Жалпы Жамбыл облысы тентектерімен танылған өлке екені белгілі. Бір ғана Тараз қаласы талай жыл жұртты дүрліктірді. Сондықтан болар аймақта криминогендік ахуал бірінші орында тұрады. Алайда бүгінде бір-біріне әлімжеттік көрсетіп, бөтеннің мүлкін тартып алу фактісі азаймауда. Ал Т.Рысқұлов ауданында орын алған қылмыстық оқиға тіпті жағаңды ұстатады.
Аталған ауданға қарасты Құлан ауылындағы көшелердің бірінде екі жігіт жасы егде тартқан Атырау облысының тұрғынын ұстап алып, оның ұялы телефонын тартып алып ғана қоймай, «Kaspi.kz» жүктемесі арқылы жәбірленушінің ақшасын өздеріне аударып алған. Осылайша еркінсіген екі жігіт өзге өңірдің азаматының өзге де бағалы бұйымдарын ашықтан-ашық қолды қылған.
Т.Рысқұлов аудандық полиция бөліміне шағымданып келген азаматтың арызы бойынша күдіктілерге іздеу жариялаған тәртіп сақшылары көп ұзамай Алматы қаласы мен Қордай ауданының 25-27 жастағы екі тұрғынын ұстаған. Тергеу барысында күдіктілер бұған дейін де тонау дерегі бойынша сотты болғандары анықталды.
Қазіргі уақытта аталған қылмыс бойынша ҚР ҚК-нің 191-бабымен (Тонау) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды.