Halyk Bank тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан берілетін біржолғы зейнетақы төлемін мақсатты пайдалану жөніндегі уәкілетті оператор болып бекітілді. Бұл туралы банктің баспасөз қызметі хабарлады.
«Тұтынушылар біржолғы зейнетақы төлемдерін аудару үшін арнайы шотты онлайн режимде банк қосымшасы арқылы аша алады. Айта кету керек, арнайы шот ашу төлемдерді алудың басты шарты болып табылады», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар біржолғы зейнетақы төлемін алу жөніндегі өтінішті де онлайн форматта рәсімдеуге болады. Дегенмен банк әзірге жауапты органнан нақты қағидаларды күтіп отырғанын мәлімдейді.
«Halyk Homebank қосымшасында зейнетақы қорындағы қаражаттың бір бөлігін алуға өтінім беру функциясы Уәкілетті мемлекеттік орган біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану қағидаларын бекіткеннен кейін, сондай-ақ банк БЖЗҚ-мен келісімге қол қойғаннан кейін ғана қолжетімді болады», - делінген хабарламада.