Алматылық тұрғындар 3 жылдан бері қанатты тышқаннан құтыла алмай келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Үйдің тазалығына жауапты мекеме өкілдері де дәрменсіз. Бірнеше рет дезинфекция жасағанымен, мақұлықтар қабаттан қабатқа көшіп, тұрғындардың зәресін алатын көрінеді.
Алматының қақ ортасындағы көп қабатты тұрғын үй 1974 жылы қолданысқа берілген. Сырт қарағанда еңселі үйдің кіреберісі мен дәлізі әбден тозған. Тұрғындардың айтуынша, соңғы үш жылда үйде жарқанаттар пайда болыпты. Күндіз қабырғаларда жабысып тұратын олар, түнде белсенді тіршілікке көшетін көрінеді. Тұрғындардың үйге кіріп-шығуы мұңға айналған.
"Қазір оларда қысқы тыныштық уақыты. Ал жазда түнде ұшып, өзінің жемтігін аулайды. Олардың бір ерекшелігі қанша қуса да жарқанаттар өздері мекендеген жеріне оралады. Әрі топтасып өмір сүру олардың жаратылысына тән",– дейді Марина Чирикова, ҚР зоология институтының ғылыми хатшысы
Ғалымның айтуынша, кейбір түрлері Қызыл кітапқа енгендіктен, жарқанатты өлтіруге болмайды. Ал көп қабатты үйдегілері қандай түрге жататыны әзірге белгісіз. Пәтер иелері жазда жарқанаттар мүлдем көбейіп кете ме деп уайымдайды.