Ресей Олимпиададан неге шет қалды?
Ресей Олимпиададан неге шет қалды?
176
оқылды

Бүкіләлемдік допингке қарсы агенттіктің (WADA) атқарушы комитеті Ресейді 4 жылға Олимпиада ойындарынан шет­тету туралы шешім шығарды. Бұл жайт Ресейде ғана емес, әлем­дік БАҚ-та резонанс тудырды. Шеттетудің сыры неде? Фазель айтқандай, астарында саясат жасырулы ма, әлде кінәлі біреу бар ма?

Дауыл алдындағы тыныш­тық 25 қараша күні болды. WADA Ресейді 4 жылға ха­лықа­ралық жарыстарға қа­ты­су құқығынан айыруға кеңес берді. Артынша 9 жел­­тоқсан күні түбегейлі ше­шім қабылдады. Ұйымның ұйға­руын­ша, Ресей Олимпиада ойындарына, халықаралық спорт жарыстарына қатыс­пайды. WADA-ның бұл ше­шімі 21 күннен соң түбегейлі күшіне енеді. Әрине, Ресей тарапы шағымданса, Спорт­тық арбитраждық сот апел­ля­­цияны қараған соң ғана іске асады. Осы жерде сұ­рақ туындайды. Ресей спорт­шылары 2020 жылғы жазғы Олимпиада ойындарына қа­­­ты­са ала ма? Қатысады. Ол үшін спортшылар Токио Олим­­пиадасы мен 2022 жылғы Бейжің қысқы Олимпиадасына бейтарап статусында баруы керек. Яғни, аталған жарыста ресейлік спортшы жеңіске жетсе, Ресей әнұраны ойна­май­ды, туы көтерілмейді.

 

Шектеудің себебі не?

Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік Мәскеу зерт­ха­насының допинг сынамасы деректерін бұрмалағанын мәлімдеді. Олар 298 ресей­лік спортшының 145-і халықа­ра­лық жарыстарда тыйым са­лынған дәрі-дәрмекті қол­дан­ғанын, сынама нәтижесі «көз байлағанын» анықтады. Сондай-ақ WADA 2 мыңға жуық допинг сынамаларын қай­та тексеріп, 15 жаңа допинг ісін ашты. Әлі тексеріс толық аяқталмады. Соңына қарай нәтиже еселенуі мүмкін.

Әлемдік БАҚ бір істің шеті шығарын алдын ала сезгендей. Өйткені осындай санаттағы жаңалықтар ауық-ауық шығып тұрды. Азаттық радиосы Frankfurter Allgemeine-дің WADA күдігі туралы, ARD телеарнасының мәскеулік зертхана соңғы бір жарым жыл бойғы нәтижені бұрмалағаны жайында «сезіктенгенін» жаз­ды. Тіпті, The Telegraph жоға­­ры­дағы күмән расталса не боларын тізіп көрсетті. Ре­сей спортшыларының 2020 жылы Токио Олимпиадасынан шеттетілетінін айтып, дабыл қақты. Бұл аз десе, даниялық Sports Press басылымы WADA-ның Ресейге зертханадағы до­­пинг сынамасы бұрмалан­ғаны жайлы тұспалдың түйінін тарқатуға үш апта уақыт беріп­ті.

Бұдан бұрын WADA 2015 жы­лы Ресейді допинг ереже­ле­рін бұзды деп айыпта­ған еді.

 

Ресей не жоғалтады?

WADA шектеуі тек әлемдік деңгейдегі турнирге ғана қа­тыс­ты. Ресей құрлықтық және аймақтық жарыстарға қа­тысуы мүмкін. Бұл Ресей­дің 2020 жыл­ғы Еуропа чем­пио­натының төрт матчын Санкт-Петерборда өт­кізетінін білдіреді. 2021 жыл­ғы Чем­пион­дар лигасы фи­­налы да Санкт-Петерборда өтеді. Сонымен қатар Ресей 2020 жылы ауыр атлетикадан және жартасқа өрмелеуден Еуропа чемпионатын өткізе алады.

Алайда таяқтың екі ұшы бары белгілі. Ресей шектеу сал­­­дарынан оннан астам ірі тур­­нирді өткізуден бас тарту­ға мәжбүр. Соның ішінде 2021 жылы өтетін жағажай фут­бо­лына, 2022 жылы ерлер ара­сындағы волейболға, 2023 жылы хоккейден әлем чем­­пионатына «қош» дей­ді. 2023 жылғы жазғы Уни­­вер­сиада ойындары да Ресей­дің қатысуынсыз өтуі мүмкін.


Бірақ WADA Ресей спортшыларының жарысқа Пхенчхандағыдай қатысуына түбегейлі қарсы. Өйткені Оңтүстік Кореядағы бәсекеге Ресей құрамасын «Ресей Олимпиадалық атлеттері» деп атауға рұқсат берді. Бірақ «Ресей» сөзі жазылған әріптің мөлшеріне дейін қандай пішін болуы керек екенін ХОК анықтады. Енді бұл шара екі есе күшеюі мүмкін. Себебі WADA Ресей атауын мүлде қолданбауды жөн көріп отыр. 


