Инвестиция тартудың машақаты
Инвестиция тартудың машақаты
185
оқылды

Шетелдік инвестицияның басты әсері – қаржы құюшы ел мен оны қа­былдаушы елдің арасындағы тех­нологиялық айыр­маны азайту. Нәти­жесінде, еңбек өнім­ділігі артып, қа­был­даушы мемлекеттің экономикалық дамуына түрткі болады. Бұл – кез кел­ген экономика оқулығынан кө­руге болатын тұжырым. Теория жүзін­де сырт­тан қаржы тартқан елдің әлеуеті ас­пандап шыға келуі тиіс. Бірақ әлем­дік тәжірибе көп нәрсе шекарадан ен­ген қаражатқа емес, шетелдік кәсіп­­кердің күшін сауатты пайдалана алуға бай­ланысты екенін көрсетіп берді.

Еліміздегі белді экономикалық шолу­шылардың бірі Сергей Дом­нин инвестициялар шетелдік не­месе өзіміздікі болғанына қара­мас­тан экономикаға бірдей әсер етеді деген пікірде. Өйткені олар жоба да­йын­даудан бастап құрылыс заттарын сатып алу, оларды құрылыс орнына жеткізу, құрылыс жүргізу, құрылыс компанияларын жұмысқа тарту, арнайы құрал-жабдық пен киім сатып алу, тіп­ті бағдарламалық қамтамасыз етуге дейінгі өндірістік және бейөндірістік мақсаттағы еңбек құралдарын қол­дануға мәжбүр. Яғни, тұрақты жұмыс орындарының ашылуынан бөлек жоба орналасқан аймақта түрлі қызмет пен тауарларға сұраныс туады. Одан бөлек, жаңа өндіріс орындары өнімдер мен қызмет шығару арқылы жалпы іш­кі өнімнің өсуіне әсер етеді. Бұл – қазынаға түсетін салық мөлшері артады деген сөз.

Маман сондай-ақ көп жағдайда ин­вестор жұмыс істеп тұрған өндіріс ошағының акциясын сатып алған күн­нің өзінде жаңа жобаларды жүзеге асы­руға ниетті болатынын жеткізді. «Егер жаңа цех немесе энергиялық блок сал­маса кем дегенде қызметкерлерін қайта оқытып, бизнес-үрдістерге өзгертулер енгізеді. Яғни, тиімсіз жұмыс орындары қысқартылып, орнына жаңа өнімді орын ашылады», – деді ол.

Шетелдік инвесторлардың келуімен орын алатын осындай үлкенді-кі­шілі өзгерістер еңбек өнімділігін арт­тыруы керек. Сонымен қатар шетел­дік компаниялар әкелген жаңа техноло­гиялар да өнімділікті өсіруге септігін тигізеді. Компанияға келген мамандар жергілікті қызметкерлерге өндірістің жаңа технологияларын үйретуі де өн­діріс­ті алға сүйрейтін факторлардың бірі. Нәтижесінде, елімізде кәсіби ма­ман­дар саны артады.

Одан бөлек, елімізде экспортқа ба­ғыт­талған өңдеуші өнеркәсіп орын­дарын салған шетелдік компаниялар Қазақстан экономикасын халықаралық қосымша құн нарығына кіргізеді. Осы­лайша, елге тұрақты инвалюттік кіріс кірмек. Ал бұл кіріс неғұрлым көп бол­ған сайын ұлттық валюта әлеуеті де арта түспек.

Міне, осы аталған факторлар әлем­дік инвестиция нарығында бәсекенің қыза түсуіне себеп болып отыр. Ал оны тартудың қалыптасқан халықаралық әдістері бар. Әлем елдері бұл шараларды өз беттерінше түрлендіріп, аймақтағы инвестиция климатын басқаларға қара­ғанда тартымдырақ қылуға тырысып келеді. Оның алғашқысы – салықтық ынталандыру. Ішіне салық түрлерінен толықтай немесе ішінара босату сияқты уақытша жеңілдіктер кіреді. Екінші әдіс – қаржылық емес ынталандыру. Яғни, заң жүйесі мен инфрақұрылымды дамыту, еркін экономикалық аймақтар құру арқылы шетелдік инвесторлар тиім­ді жұмыс істеуіне жағдай жасау. Әр мем­лекеттің мүмкіндігі әр алуан бол­ғандықтан, дамыған елдер мен даму­шы елдер арасында инвестиция тар­туда айырмашылық бар. Өндірісі жол­ға қойылған мемлекеттер салық­тық ынталандырудан гөрі қаржылық ынталандыру тиімдірек деп санайды. Өйткені осылайша үкімет шетелдік инвесторларды кенже қалған сала­лард­ы дамытуға бағыттай алады. Ал дамушы елдерде ондай мол қаражат болмағандықтан, салық жеңілдіктерін ұсынғанды жөн көреді.

Сергей Домнин де елдегі бизнестік ахуалдың маңызды екенін айтады. «Бизнестік климатты жақсарту өте маңызды. Мысалы, елімізге GE немесе Alstom сияқты ірі ойыншылар келуі басқа трансұлттық компаниялардың да қызығушылығын туғызады. Олар біздің елде бизнес ахуалы жақсы екенін, мұнда өз қаржыңды жаңа жобаларға салуға болатынын түсінеді», – деді маман.

Сондай-ақ соңғы жылдары еркін экономикалық аймақ құру, әкімшілік рәсімдерді ықшамдау сияқты бейқар­жылық әдістерді қолдану көбейіп келеді. Мысалы, ұзақ жылдар бойы табысын сыртқа шашып келген АҚШ өткен ғасырдың 80-жылдарында ма­ңыз­­ды капитал импорттаушысына ай­­нал­ды. Бұған Американың экономи­ка­лық және саяси ахуалының тұрақ­ты болуы, қарқынды дамуы мен дол­лар­­дың әлемде мойындалуы әсер ет­кені сөзсіз. Бірақ басты фактор елдің ұстан­ған саясаты болатын. АҚШ ғы­лыми салалары артта қалған және жұмыссыздық жайлаған аймақтарды да­мытуға инвестиция тартуға баса мән берді. Осыған ұқсас заңды Ирландия да қабылдаған еді. Нәтижесінде, 1994-1996 жылдары бұл ел 5 млрд доллар шетел қаржысын тартты.


Сондай-ақ соңғы кезде «тұрақты келісім» әдісінің танымалдығы артып келеді. Бұл шарт бойынша мемлекет қабылдаған жаңа заң шетелдік ин­вестордың жұмыс істеуіне қиындық тудыратын болса, ол келісімге отыр­ған кездегі заң талабына сай әрекет етуге құқылы. Алайда батыс елдерінің тәжірибесінде мемлекетке қауіп төн­ген кезде немесе қоғамдық тәртіп сақ­тауды қамтамасыз етуге, халықтың денсаулығы мен табиғатты қорғауға бағытталған өзгерістер кезінде инвестор «тұрақты келісім» шартын талап ете алмайды.

Әзірбайжан елінің шетел инвес­ти­цияларын қадағалау туралы құқық­тық нормативтері де әлемдегі ерекше заң­дардың бірі. 1992 жылы қабылданған актіде инвесторлар қатарына шетелдік­термен бірге шетелде тұратын Әзірбай­жан азаматтарын да енгізген. Сондай-ақ ұлттық қауіпсіздік пен қорғанысты қамтамасыз ету мақсатында кей аумақ­тарында шетелдік өндіріс орындарын орналастыруға шектеу қойылуы немесе тыйым салынуы мүмкін.

