СҚО-да жалғыз үй тұратын ауылда патриоттық челлендж өткізілді
СҚО-да жалғыз үй тұратын ауылда патриоттық челлендж өткізілді
204
оқылды
Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша ауданында Кеңес Шұбарайғыр деген ауыл бар. Еліміздің әр өңірінде таралып жатқан «Менің Туым! Менің Отаным» атты патриоттық челлендж бұл ауылда да ұйымдастырылған. Ерекшелігі сол ауыл жан-жаққа түгел тарыдай шашырап көшіп кетіпті. Ауылда тек бір-ақ отбасы ғана тұратын болып шықты, деп хабарлайды «Айқын» республикалық газетінің тілшісі.  Сонда да болса ауылдың әр жерге қоныс аударған жұрты жас-кәрісі жиналып, патриоттық челендж өткізген. Ауыла жалғыз үй болып қалған отбасы ауылдастарын құшақ жая қарсы алыпты. Көп балалы бұл отбасы ауыл шаруашылығымен айналысып, негізінен жылқы бағуды кәсіп етіпті. Ауыл адамдары өз күштерімен бірлесіп ауылға мешіт салған. Қазіргі таңда сол мешіт ауылда жұмыс істеп тұрған жалғыз ғимарат екен. Кеңес Шұбарайғыр ауылынан шыққан азаматтардың айтуынша, олар ешқашан туған ауылдарына қысқы уақытта барып көрмеген. Өйткені, қалың жауған қар жолды басып қалады. Дегенмен, бұл жолы қыстың қытымыр аязы мен боранына қарамастан, ауыл жұрты тайлы-тұяғы қалмай тегіс жиналыпты.
«Біздің ауылға ешкім осы челлендж эстафетасын тапсырған жоқ. Дегенмен, көшіп кеткенімізге ондаған жыл өтсе де, туған ауылымызға оралып, акцияны жалғастырдық. Баршамыз жиналып қайта қауышып, мәре-сәре болдық, - дейді ауыл тұрғындары.
Бір кездері ауылда жүзден астам үй болыпты. Бірақ, тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезінде ауыл жұрты үдере көшіп кеткен. Алайда танымал челлендждің арқасында ауыл адамдары қайта жиналып, өзінің өткен тарихын еске алуға мүмкіндік алған.

Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы