Павлолар облысында демалыс күндері қатаң карантин енгізіледі. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов айтты.
«Өткен аптада Павлодар облысында коронавирус инфекцияның 616 жағдайы тіркелді. Аурудың өсуі 5,8% құрап отыр. Өткен тәулікте 150 жағдай тіркелді. Байланыста болған 366 адам анықталды. Эпидемиологиялық зерттеулер жүргізіліп, жаңа ошақтар оқшауланды. Өңірдің денсаулық жүйесі штаттық режимде жұмыс істейді. Инфекциялық төсек-орын жүктемесі - 37,7 пайыз. Қазір 1 635 төсек-орын, ал резервте тағы да 2 мыңнан астам орын бар. Бүгінде реанимацияда 21 науқас жатыр. Олардың үшеуінің жағдайы ауыр. Облыс бойынша 169 мобильді бригада жұмыс істейді. Тәулігіне 2,5 мыңнан астам ПТР тестілеу жүргізіледі. Жағдай бақылауда», - деді ол.
Облыс басшысының айтуынша, өңірдің «қызыл» аймаққа кіруіне байланысты бірқатар шектеу шарасы күшейтілді. Демалыс күндері қатаң карантин енгізіледі.
"Демалыс күндері азық-түлік және азық-түлік емес жабық базарлардың, сауда ойын-сауық орталықтарының, СПА, сауна, спорт нысандарының және спорт кешендерінің, фитнес орталықтарының қызметі, қоғамдық көлік қозғалысы тоқтатылды. Қалааралық, ауданааралық автобус, шағын автобуспен жолаушыларды тасымалдау шектелді", - деді ол.
Бұған дейін елімізде коронавирустың өршуіне байланысты 4 өңірде 19 блокпост қойылғанын хабарлаған болатынбыз.