Мемлекет қайраткері Иманғали Тасмағамбетовтің анасы Ділдә Матайқызы 89 жасында өмірден озды.
Фейсбук әлеуметтік желісінде Тасмағамбетовтер әулетіне көңіл айтулар жолданып жатыр. Ділдә апаның жақсылығын көріп, шарапатына бөленген, тілеулес болған азаматтардың көңіл айтқан жазбаларын назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Жанар Колбачева:
«Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінің барша ұжымы Иманғали Нұрғалиұлының анасы, атақты қазақ педагогы, жазушысы – Ділдә Матайқызының өмірден озуына орай орны толмас қайғыңызға ортақтасып, көңіл айтамыз.
Ділда апа үлкен жүректі, кең парасатты, ұлтжанды, ақ жарқын жан болатын. Ол өзінің адамгершілігі мен қарпайым мінезі, зор шығармашылық ой-өрісі мен қайраткерлігінің арқасында көпшіліктің көңілінен шығып, ел-жұртының үлкен ілтипатына бөленді. Оның өмір жолы мен шығармашылық еңбегі бүгінгі және келешек жастар үшін өнегелі де өрісті жол.
Біз Ділдә Матайқызын әрқашан жоғары иманды, мәдениетті, қол ұшын созуға дайын және адамгершілігі зор адам ретінде есте сақтаймыз.»
Серікбол Хасан:
«Ділдә апаның "Айналайындарым менің" кітабын жата-жастана оқып, сіңіріп өсіп едік. Иманғали ағамыздай арда азамат тәрбиелеген, ұлттың ардақты анасына айналған ғазиз жан еді апамыз. Алла рақымына алғай! Иманы саламат болсын!»
Мәдина Махамбетқызы:
«Сіздің даралығыңыз бен даналығыңызға сұқбат алу барысында көз жеткізген болатынмын. Үйіңізді таппай көшеде адасып жүргенде балдаққа сүйеніп жүріп сырттан өзіңіз күтіп алып едіңіз. Қарапайымдылығыңызға риза болып, батаңызды алып ем. Иманды болыңыз, Ел анасы!
Иманғали Тасмағанбетовтың анасы - Ділдә Матайқызы өмірден өтті деген суыт хабар келді. Қайғырып көңіл айтамыз.»
Айдар Қырықбай:
«Қазақ халқына Иманғали сияқты елдің жанашыры, ұлт жанашыры сияқты алып азаматы дүниеге әкелген ардақты анамыз Ділдә өмірден өтіпі. Иманды болыңыз!»
Аман Сейтқанов:
«Ділдә апа өмірден өтті деген хабар естідік. Алла тағала иман байлығын берсін. Бірнеше жыл бұрын әдейі іздеп барып, әңгімелесіп едік. Содан сәл үзінді...
Имаштың анасы
...Абай ақынның 150 жылдық мерейтойы ақындар айтысынан басталған. Республиканың маңдайына біткен дүлдүлдер додасының салтанатты ашылуы кезінде ресми тұлғалар сөз алды. Кезегі келгенде Иманғали Нұрғалиұлы да сахнаға шығып, өз пікірін ортаға салған. Бірден таң қалдырды. Қолына қағаз ұстамай шығып. Ол кезде кімде болса жазғанын немесе жазып бергенді оқиды. Бүкіл зал назары қағазсыз шыққан сөйлеушіге бұрылды. Төгіп жатыр, төгіліп жатыр. Тереңнен толғайды, кешегі поэзия... ақындар мұрасы. Сосын негізгі тақырыпқа көшті. Абай әлеміне әбден бойлады. Ойы терең, сөзі шымыр. Абай жеріндегі шешендер де сілтідей тынып, тыңдады. Қол соғылды ма, ол жағы есте қалмапты. Әйтсе де үлкен шенеуніктің ақын Абайды түсінуі біздерді қайран қалдырды. Ақсақалдар дән риза. Біреуі айтып қалды, «Имаштың Абайды білетін жөні бар. Оның анасының аты – Ділдә». Арада он сегіз жыл өткенде Ділдә Матайқызына сәлем беру үшін Атырауға ат басын бұрдық..
