Ақтөбе облысы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, өңірде 9 мыңнан астам рейд жүргізіліп, 177 миллион теңгеден астам айыппұл салынды.
Мәлімет бойынша, аймақта «Жайсаң» және «Әлімбет» санитарлық көлік бекеттері, әуеқатынасы арқылы 65 мыңнан астам адам келіп, оның 6 мыңға жуығында ПТР-тест нәтижесі болмаған. Соның ішінде 47 адамнан коронавирус анықталды. Облыс әкімдігінің хабарлауынша, 47 бақылау тобы 9 мыңнан астам рейд жүргізіп, 177,6 млн теңгеге айыппұл салған. «Біздің облыс «жасыл аймақта» тұр. Бірақ көрші облыстар мен Ресей Федерациясындағы жағдай бізге қауіпті. Әрі өңір арқылы «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі өтіп жатыр. COVID-19 қаупі әлі сейілген жоқ, сондықтан арқаны кеңге салуға болмайды. Коронавирус инфекциясына қарсы екпеге қатысты ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет. Бірінші кезеңде біздің облыста медициналық қызметкерлерді, мұғалімдерді, күштік құрылым қызметкерлерін қосқанда тұрғындардың ауруға тез шалдығатын тобын, яғни 150 мың адамды қамту жоспарланып отыр. Бақылау топтары өз жұмысын жалғастыруы керек»,– деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин.Айбике ЖАНАСЫЛ