Шетелдің дипмиссиясы шекеден қарай ма?
Шетелдің дипмиссиясы шекеден қарай ма?
461
оқылды

Парламент Мәжілісі депутаттары өткен аптада ант беріп, қызметіне кірісті. Ант беру кезінде абдырап қалғандар әлеуметтік желідегі әлеуметтің сынына ұшырады. Мұны мемлекеттік тілге деген немқұрайдылыққа балағандар болды. Тәуелсіздік алған 30 жылда 30  сөз үйренбеген өзге ұлт өкілдеріне  өкпе айтқандар да болды. Сырттай қарағанда, Қазақстанға қазақ тілі қажет еместей көрінеді. Себебі әлі күнге биік мінберде орыс тілі үстемдік құрып тұр. Содан болса керек, шет мемлекеттердің Қазақстандағы елшіліктерінің басым бөлігі бізбен орыс тілі арқылы сөйлеседі.   

Мемлекеттік тілімізді мойындаған үш-ақ  ел бар

Шет мемлекеттердің Қазақстандағы елшіліктерінің ресми сайтына шолу жасай келе, жоғарыдағыдай ой түюге мәжбүрміз. Өйткені, біздің елдегі үш елшілік қана мемлекеттік тілімізді мойындайды. Олар – АҚШ, Германия һәм Франция.  Әңгіменің әлхиссасын Америка елшілігінен бастауымыздың өз себебі бар.  Ресми сайтын интернеттен қазақша іздесеңіз бірден табылатын елшілік осы ғана. Өзге елдердің сайтын орыс тілінде іздеуге тура келеді. Қалай десек те, АҚШ дипломатияны жан-жақты меңгерген ел.   Бұл елдің елшілері қазақстандықтарды мерекеде қазақша құттықтап сүйкімін арттырып жүргені белгілі. Әзірге өзге мемлекеттердің елшілері қазақша сөйлепті дегенді  байқай қоймадық. Германияның Қазақстандағы елшілігінің ресми сайтының өзіндік ерекшелігі бар. Неміс, қазақ және орыс тілдерінде жүргізілетін сайтта  ым-ишара  мен «оңай тілге» де орын берілген. Бірақ соңғы екі тіл қазақ тілінде қолжетімді емес. Иә, ым-ишара мен «оңай тілді» неміс, ағылшын, француз, испан, португал, араб, орыс тілін білетіндер ғана «оқи алады». Ым-ишара тілі түсінікті, ал «оңай» тіл дегеніміз не, ол визалық құжаттарды, неміс жерінде жүріп-тұруды халыққа ұғынықты қарапайым жолмен түсіндіретін тіл. Қаптаған терминдерден тазартылған мәтін. Қазақстанның мемлекеттік тіліне мән берген келесі ел – Франция. Бұл елдің  елшілігі ресми сайтын француз, қазақ және орыс тілінде жүргізеді. Атап өтерлігі, сайтындағы үш тілге арналған батырма да сол елдердің тілінде жазылған –  «français». «қазақ тілі», «русский». Бір қарағанда, ұсақ-түйек нәрсе болып көрінер, ал сайтты ашып қалғанда көңіліңізді көтеріп-ақ тастайды.

Түбі бір туысқанның бейғамдығы

Әдетте біз Қазақстанның страгетиялық әріптесіміз дегенді айтқанды жақсы көретін Ресей мен Қытай да, түбі бір түркі жұртымыз дегенде ауыздыға сөз бермейтін Түркия Республикасының елшілігі де  ресми сайтында қазақша әу деуге жарамай тұр.  Үш мемлекет те ресми сайтын орыс және өз елінің тілінде ғана жүргізіп отыр. Бәрінен де Түркия елшілігінің қазақ  бауырларымен орыс тілі арқылы байланыс орнатқаны назарымызды аударды. Шетел дипмиссияларының көршілес елдерге ұстанымы қандай екенін білгіміз келген, сөйтсек, АҚШ-тың Өзбекстан мен Қырғыз Республикасындағы елшіліктері де сәйкесінше өзбек және қырғыз тілінде  ақпарат жариялайды екен. Ал Ресейдің Өзбекстандағы елшілігі ресми орыс тілінде  жүргізсе, Қырғыз Республикасындағы елшілігі қырғыз тілінде де материалдар жариялапты. Тәуелсіздік алған жылы бірден орыс тілін мемлекеттік тіл мәртебесінен айырып тастаған Литва, Латвия мен Эстония елдерінің елшілері  қазақстандықтармен Ресейдің мемлекеттік тілі арқылы көпір орнатып отыр...

