«Арақ – атамыздан қалған ас емес» деген ұранмен бүгінде ауылдарда ішімдікке қарсы үгіт-насихат жүргізіліп жатыр. Кейбір елді мекенде дастарқанға арақ-шарап қойылмайды және дүкендерде сатуға тыйым салынған.
Әрине, кеңес дәуірінде әр той арақсыз өтпейтін, артынан төбелес те болып жататын. Қылмыс та көбінесе осы ішімдіктің буымен жасалатын. Қазір де ащы су дастарқанға қойылғанмен, бұрынғыдай емес, мүлде жоғалып кетпесе де, азайды. Ол – рас!
Осы арақты қойдыру мақсатында жұмыстар жүргізіп, басқаларға үлгі болар ауыл көптеп шыға бастады. Сонын бірі Түркістан облысы Жетісай ауданының Мақталы ауылдық округіне қарасты Алмалы елді мекенінде алкогольді сусын сатуға тыйым салынған. Ауыл ақсақалдарының бастамасын елді мекендегі бүкіл жұртшылық қолдап, ішімдікпен бірлесіп күресуге кіріскен. Алмалы ауылында 160 үй, 1 190 адам тұрады. Елеусін Жастаев, Алмалы ауылының биі:
– Ішкіліктен не пайда? Еліміз ішімдік атаулыдан ада болса, таза болсақ, ұрлық, төбелес, ажырасу болмайды, көлік апаттары азаяры анық, – дейді.
Бұл ақпарат тарамай тұрып ақпарат айдынында Түркістан облысы Ордабасы ауданына қарасты Жусансай ауылының дүкендерінде арақ пен темекі мүлдем сатылмайды екен деп хабарланды. 120 шаңырақта 1 100 тұрғыны, 3 дүкені бар шағын ауыл. Бұл – ауылда ақсақалдар алқасының жұмыс істеп тұрғанының белгісі. Яғни, жастары үлкенін тыңдайды деген сөз.
Ал Солтүстік Қазақстан облысы Теңдік елді мекенінің тұрғындарының дастарқанына арақ-шарап қойылмай келе жатқанына 16 жылдай болып қалған. Содан бері ауылда ұрлық-қарлық, қылмыс деген атымен жоқ деп айтқан болатын КТК телеарнасы. Теңдік ауылында 2003 жылы мешіт бой көтеріп, ашылу салтанатында қариялар ауылдықтарға арақты мүлде қою туралы үндеу тастаған. Орынбай ақсақал – осы ауылдағы жалғыз қажы. Қазір мұнда көшіп келген қандастарға да баспана салып беріп отыр. Өз қаражатына 150 орындық мешіт тұрғызған. Орынбай қажы Әлжанов:
– Үй саламын деп бірталай материал жинағанмын. Үйім бар, далада отырғаным жоқ қой деп ойладым. Жаңа заман келді. Жастарға рухани тәрбие беру керек. Жаңа жолға бағыттау керек. Жасымыз болса келіп қалды деп сол жас ұрпақты тәрбиелеу үшін осы мешітті салдық, – дейді.
Ащы суға қарсы шыққан өңірдің бірі – Алматы облысы Райымбек ауданы Сарыбастау ауылы. Мұндай игі бастамаға ұйытқы болған ауыл мектебі жанынан құрылған «Ұлағатты ұрпақ» қоғамдық қоры екен. Алатаудың баурайында Сарыбастаудан өзге, араққа «жоқ!» деген – Қақпақ ауылдық округі. Жастар осы жерден шыққан атақты спортшылар Ардақ пен Бейбіт Назаровты үлгі тұтып артынан ерген.
– Қазақстанның барлық ауылында арақ сатылмаса, ащы суға жоламайтын ұрпақ өссе екен деймін. Болашақта қазақ балалары ішімдік дегенді білмейтін заманның келетініне сенемін, сондықтан өз атымнан барша қазақ баласын ішімдіктен бас тарту шарасын қолдауға шақырамын, – дейді Alem fighters спорт клубының жетекшісі Ардақ Назаров.
Үндеуге қолдау білдірген Алматы облысына қарайтын Жыланды ауылының тұрғындары той-томалақта арақ пен сыраның орнына қымыз ішеді екен. Бұл дәстүр 2010 жылдан бастап жүзеге асып келе жатқандығы тағы бар. Арақ сатылмауына себепші болған бірден-бір адам – белгілі кәсіпкер, ZHERSU компаниясының иесі Бауыржан Оспанов. Ол туған ауылына бар жағдайды жасап қана қоймай, халықты арақ орнына қымыз ішуге үйреткен. Ауылдағы дүкендердің сөрелерінде ащы су атаулы мүлдем жоқ. Ішімдік былай тұрсын, темекі, тіпті харам саналатын шұжықтар да сатылмайды екен.
Ұлттық экономика министрлігі статистика комитетінің мәліметінше, Қазақстанда 2019 жылдың қаңтар-тамыз айларында 174 101 қылмыс тіркелген. Қылмыстық жауапкершілікке 23 938 адам тартылған. Орта есеппен әрбір жетінші құқық бұзушы мас күйінде және топ құрамында қылмыс жасаған. Олай болса осы санды азайтуда мүмкіндігіміз мол. Ол үшін саналы да сапалы ұрпақ өссін, қылмыс азайсын деген мақсатта ішкілікке тыйым салған ауылдар өзге елді мекендерге өнеге болса игі!
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