Өлімге араша іздеп, басқан жерінен көрін көрген даланың дана қариясы Қорқыт та, желмаясымен Жерұйықты іздеген Асан қайғы да, кешегі күллі қазаққа жыр маржандарын шашып, Сыр сүлейлері атанған ақын-жыраулар да мына бейопа жалғаннан соңынан өшпес із қалдырып аққан жұлдыздай тылсымға еніп кете барған.
Осынау ұлы көштің жалғастырған даңқы өздерінен асып ғасырларға жалғасатын арманы асқақ, елдің еркін бүгіні мен ертеңіне қызмет еткен оғландар Сыр сағасы Шиелі өңірінен де ту көтеріп көш бастаған. Қасиетті Түркістанның азаттығы үшін жанын шүберекке түйіп, ғұмыры күреспен өткен Мұстафа Шоқай, жылағанды жырымен жұбатып, қуанғанды әнімен шалқытқан ән перісі Нартай Бекежанов, ердің бағын еңбектен іздеп, қиын-қыстау кезеңде әлемдік рекордтар жасаған диқан Ыбырай Жақаев, бақытты болашаққа бармақ болсаң, елім аман, жерім түгел болсын десең ғылымды меңгер, ғылым болғанда техникалық ғылымға көңіл бөл деп ғылымның жарық жұлдызына айналған Шахмардан Есеновтер осы киелі мекеннің тумалары еді. Біздің бүгін сөз еткелі отырған тумысынан осынау жандардың жолын қуып, қазақ рухани кеңістігінің көкжиегіне қанат қаққан Досағаң да осы өлкенің бәйгеге баптап қосқан Құлагері еді.
Досмұхамед Кішібеков осынау тізбектің ішіндегі орны ерекше ғұламалардың бірі еді.
1925 жылғы 15 желтоқсан. Шиелі стансасының маңындағы қарапайым үйде бір бала дүниеге келді. Ол осынау киелі өлкедегі барлық қасиетті өз бойына сіңіріп өсті. Сыр сүлейлерінің адуын жырлары қазақтың рухын биіктетті. 1932 жылы Досмұхамед жеті жаста еді. Ол кезде жыраулар жыры ауылдан ауылға жетіп, жылағанды жұбататын, жасығанға дем беретін. Досмұхамед сол жырларды тыңдап, аштықтың ортасында өмірдің мәнін іздеді. Сол ізденіс оны философ етті.
Ол ашаршылықтың қасіретін ешқашан ұмытпады. Бір еңбегінде ол былай деп еске алатын: «1932 жылы ауылымызға аштар келді. Қарсақпайлықпыз дейтін. Қалтыраған, киімсіз, бір тістем нан үшін жалынып тұратын. Түнде өлгендерді таңертең арбаға тиеп, ауыл сыртына апарып көметін. Бірақ олар жатпайтын, тек теңселіп жүретін. Құласа – тұрмайтын».
Осы сөздер оның жүрегінде мәңгі жара болып қалды да, сол жарадан даналық өсіп шықты. «Ашаршылық қазақты рухани дәстүрінен тайдырды, ұлттық тамырымыздан ажыратып, ділімізден жаңылдыра жаздады...» деп жазды кейін. Сол қасіреттің ішінде өскен бала кейін қазақтың рухани тамырын қайта тауып, оны әлемдік деңгейге көтерді.
Шыққан биігі, қол жеткізген дәрежесі, алған атағынан бұрын қай өмір өткелдері болмасын бірқалыпты, төзімі мен қанағаты мол, жасандылыққа жаны қарсы, ұлтына қызмет етуді азаматтық борышы санайтын, ғұмырының мән-мағынасына қоғамның даму заңдылықтары тұрғысынан қарайтын кемеңгер де кемел жан еді – Досмұхамед Кішібеков.
Ол бүкіл адамзат даналығының қайнар көзі саналатын философия ғылымының бастауынан қанып ішкені соншалық, оның құрамындағы өз халқының даналық інжу-маржанын мүлтіксіз танып-ажырататын деңгейге жетті. Осынау қазынаны жалықпай күн демей, түн демей таным таразысына салып, талқылаудың сан алуан сүзгісінен өткізіп, көңілдің көрігінде отқа қарып, шынайы асылды, бағасы жоқ інжу-маржанды тере білді.
Әр әрібі алуан түрлі астармен құлпыратын осынау қазына хатталып, хатқа түсті, ұзын ырғасы 900-дей ғылыми-зерттеу мақаласын, 72 толық мәнді іргелі зерттеулерден тұратын кітапты құрады.
