Алматы маңында болған Bek Air компаниясының «Фоккер-100» ұшағы апатын ел әлі ұмыта қойған жоқ. Қандай да бір дерек шықса елеңдеп, «Не болды екен?» деп құлағын түре қалады. Солай болуы заңды да, себебі жантүршігерлік бұл апаттың артында қаншама адамның тағдыры тұр.
Ұшақ апатына қатысты күдікке ілінгендер – 6 адам. Бәрі жер телімдеріне қатысты заңсыздық әрекеттерге барған. Олардың аты-жөндері де, сол кезде атқарған қызметтері де белгілі. Алматы облысы Талғар ауданы әкімдігінің экс-қызметкерлері Рүстем Тұрысбеков, Жарас Мәшімбаев, Медеу Қалыбеков, Берік Әбділлаев және Қайрат Алтынбекұлына қызмет бабын асыра пайдаланды деген айып тағылып отыр. Күдіктінің алтыншысы және осы күні тергеу изоляторында отырғанына 10 айдан асқан – Нұрайым Алданыш. Айыпталушы экс-мемқызметкерлер баптың өзгеруіне байланысты әзірге айыптарын мойнына алмай отыр. Әйтпесе, бұған дейін өз кінәларын мойындаған болатын. Сондықтан экс-шенеуніктер үй қамағында ұсталып отыр да, бұлардың арасында дәнекер болған риэлтор Нұрайым Алданыш тергеу изоляторында. Негізі, әуежай маңындағы үйлердің заңсыз салынғаны 2015 жылы белгілі болған. Тіпті, арнайы комиссия құрылып, осы мәселе бойынша біраз жұмыс жүргізілген. «Бұл жер нысаналы мақсатын өзгерткен кезде ауыл шаруашылығындағы жер болып қалған. Ол жерге үй салуға өкілетті орган тарапынан рұқсат берілмеген», – деді облыстық жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Қайрат Қыдырбаев. Ұшақ құлаған аймақтың 1 гектар 350 сотығы 2011 жылы жеке иелікке өткен. Бұл бастапқыда ауыл шаруашылығы мақсатында пайдалануға берілген де, кейіннен адамдар үй тұрғыза бастаған. Сонда осыншама жерге үй тұрғызғанша әкімдік өкілдері жағдайдың не болып жетқанынан хабарсыз болғаны ма? Осы мәселеге елдің бәрі аң-таң. Өйткені кез келген құжат үшін тұрғындар жергілікті әкімшілікке жүгінетіні айдан анық емес пе? Заңгер Бақытжан Базарбек ұшақ апаты болғанға дейін Алматы әуежайы жерлерінде заңсыз құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқанын талай рет айтқан. Оның сөзіне қарағанда, Жер кодексіне сәйкес, әуежайдың ұшу-қону алаңына жақын маңдағы жерлерге тұрғын үй құрылысын салмау керек еді. Онда ауыл шаруашылығы саласының тек мал шаруашылығына қатысты кейбір түрлерімен айналысуға ғана рұқсат етілуі тиіс болатын. Болған жайтқа дер кезінде көңіл аудармаудың және өз істеріне салғырт қараудың нәтижесі ақыры 12 адамның өмірін жалмап тынды. Алматы әуежайының маңында заңсыз сатылған жерлерге қатысты сот отырысы әлі де ұзаққа созылатын түрі бар. Белгілі болғандай, әр сот отырысы өткен сайын тың деректер ашылып жатыр. Сотқа жолданған қылмыстық істің ақыры немен тынатыны әзірге белгісіз. Келесі сот отырысы бүгін болады. Қалай дегенде де, жантүршігерлік ұшақ апаты әуе саласындағы біраз олқылықтың бетін ашып берді. Осы оқиғадан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қарасты Азаматтық авиация комитеті «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ-мен бірлесіп еліміздің барлық әуекомпанияларының қызметіне жоспардан тыс аудит жүргізді. «Осы оқиғаны тергеуде біздің елімізге кезінде Ұлыбританияның Азаматтық авиация агенттігі, Еуропалық комиссия мен Ұшу қауіпсіздігі жөніндегі еуропалық авиациялық агенттігі белсенді қолдау көрсетті және «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ-ның дамуына қолдау көрсетуді жалғастыруда. Ең алдымен, Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің мамандары британдық реттеушінің инспекторларымен бірлесіп, Bek Air әуекомпаниясына толық аудит жүргізді», – дейді ИИДМ баспасөз қызметі. Bek Air компаниясы лицензиясынан айырылғанынан көпшілік хабардар. Тексеру барысында халықаралық рейстерді орындауға сертификаты жоқ Bek Air әуекомпаниясы бірқатар елеулі ұшу қауіпсіздігін бұзудан басқа, Ауғанстан мен Африка елдеріндегі рейстерге заңсыз қызмет көрсеткені анықталды. Ішкі тергеу бес айға созылып, содан кейін іс Ішкі істер министрлігінің тергеушілеріне берілді. Қазір тергеу жалғасуда. Сондай-ақ аудит аясында бұрын Bek Air әуекомпаниясын тексерген екі авиациялық әкімшілік инспекторына қатысты ішкі тергеу жүргізілді. Инспекторлардың әрекеттері орынсыз деп танылғандықтан, олар қызметінен босатылды. Осы апаттан кейін Қазақстанның авиациялық әкімшілігі 331 инспекция өткізді. Биыл бұл іс аудит әуекомпанияларындағы, әуежайлардағы және аэронавигация ұйымдарындағы қауіпсіздікті басқару жүйесіне назар аудара отырып жалғастырылады. Аудит барысында 2 400-ге жуық бұзушылық анықталды. Олардың көбі ұсақ бұзушылықтар. Бірақ екінші және үшінші деңгейдегі қорғаныс шаралары ретінде ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін маңызды. Жаппай аудит барысында Bek Air-дан басқа тағы 3 әуекомпанияның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі эмбаргосын бұзғаны, шетелде Қазақстанда тіркелген әуе кемелерін пайдалана отырып сол схема бойынша жұмыс істегені анықталды. Ол – Azee Air ЖШС, Sigma Airlines ЖШС, Jenis Air ЖШС. Аталған әуе кемелерін пайдаланушылардың ұшақтары Таяу Шығыс өңірінде шетелдік тапсырыс берушілердің мүдделері үшін пайдаланылған. Sigma Airlines ЖШС Чилиде заңсыз рейстер жасаған. Қазақстандық пайдаланушылардың әуе кемелерінің меншік иелері – шетелдік компаниялар. Бұл жағдайды тергеуге еліміздің бірқатар мемлекеттік органдары, БҰҰ қызметкерлері және үшінші елдердің тергеу топтары тартылды. Ұшу қауіпсіздігіне әсер ететін өрескел бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалардың орындалмауына байланысты 6 оператордың қызметі тоқтатылды. Олар – Jet Airlines, Jenis Air, Azee Air, Phoenix, Qazaq Helicopters, MS AIR KZ. Bek Air және Sigma Airlines әуекомпанияларының сертификаттары кері қайтарып алынды. Бір әуе кемесінің ұшуы тоқтатылды. Техникалық тексеру нәтижелері бойынша ол ұшу қауіпсіздігінің талаптарына сәйкес келмейді деп танылды. Осы кезеңде Авиациялық әкімшілікте жаңа британдық үлгіге көшудің белсенді процесі жүрді және ұшақ апатына қатысты қайғылы оқиға еліміздің авиация саласын басқарудағы проблемалық мәселелерді түсінуге, сала жағдайына тереңірек қарауға көмектесті деуге негіз бар.Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