Бірақ нақты тізім әлі жа­рия­ланбады. Сондықтан «м­ы­нау бар, мынау жоқ» деп ке­сіп айтуға әлі ерте. Мы­салы, РИА Новостидің хабар­лауынша, Халықаралық хок­­кей федера­циясының бас­­шысы Рене Фазель хок­­­кейден әлем чемпио­на­ты­ның жалауы Ресейде жел­бі­рейтінінен үмітті. Тіпті, шектеуге қарамастан шешімге қарсы шығуға бар. Ол WADA шектеуінің мәнін саясаттан іздейді. Фазель ойыншының ертеңіне, спорттың болаша­ғына балта шабудың қажеті жоғын алға тартады. Білікті басшының ойынша, «бір құмалақтың бір қарын майды шірітуіне» жол бермеу қажет.


Бір айналдырса, шыр айналдырады

Ресей спортшылары Ток­ио­­да өтетін жазғы Олим­пиа­даға бейтарап түрде қаты­са алады. Бұл ел мұндай тәжі­ри­бені бұ­рын да байқап көрген. WADA Ресейді 2018 жылы Оңтүстік Ко­рея­да өткен Пхенчхан қыс­қы Олимпиадасына қатысу құқы­нан айырды. Бірақ ХОК Ресей­дің 170 атлетіне тәуелсіз спортшы «мәртебесін» беріп, жарысқа қосты. Сарапшылар Токио Олимпиадасында да осындай жайт қайталануы мүм­кін екенін айтады.

Ал WADA сәйкестік жө­нін­дегі комитет басшысы Джо­на­тан Тэйлор халықаралық жа­рыс­тарға жіберу кезінде әрбір спортшының ісі жеке қаралатынын алға тартты. Спорт­тың жекелей түрі ме, әл­де, командалық ойын ба, әр­бір спортшының жеке-жеке рұқ­сат алатынын еске салды. Атал­ған комитеттің жағдайды бақы­лағанымен, нақты ше­шім қабылдай алмайтынын атап өтті. Соңғы сөзді CAS айтып, шешім шығаратынын мә­лім­деді.

 



Ел президенті ойын білдірді

Жоғарыда WADA шешімі 21 күннен кейін күшіне ене­ті­нін жаздық. Оған дейін Ре­сей тарапы апелляциялық ша­­ғым түсіре алады. Соңғы мә­ліметтер РУСАДА-ның ша­ғым түсіруге сақадай-сай еке­нін көрсетеді. Не болса да, олар 2019 жылдың 30 жел­тоқсанына дейін CAS-қа та­лап қоюы тиіс. WADA-ның шек­теуіне қатысты ел пре­зи­денті де өз ойын білдірді. Пу­тин спортшыларының «та­за» екенін, әйтсе де, бар­лық құрам «жапа шеккелі» отыр­ғанын мәлімдеді.

Ресей президенті баспасөз мәслихатында шешімнің әділетсіз екенін, допингке қатысты шешімнің өткен Олимпиадада орындалғанын айтты. Спортшыларының Пченчханда бейтарап тумен өнер көрсеткенін алға тарт­ты. Енді тағы да сол үшін жа­­­заланып отырғанын қос­ты. Мұндай әрекет әлем­нің еш­бір құқықтық жүйесінде болмағанын атап өтті. Сон­дай-ақ заң бұзған адам ғана жазалану керегін, WADA ше­шімі Олимпиада хар­тия­сына қайшы келетінін айтты.

Сонымен бірге Путин WADA шешімі әлемдік спорт­қа кері әсерін тигізетінін тізді. Мәнерлеп сырғанау спор­тынан мысал келтірді. Ел­­дің спортшы қыздары күр­делі элементтерді орын­дай­ты­нын, мұның допингке қа­ты­сы жоғын жеткізді.

Ресей президенті шағым айтып, спортшы қамын ой­лап шырылдағанымен, WADA міз бақпай отыр. Тек жаза­ны қысқарту үшін қоятын ар­найы талабы бар. Егер Ресей WADA-мен «достасып», талдау жүргізу және тағы басқасында ұйымға сенім артатын болса, арадағы мұз «ериді». Алайда ресейліктердің РУСАДА-ға «қалтқысыз» сенетіні, өзге де шетелдік допингке қар­сы ұйым­дармен тығыз қа­рым-қатынаста екені белгілі. Демек, WA­DA­ талабы орын­­­­­­­дал­­май, ал­да­­­ғы 4 жыл­да бай­­рақ­­ты бәсекеде Ресей ән­­ұранын есті­­мейміз. Ара­­дағы «қыр­­ғиқабақ» қатынас түзел­мей, еш­кім­нің ісі алға баспасы анық.


Айзат АЙДАРҚЫЗЫ