Ер адам өзінің 4 жасар қызын неге зорламақ болғанын айтты. Бұл туралы «НеМолчи» қоғамдық қорының жетекшісі Дина Таңсәрі Facebook-тегі парақшасында жазды.
Оқиға Алматыда болған.
Құқық қорғаушыға қыздың анасы өткен жылдың сәуір айында шағымданған. Ол кезде әкесінің соққынан баланың денесі көгеріп қалғанын айтқан. Қыз баланың өзі әкесі оны ұрып-соққанын айтқан. Іс сотқа дейін жетіп, қатыгез әкеге айыппұл салынған.
Ерлі-зайыптылар ажырасып кеткен, алайда 2 айдан соң қайта татуласқан.Ішкіш әке балаларға қол тигізбеуге уәде берген. Әйел жетінші баласына жүкті болған.
Алайда өткен жылдың қарашасында әйел айтуға ауыз бармайтын жағдайға тап болыпты.
"Сол күні ол тағы ішіп келді. Мен балаларды тамақтандырып, ыдыс жууға кеттім. Ол балаларды ұйықтатам деді. Мен бір кезде балалардың ұйықтамағанын көріп, үлкен ұлымнан әкелерінің қайда екенін сұрадым. Ол әкелері бәрін қуып жіберіп, өзі қызымен жатын бөлмеге кеткенін, ешкімге кірмеуді ескерткенін айтты , - дейді анасы.
Әйел жатын бөлмеге кіріп, жарықты қосқанда әкесі қызын зорламақ болып жатқанын көрген. Сол жерде полиция шақырған. Азғын әкені 9 қабаттан итеріп жібермек болған әйелді полиция тоқтатыпты.
«Қазір ол тергеу изоляторында (…) Бейшара әйел оның ұрып-соққанына 9,5 жыл көніп келген», – деп жазған Дина Таңсәрі.
Күйеуінен таяқ жеген әйелдің миы шайқалған, күйеуі оған қайнап тұрған май да құйып жіберген. Қабырғалары сынып, операция жасатқан.
Сараптама қорытындысы көрсеткендей, әкенің қызын зорламақ болғаны расталды. Алайда ол ісін соңына жеткізіп үлгермеген. Бала зардап шекпеген.
«Жақында ер адам өзін айыптау актісіне қол қойып, әйелінен кешірім сұраған. Есінде ештеңе жоқ екенін, бәріне арақ кінәлі екенін айтқан», – деп жазады Таңсәрі.
Қазір әйел арқасын кеңге салудан қорқады. Өйткені сынақтың үлкені алда. Қолында 7 баласы бар, 82 мың теңге жәрдемақы алады, жалдамалы пәтерде тұрады.