Nur Otan депутаты тұрмыстық зорлыққа қарсы заң жобасын пысықтауды ұсынды
Nur Otan депутаты тұрмыстық зорлыққа қарсы заң жобасын пысықтауды ұсынды
408
оқылды

Парламент Мәжілісіндегі Nur Otan фракциясының мүшесі, палатаның Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Жәмилә Нұрманбетова «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңына жоспарланып отырған өзгерістер жайында хабарлады. Оның сендіруінше, жобаның жаңа редакциясын талқылауға қоғам өкілдері тартылады.

Әйелдердің өз әлеуетін жүзеге асыруына жағдай жасау, бала мен ананы қорғау – Nur Otan-ның сайлауалды бағдарламасының басты басымдықтарының бірі. Алдағы 5 жылда «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында әрбір қала мен ауданда отбасын қолдау, отбасылық шиеленісті шешу, балалары бар әйелдерге уақытша тұруы үшін баспана ұсыну жөніндегі орталықтар ашу жоспарланып отыр. Бұған дейін «111» шұғыл қызметі іске қосылған болатын. Ол отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы тұруға да қызмет етеді. 5 айдай уақыт ішінде оған 4,6 мыңнан аса қоңырау шалынған. Айта кетер жайт, Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті – ел арасында дүрбелең туғызған заң жобасы бойынша бас комитет. – Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің жаңадан сайланған төрағасы ретінде осы күндері «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасының негізгі ережелерін егжей-тегжейлі және сындарлы түрде зерттедім. БАҚ-та сарапшылар да, азаматтық қоғам өкілдері де айтқан пікірлерді, сондай-ақ азаматтардың көптеген өтініштерін талдап қарадым. Барлық объективті ұсыныстарды, пікірлер мен мәлімдемелерді таразылай отырып, аталмыш заң жобасының редакциясын кері қайтарып, бірлескен жұмысты бастауға болады деп ойлаймын, – деді Ж.Нұрманбетова. Ол Мемлекет басшысының жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық және жеке адамға, әсіресе балаларға қатысты басқа да ауыр қылмыстар үшін жазаны қатаңдату қажет деген тиісті тапсырмасы барын еске салды. «Осыған байланысты Nur Otan партиясы фракциясының пікірталас алаңында барлық мүдделі тұлғаларды, соның ішінде азаматтық қоғам өкілдері мен белсенділерін, тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып, осы әлеуметтік маңызы бар тақырып бойынша алдын ала кеңінен талқылау жүргізуді ұсынамын. Жан-жақты талқылау қорытындысында біз отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимылдың пәрменді тетігін құратын заң жобасының жаңа моделін бірлесіп әзірлейтінімізге сенімдімін», – деп жазды депутат Facebook постында.