейдегі партияларға ондай кедергіні еңсеру қиын емес. Философия, саясаттану және дінтану институтының бас ғылыми қызметкері Серік Нұр­мұратовтың пайымы да осы ау­қымнан ауа жайылмайды. – Елімізде саяси процесс кейінгі кезде пәрменді жүріп жатқан сияқты. Себебі қоғамда белсен­ді­лердің қарқыны қатты. Әйелдер мен жастарға 30 пайыздық квота бел­­­гіленді. Президенттің 5 пайыз­дық ұсынысын қолдаймын. Бер­тінге дейін «Nur Otan», ҚХП, «Ақ жол» партиялары ғана Парламентке өз өкілдерін сайлап келді. Осыны өз­гертудің тетігін тауып, жаңа пар­тияларға мүмкіндік беру керек. Бірақ Американың тәжірибесіне қарасақ, саяси әлеуеттің дені негізінен екі-ақ партияның қолына шоғырланған. Керісінше, кейбір мемлекетте партия өте көп. Сырт көзге демократия сияқты көрін­генімен, бір-бірімен мүддесі сәй­кеспейтін топтардың текеті­рескені де жақсы емес, – дейді сарапшы. Жалпы, пропорционалды сай­лау жүйесін қолданатын елдердің барлығы дерлік парламентке өту шегін бекіткен. Мысалы, бұл меже Дания мен Израильде – 2 пайыз, Шри-Ланкада – 2,5 пайыз, Аргентина, Испания, Хорватия, Грекия, Румынияда – 3 пайыз, Словенияда – 3,4 пайыз, Австрия, Албания, Болгария, Венгрия, Италия, Швеция, Латвияда – 4 пайыз, Әзербайжан, Армения, Литва, Эстония, Словакия, Польша, Чехия, Ресейде – 5 пайыз, Молдовада – 7 пайыз, Египет, Лихтенштейн, Португалияда – 8 пайыз, Түркияда – 10 пайыз. Парламент Пайыздық шекті әр мемлекет ішкі-сыртқы саясатына қарай өзі анықтайды. Мәселен, Түркияның билік партиясы 2002 жылғы сайлау қарсаңында күрдтер партиясын парламентке жолатпау үшін 10  пайыздық межені енгізді. Еуропа кеңесінің парламенттік ассамб­леясы бұл шешімді сынағанымен, түріктер оған пысқырған жоқ. Былтыр 5-6 қазанда өткен на­­разылықтан кейін Қырғыз Рес­­пуб­ликасы парламентке өту ше­гін 7 пайыздан 3 пайызға дейін бір-ақ түсірді. Қысқасы, пропорционалды сайлау жүйесі бар 27 елдің 17-сі парламентке өту шегін 3-5 шама­сынан асырмаған. Сарап­­шылар 5 пайыздық межені оңтайлы санайды. Өйткені ол бір жағынан саяси тұ­рақтылықты сақтауға жағдай жа­сайды, екінші жағынан сайлау­шылар таңдауын мейлінше толық ескеруге септеседі. – Қасым-Жомарт Кемелұлы Парламентке тікелей қаратып айт­ты ғой. Меніңше, алдағы уақытта арнайы заң қабылданатын тәрізді. Саяси реформалар жүргізу кезең-кезеңімен жүзеге асып жатыр. Пре­зидентіміз билік басына кел­генде «бірінші экономика, содан кейін саясат деген болмайды, екеуін қатар алып жүруіміз керек» деп Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құрды. Сайлау туралы, партиялар туралы, бейбіт жиындар туралы бірқатар заңдар өзгерді. Өздеріңіз білесіздер, бізде бір сайлаудан екінші сайлауға дейін «демалып», сайлау науқа­нында ғана «тірілетін» партиялар бар. Мемлекет басшысы соңғы сайлаудан ой түйді. «Ал­дымен сай­лауды өткізіп алайық, содан кейін ұсынамыз» деген бақай есеп емес, «Ауыл» партиясының көрсет­кішін көріп, осындай ұсы­ныс айт­ты. Шешім бірден қабыл­дана салмайды. Пікірлер жан-жақты сараланады, – дейді саясат­танушы Нұрлан Сейдін. Иә, бұл – талқылауға татитын тақырып. Пайыздық межені ешкім еріккеннен ойлап таппаған. Еш пай­дасы болмаса, демократиялық қоғамдар да оны қолданбас еді. Пайыздық межеге байланысты сая­си партиялар өзара бірігіп, ірі коа­ли­­циялар құрады. Сайлаушылар да өз дауысын бағалап, парламентке өтетін партия мен өтпейтін партия­ны ажыратып үйренеді. Алтыбақан, алауыз ұсақ партиялар парламентте дау-дамай туғызып, заң шығару процесін босқа тежеуі мүмкін. 2007 жылы 18 тамызда өткен Мә­жіліс сайлауында халықаралық байқаушылар пайыздық шекті тым жоғары деп Қазақстанға ескерту жасаған. Алайда біздің билік оған құлақ аспай, 13 жылдан кейін ғана осы мәселеге оралып отыр. Оның өзінде де сайлауға дейін емес, сай­лаудан кейін. Неге? – Сайлауға дейін айтылуы керек еді. Бірақ Президентке бұл идея кешірек ұсынылған сияқты. Мем­лекет басшысы жалғыз жұмыс іс­темейді ғой. Кеңесшілері бар, кө­мекшілері бар, командасы бар. Шек­ті межені ертерек төмен­дет­кенде сайлау өзгеше сипатта өтер еді. Тіпті, 3 пайыз қылсақ та артық болмайды. Сайлауға қатысатын өз азаматтарымыз ғой. Неге оларға сенімсіздік білдіреміз? Сай­лау­­шылар да сауатты. Халық өз бола­шағын өзі анықтауы керек. Әрі-беріден соң 3 пайыз жинаған пар­тияның бағыты дұрыс па әлде 20 пайыз жинаған партияның бағыты дұрыс па, оны өмір көрсетеді. Бұл процесс әрі қарай тереңдетілетін шы­ғар, – деп топшылайды Серік Нұрмұратов. 2020 жылы Қазақстанда саяси партиялар туралы заңға өзгертулер енгізілді. Бұрын саяси партияны тіркеуге 40 мың адамның қолы та­­­­лап етілсе, енді 20 мың адамның қолы жеткілікті. Партиялардың сай­лау тізімінде әйелдер мен жас­тарға 30 пайыздық квота берілді. Әрине, қоғамда Президент рефор­маларына сенбейтіндер, күлетіндер, табалайтындар табылады. Бірақ Африканың кешегі авторитарлық режимдерінде бүгін сайлау науқаны еркін әрі бәсекелі түрде өтіп жат­қанын ескерсек, бізге де шынайы демократияның ауылы алыс емес.

еркебуланЕркебұлан НҰРЕКЕШ