Осынау еңбектің қай-қайсысын алсаң да таңды таңға ұластырып талдауға тұрарлық еңбектер. Әрқайсысының қилы тағдыры туралы да тоқтаусыз сөз өрбітуге болады. Мәселен, Досмұхамед Кішібекұлының сонау 1973 жылы жарық көрген «Өтпелі қоғамдық қатынастар» монографиясын көпшілік қауым тоталитарлық жүйеден демократиялық қоғам құруға талпынып жатқан бүгінгі таңда ғана маңызды еңбек екенін түсініп жатыр.
Ал ғұламаның 1984 жылы жазылған «Көшпенділер қоғамы» атты монографиясы кер заманның қыспағында жарық көрмей, шаң басып жатуға мәжбүр болды. Кеңестік жүйе түсінігі бойынша көшпенділер әлемінде өркениет түбегейлі болмаған, халық қараңғы түнекте өмір сүрген, тек евроцентристік Ресей арқылы бұл өлкеге өркениет келді деген ұстаным үстемдік етті.
Досағаң оған мойыған жоқ, білек сыбана еңбек етті, шындықты дәлелдеуден қайтпады, кітап цензураның қайшысымен кесіліп, қиылған қалпында оқырманға жол тартты.
Ілияс Есенберлиннің, Олжас Сүлейменовтің көркем шығармаларын осынау еңбек көшпенділер өркениетінің көрінісі ретінде ғылыми-зерттеудің өзегіне айналдырды. Нәтижеде көшпенділер әлеміне деген қызығушылық күн сайын кеңейе түсіп, әлемдік деңгейге жетті.
Десек те, мұның бәрі бір күнде жарыққа шыққан жоқ, ол ұзаққа созылған, күрес пен тартысқа толы, құрышты отқа қарып шыңдағандай төзімді, тағдырдың тектілер ғана төзе алатын сынақтарын бастан кешіре отырып, жылдардың жетегінде кеткен өмірдің бел-белестерінен өткенде ғана жеткен жетістік еді. Дей тұрсақ та, осынау ғұмырнамалық сапарға бір сәтке назар салуға шақырамыз, өйткені бұл өнегесі мен тағылым-тәрбиесі мол жол.
1950 жылы Қаныш Сәтбаевтың қолынан Мәскеуге жолдама алғанда оның қолындағы ең үлкен байлығы – Сыр бойының киелі топырағы берген сабыр еді. Мәскеуде Вавилов баспана берді, Қонаев стипендиясын өз айлығынан төледі. Сол сенімді ол жүздеген мақала, ондаған монографиямен ақтады. Ең бастысы, қазақ философиясының ғылыми жүйеге түсуінің бастауында тұрды.
1964 жылдан бастап толық 32 жыл, Қазақ политехникалық (қазіргі Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ) институтының философия кафедрасын басқарды. Политехтің «Үш ноян мен бір ұлан» атанған төртеуі – Ахмет Ержанов, Мүштай Батырбеков, Досмұхамед Кішібеков және Ұлықпан Сыдықов республиканың түкпір-түкпіріне техникалық институттың филиалын ашуға шығатын.
Сол төртеудің бірге өткізген ең ыстық әрі ең таласты он жылы – 1980-1990 жылдар аралығындағы «Республика өмірінің өзекті мәселелері» телехабары болды. Ұлықпан Сыдықов, Ахмет Ержанов және Досмұхамед Кішібеков үшеуі қанаттас отырып, мемлекеттік тілдің болашағы, ұлттық рухтың жай-күйі, жас ұрпақтың тәрбиесі туралы қызу таласатын. Кейде бір-бірімен келіспей, кейде бір ауыздан шыққандай сөйлейтін. Ел сол хабарды тағатсыздана күтіп отыратын. Өйткені ол жерде сөз тек айтылмай, жүрекке жететін. Досмұхамед әр сөзін «бұл – қазақтың болашағы» деп бастайтын. Ол он жылдың ішінде қазақтың тілі мен рухының ең ыстық қорғаушысына айналды.
1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезінде «Қазақ халқының ұлтшылдығы» деген теріс пиғылды қаралау одақ көлемінде кеңінен айтылып, қазақ халқын біржола тұқыртып тастауға бет алғанда, әділетсіздікке төзбей, қасқая қарсы шыққан батырымыз да осы Досмұхамед Кішібекұлы болды.
КСРО КП ОК Саяси бюросының мүшесі М.Соломенцев 1987 жылы қазақ зиялыларын «ұлтшыл» деп айыптағанда, залда жалғыз Досмұхамед Кішібекұлы тұрып: «Қазақтың табиғатында ұлтшылдық ешқашан болмаған әрі болмайды да. Біздің тарихымыз – көш, көштің заңы – қонақжайлық, төзімділік, кеңдік», – деді. Сол жиналыста ол қазақтың намысын сақтап қалды.
Ол сол жылдары Политехтің «Инженер кадрлары үшін!» газетінің редакторы да болды, толық 20 жыл. Газеттің әр санында оның мақалалары тұратын. Кейін сол мақалаларын жинап, үш томдық «Қазақ инженерінің рухы» деген кітап шығарды. Сол кітаптар бүгінде әр қазақ инженерінің үстелінде тұр.