Заңды мемлекет өз мүддесіне қа­рай түрлі бағытқа бұра алатынын көрдік. Сауатты қолданылған құқықтық нор­малар кішкентай мемлекеттерді де эко­номикалық алыптар қатарына қоса алады. Бұған мысал ретінде Эстония мен Ямайканың жеткен жетістігін келтіруге болады. 1990 жылдан бастап бұл екі ел басқа шағын мемлекеттерді шаңына ілестірмей кетті. 2008 жылы Эстонияда шетел инвестициясы мен ЖІӨ қатынасы 70 пайызға жуықтаса, Ямайкада – 72 пайыз шамасында. Халық саны үш миллионға жетпейтін елдер үшін бұл өте жоғары көрсеткіш. Нәтижесінде екі мемлекеттің де эко­номикалық ахуалы шарықтап тұр.

Біздің ел де инвестиция тартудан қалыс қалып тұрған жоқ. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанға әлемнің 120-дан аса елінен 330 млрд доллар қаржы құйылған. Және ел экономикасының жылдан-жылға инвесторлар үшін бәсекеге қабілетті және тартымды болып келе жатқанын айта кеткен жөн. Биыл қазан айының соңындағы жағдай бойынша республикада шетелдік капиталмен 16,8 мың компания жұмыс істейді, бұл өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 18,1%-ға артық (14,3 компания). Биыл Қазақстан жаһандық бәсекеге қабілеттілік рейтингінде ТОП-55 елдің қатарына кіріп, 4 жолға көтерілді.

Қазақстанда шетелдік инвес­ти­циялар динамикасы мен құрылысы өзгеріп жатқанын атап кеткен жөн. Егер салалар бойынша бұрын кен өндіру салаларында жобалар басым болса, қазір инвесторлардың басқа да секторлардағы жоғары белсенділігі байқалып отыр.

Жалпы алғанда, елімізде инвестор­ларға жасалған жағдай жаман емес. Кәсіпкер төлейтін қосымша құн са­лығы – 12 пайыз. Ресейде бұл көрсет­кіш 20 пайызға жетіп жығылады. Табыс са­лы­ғы көрші елдермен бір деңгейде. Сон­дай-ақ дивидендтерге салынатын салықтан босату мүмкіндігі бар. 2018 жылдың желтоқсан айынан бастап ин­вес­тициялар тарту функциясы Сыртқы істер министрлігіне берілді, өз кезегінде инвестицияларды тар­ту саясаты Ұлттық экономика министр­лігіне берілді. Содан бері шетелдік компаниялармен Инвестициялар жө­ніндегі комитет пен KAZAKH INVEST Ұлттық компаниясы АҚ жұмыс іс­тейді. Қазір инвесторларға «бір терезе» қағидаты бойынша идеяларды іздеуден бастап жобаны пайдалануға беруге дейінгі қолдау көрсетудің толық қыз­меттер спектрі көрсетіледі. Сондай-ақ инвестициядан кейінгі кезеңде мониторинг жүргізеді, бұл әрбір ин­вестормен және жобамен дәлме-дәл, барлық кезеңде жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Дегенмен шетелдіктер біздің елге қайырымдылық жасау үшін емес, пайда табуға келетінін есте ұстаған жөн. Яғни, олар құйған инвестицияларды қадағалаған жағдайда ғана мемлекет түсімі артпақ. Сондықтан елдің өн­дірістік саясаты болуы өте маңызды. Бұл пікірді сарапшымыз Сергей Домнин де қуаттап отыр. Ол: «Біріншіден, мемлекеттің қаржы секторы, сауда, тағы басқа салаларын қадағалай алатын өндірістік саясат керек. Бұл елдің саяси басшылығына тікелей байланысты. Ал қадағалаушы органдар бұл саясат­тың шаралары мен мемлекеттің ең­бек қатынастары жөніндегі және эколо­гиялық заң нормаларын бұзушылыққа көз жұмып, капиталдың қозғалысын қадағалауды қойса тиімділік жоғалады. Бұл мемлекеттік аппарат жұмысының тиімсіздігі», – деп түйіндеді.

Жоғарыда айтылған пікірлермен келісу, келіспеу – сіздің еркіңізде. Бірақ бар мүмкіндікті тиімді пайдаланып, шетел инвестициясын елге әкелу маңызды екені анық.