ҚР Сыртқы істер министрлігі Қытайдағы Қазақстан азаматтарының нақты санын анықтап жатыр, – деп хабарлады ҚР СІМ
«Қазіргі уақытта Қазақстан азаматтары Қытайдың ондаған қалаларында жүр. Олардың көпшілігі түрлі себептермен консулдыққа тіркелмейді. ҚР Сыртқы істер министрлігі Қазақстанның Бейжіңдегі елшілігі арқылы Қытайдың мемлекеттік органдарымен бірлесіп, ҚХР-дағы Қазақстан азаматтарының нақты санын анықтап жатыр», – делінген хабарламада.
Қазір тек Қазақстан ғана емес, әлемнің басқа елдерінің де өз азаматтарын эвакуациялау мүмкіндігін қарастырып жатыр.
«Ухан қаласына карантин енгізілуіне байланысты қоғамдық көліктер мен халықаралық автобус, теміржол және әуе қатынасы тоқтатылды. Оқиға айналасында мәселені ушықтырмауды сұраймыз. Еліміздің Үкіметі вирустың Қазақстан аумағына енуін шектеу бойынша барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр», – делінген хабарламада.
Қытайдағы Қазақстан елшілігінің ақпаратына сәйкес, 2020 жылғы 27 қаңтардағы жағдай бойынша, ҚХР аумағында анықталған коронавирустың жаңа түрінен туындаған ауру пациенттердің арасында ҚР азаматтары жоқ. «Қытайдың Денсаулық сақтау органдары да осы вирустың ҚХР-дан тыс жерлерге кеңінен таралуын болдырмау үшін тиісті шаралар қабылдауда. Қосымша қабылданатын шаралар туралы дер кезінде жариялап отырамыз. Қазіргі уақытта Үкіметте өткен кеңесте біздің азаматтарымыздың эпидемиологиялық қауіп-қатерлерді жойғанша ҚХР-ға шығуын шектеу туралы берілген ұсынымдарын қайта атап өткіміз келеді және карантин себебінен жергілікті билік тарапынан оқшауланбаған қалалардағы азаматтарға отанына оралу мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз», – дейді министрлік.
Қазақстанның Бейжіңдегі Елшілігі мен Шанхай және Гонконг қалаларындағы бас консулдықтардың ҚХР азаматтары үшін визалар беру жұмысы штаттық режимде жүргізілуде. Шектеу Қазақстан арқылы транзитпен ұшатын Қытай азаматтары үшін 72 сағаттық визасыз режимге ғана қатысты болмақ.