Әсіресе, Досағаң мен ол кісінің ісін жалғастырған шәкірті Ұлықпан Сыдықовтың бірігіп жазған философия оқулығы миллиондаған қазақ жастарына даналық жолын ашқан оқулық болды. Осынау оқулық Қазақстан баспаларында он шақты рет қайта басылып, көркем шығармалар жете бермейтін белестерге көтерілгені өз алдына жеке тақырып.
Бірде, тәуелсіздік жылдарының басында Досағаң: «Біздің тәуелсіз мемлекетке идеология керек пе?» деген мәселе көтерді. Идеологиясыз қоғам жоқ екені әрбір философқа белгілі жайт. Ол кісі: «Идеологиясыз қоғам мешеу, соқыр қоғам... Идеологиясыз қоғам әкесі бар да, шешесі жоқ, жетім қоғам» деп дәлелдейді. Кейінгі кездегі «Тектілік», «Жаһандану парадигмасы», «Ұлттық идея ұйыстырсын» деген тақырыптардағы мақалаларын алайық. Ғұлама: «Тексіз, қансыз ештеңе болмайды, текті тегіне тартпай тұрмайды» деп түйіндейді. Жаһандану – заман туындысы, оны өмірге алып келген тауарлы-ақша, сауда-саттық қатынасы. Бүгінгі бізге керек ұлттық идея – еліміздің бүтіндігі, тыныштығы, тәуелсіздігі. Қазақ халқы еліміздегі өзге ұлт өкілдерінің ұйытқысы болуы керек дегенді баса айтады.
«Көшпенділер өркениеті» монографиясы 20 жыл сейфте жатты. 1991 жылы ғана жарық көрді. Сол кітап бүгінде Гарвардта, Сорбоннада, Токиода университеті кітапханасында тұр. Ол ешқашан «мен жеңдім» демеді.
Түркістанның азаттығы жолында жанын шүберекке түйіп, күресте шаһид кеткен Мұстафа Шоқайдың шәкірті, оның азаттық жолындағы күресін теория майданына алып шыққан тегі Марғұландық, Батыс Германияда өмір сүріп, сонда қайтыс болған доктор Баймырза Хайтқа қарсы Кеңес үкіметі Досмұхамед Кішібековті айдап салады. Осынау тартысты күрес екі ғалымның арасындағы ғылыми достыққа ұласты. Досағаң хат арқылы ондаған жыл тартысқанда жеңілсе: «Мына жерде мен жеңілдім, сіз дұрыс айтасыз» деп жазатын. Сол жігіттік оның ең үлкен жеңісі еді.
Досағаң өте ізденімпаз да еңбекқор жан еді. 1964 жылдан 2024 жылдың жазына дейін асқаралы 60 жыл бойы өскелең ұрпақты ұлағаттылық жолында тәрбиелеп өтті. Ұстаздық ете жүріп, қаншама кітап пен мақала жазып шығару екінің бірінің қолынан келе бермейтін жанкештілік десек те, Досағаңның осынау мақалалары 3 томдық таңдамалы жинақ болып, тәуелсіздік жылдарында қайта жарық көрді.
Ол философияны қарапайым етті: «Философия деген – өмірдің мәнін сұрау ғана». «Көшпендінің ғибадатханасы – көкжиек, кіта-бы – жұлдыздар, ұстазы – жел» дейтін.
Ол қатал еді. Шәкірттеріне де, өзіне де. Бірақ сол қаталдықтың артында сабырдың ең көркем сипаты жататын. Ашаршылықты, қуғын-сүргінді, қудалауды, кітаптың тыйым салынуын көрген адамның сабыры ғана мәңгіліктің кілтін ұстай алады. Ол сол кілтті бізге қалдырды. Ол 99 жасында, 2024 жылғы маусымда мәңгілік мекеніне аттанды.
Сыр бойының киелі топырағы Сыр сүлейлерінің жырын, Мұстафаның күресін, Нартайдың әнін, Досмұхамедтің ойын дүниеге әкелді. Олардың бәрі бір өзеннің сан бұлағы. Бірі сөзбен, бірі саясатпен, бірі әнмен, бірі оймен қазақтың мәңгілік көгіне көтерілді. Бірақ Досмұхамедтің ойы ең биікке жетті. Өйткені ол жыраулардың жырын да, Мұстафаның күресін де, Ыбырайдың еңбегін де, Нартайдың әнін де философияға айналдырды.
Ұлықпан СЫДЫҚОВ,
Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері,
философия ғылымдарының докторы,
Досалы САЛҚЫНБЕК,
тарих ғылымдарының кандидаты,
Ермахан ҚАЛМЫРЗА,
Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-дың
аға оқытушысы