Бәрі де сыйластықтан басталады

Қазақстандық дипломат, кезінде Сыртқы істер министрінің орынбасары болған, министрдің міндетін де атқарған Сайлау Батыршаұлының айтуынша, халықаралық нормалар бойынша кез келген екі мемлекет бір-бірімен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқанда бір-бірімен  экономикалық, сауда, мәдени, басқа да салалар бойынша байланыс жасайтыны туралы шарт жасайды. Бірақ ол жерде тілге қатысты қандай да бір талап болмайды. «Шетелдік дипмиссия ресми сайтында сол елдің мемлекеттік тілінде ақпарат орналастыру арқылы, елге деген құрметін  білдіреді. Бәрі де сыйластықтан басталады», – дейді. Оның айтуынша, егер кейбір елшіліктердің ресми сайтында қазақ тіліне орын берілмесе, ол Қазақстанды сыйламайды деген сөз емес. «Мысалы, Литва елшілігінде үш-ақ адам жұмыс істейді. Ал АҚШ елшілігіндегі АҚШ азаматтарын айтпағанда, бір топ қазақ қызмет етіп жүр. Литва қазақ тілін менсінбегеннен емес, мүмкіндігі келмегендіктен,  бізбен орысша тілдесуге мәжбүр. Әрине, этика бойынша, аудармашы ұстауына болар еді», – дейді дипломат.

Дипломат үстемдік құрған тілдегі БАҚ-ты оқиды

Біздің елдегі елшілердің мемлекеттік тілімізге қатысты көзқарасы туралы бекер сөз қозғап отырған жоқпыз. Олар  елші болып жүрген елде қай тіл үстем болса, сол тілдегі БАҚ құралын оқиды, тыңдайды, көреді. Осы тұрғыдан алсақ, шетелдік елшілер біздің елде орыс тілінде шығатын газет-журналдарды көбірек оқиды екен. «Бұл – өте өзекті мәселе. Өзім жақсы танитын елшілермен сөйлескенде,  олардың қазақ тіліндегі БАҚ-та не айтылып, не жазылып жатқанынан бейхабар екенін білдім.  Көбіне орысша басылымдарды оқиды екен. Ал Қазақстан мен қазақ ұлтының мүддесі негізінен қазақ  тіліндегі БАҚ-та көрініс табады ғой. Сондықтан осы мәселені елші достарға ескертіп жүремін», – дейді Сайлау Батыршаұлы. Бұл, түптеп келгенде, аса күрделі мәселе емес. Елшіліктің қазақша БАҚ-ты аударып  беретін маманы болса – болғаны. Бір жағынан,  мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту қазақстандықтардың өзіне де байланысты. Мемлекеттік қызметкер болсын, жеке секторда еңбек ететін адам болсын, тіпті зейнеткер мен студент болсын, мемлекеттік тілде қызмет көрсетуді талап ете білсе, өзгелер де ойланар еді.  Мысалы, Сайлау Батыршаұлы мемлекеттік тілді құрметтейтін шенеуніктердің бірі болған. Бір мысалды өзінен естиік: «Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында АҚШ-тың Қазақстандағы алғашқы елшісі Уильям Кортни ұлттық мерекесіне шақырды. Амандық-саулықтан соң өзінің визит-картасын ұсынды. Ондағы мәтін ағылшын тілінде ғана жазылыпты. Визитканы қалтама салмадым, қолыма ұстап отыра бердім, арасында  оқып  қоямын. Соны байқаған елші: «Батыршаұлы мырза, мен сізді түсіндім, сіз  визит-карта неге қазақша  жазылмаған деп отырсыз ғой? Менде қазақша жазылғаны бар еді, таусылып қалды, ертең жаңасын шығарып, беріп жіберемін» деді. Ертеңіне емес, арғы күні қазақша визиткасын беріп жіберді», – дейді дипломат. Екінші оқиғаны біз баяндайық: Сыртқы істер министрінің орынбасары Саулай Батыршаұлы Түркияның Қазақстандағы Төтенше және  өкілетті елшісі Ташкент Кутлыш мырзамен кездесуге барады. Аман-саулықтан соң негізгі әңгімеге көшерде аудармашы керек болады. Себебі маңызды мәселе талқыланбақ. Түркия елшісі орыс келіншекті шақырып, осы кісі аударады дейді. Сол кезде Сайлау Батыршаұлы: «Кешіріңіз, мен Қазақстан азаматымын, Қазақстан Конституциясын сыйлайтын адаммын, оның үстіне сіз  туысқан елдің елшісі боласыз. Сізбен орыс тілі арқылы сөйлескеніміз ұят болады ғой», –  дейді. Елші бірден түсіністік танытып, басқа аудармашыны алдырады.   Сол кезде Сонда Түркия елшісі: «Мен осы елге келерден 6 ай бұрын Анкарада қазақ тілін оқыдым. Келген соң қазақ тілін оқытатын курсқа бардым. Ал енді министрлер мен қала басшысына барсам, бәрі орысша сөйлеседі. Сөйтіп қазақша оқуды тоқтаттым», – деген екен. Өкінішке қарай, бұл үрдіс әлі жалғасып жатыр. «Өз-өзіңді жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» дегендей,  мемлекеттік тілді өзіміз қолданбасақ,  шетелдік дипмиссия шекеден қарамағанда, қайтеді?..

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