Евдакия Матвеевна
Жайықтың жағасындағы еңселі үйдің табалдырығын аттағанда әртүрлі ой қармады. Сексеннің сеңгіріндегі ананың көңілінен шығатын сауал таба аламыз ба, бірнеше кітаптың авторын таңқалдыру өз алдына, толғандыру қолдан келе ме.. Өмірі тілдесіп көрмеген қарияның шешіле салатынын да болжай алмайсыз ғой. Рас, көркем әдебиет пен деректі дүниеге құмар екенін естідік. Дей тұрғанмен негізгі мамандығы дәрігер. Ал, ақ халатты абзал жандар әсіресе тілдесуге келгенде тоқан сөздің тобықтай түйінін қолыңа ұстата салады. Ойдан аршыла алмай тұрғанда қарияның өзі де көрінді. Амандасып жатырмыз.
- Айналайындар сонау Алматыдан келдіңдер. Бұйымтай бар ғой, сірә.
- Бар, апа. Сізге сәлем беру. Ғибрат есту, кешенің сөзін білсек дейміз. Ой түйіп қайту тағы бар.
- Кешені аңсағандарың жақсы. Бізден өсиет болатын сөз табылса тіпті дұрыс. Әттең, көңілдеріңнен шығатын әңгіме айтсақ жарадық. Ұрпаққа көмегі тие ме деген ойларды анау үш-төрт кітаптың ішіне сыйдырдық. Төзім дегенді білесіңдер ме? Түрлендіріп айтуға да болады. Мысалы, қиындыққа шыдау, ертеңнен үміт күту. Сол төзімнің айналасынан іздеу керек бақытты. Тонның ішкі бауындай жарасып өмір кешкендердің болашағы жарқын. Оның негізі - тіл табысу. Қазақ қалай әдемі айтады. Тіл табысу. Ұлтыңның Абайы жазып кетті, «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос».
- Бізге ой салған да Абай ақын. Дәлірек айтқанда саңлақ мерейтойының салтанатты ашылуы..
- Қайдан білейін, жастардың көкейіне қонатын сөз айтсақ дейміз. Заманың мынау, танысу оңай, табысу қиын. Еңсені емес, кеудені тіктеуге құмар. Жас келген сайын кінәмшіл болып бара жатсақ, ол да заңдылық. Әйтеуір кейде мінеп жүреміз, жан-жағымызды. Жастарды көрсек, ақыл айтқымыз келіп кетеді. Ерігуден емес шығар. Өз ұлтыңның ұшпаққа шығуын аңсайсың. Қазақ балаларының топ жарғанын, бәйгеден келгенін қалайсың. Қолыңнан келер дәрмен аз. Әйтсе де қол қусырып отыру да әбестік. Санаға сіңіру әркімнің өз шаруасы. Білгенімізді ақыл ретінде ұсынсақ үлкендігіміздің көрінісі емес пе. Көңіліңе қонды ма, бұйымтайың орындалды ма?
- Табалдырықты аттаған бетте ақыл естідік. Ол да аз табыс емес. Бірақ сайлап келген сауалдар да бар, соған жауап берілсе..
- Мейілдерің, шөлдерің қанғанша әңгіме айтуға бармыз. Содан іліп алар нақыл шықса, шіркін. Қағаздарыңды қамдай бергін, қарағым.
Ділдә апа жайланып отырды да, сөз тиегін ағыта берді..
- Келін болып түскенде екі ауыз тіл білмедім, қазақшаға мүлде жоқ едім. Қаланың баласы, қырға келіп қиналдық. Нұрғалидың табалдырығынан аттадық та, шаруаға жегіліп жүре бердік. Шай қоймақшымын. Самаурынды алдым. Бірақ суды қайда құярымда білмеймін.Сорайған мойыны күйе. Енем байқады-ау деймін, ишарамен ұқтырды. Айта берсең қызық көп. Тіл білмегеннің азабын аз да болса тарттық.
- Қалай тіл білмейсіз, қазақтың қызы емессіз бе?
- Тоқтай тұр, қызықты қазір айтамын...»