Мәжілістің жаңа құрамын ел экономикасы және халықтың әлеуметтік әл-ауқаты үшін маңызды бірқатар заң жобасын қабылдау жұмысы күтіп тұр. Оны VII шақырылымдағы Парламенттің І сессиясын ашу кезінде Мемлекет басшысы айқындап берді. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында палата Спикері Нұрлан Нығматулин хабарлады. Жиында алдағы заң шығарушылық жұмыстың басымдықтары белгіленді. Бірнеше жаңа заң жобасы мақұлданды.
VII шақырылым Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл, Парламенттің құрылғанына 25 жыл толатын ерекше кезеңде өз жұмысын бастап отыр. Осыған байланысты Президент сессияның ашылуында бүгінде жеткен жетістіктерімізді сақтап, одан ары дамыту жолындағы жаңа мақсаттарды межелеген болатын. Соның ішінде әлеуметтік-экономикалық, құқықтық, саяси бағыттарға баса назар аударылмақ. Н.Нығматулиннің айтуынша, маңызды құжаттар арасында Әлеуметтік кодекс пен Салық кодексінің жобалары бар. Соңғы құжат салық салуды жеңілдетуі, іскерлік белсенділік пен бәсекелестікті ынталандыруы тиіс. – Кәсіпкерлікті заңнамалық қолдау тетіктерін әзірлеуіміз қажет. Ол тетіктер мүлдем жаңа реттеушілік саясатқа негізделгені жөн. Сондай-ақ «Өнеркәсіп саясаты туралы» заң жобасы да маңызды саналады. Ол өңдеу өнеркәсібін дамытудың қағидаттарын, мақсаттары мен міндеттерін бекітеді. Тиісінше, жобада отандық бизнесті қолдау мен ынталандырудың пәрменді тетіктері, нақты шаралары қарастырылуы қажет, – деді Мәжіліс Төрағасы. Отырыста депутаттар «Халықаралық шарттар туралы» заңға өзгерістер мен толықтыру енгізетін жаңа заң жобасын мақұлдады. Оған сәйкес, басқа мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар халықаралық шарттардағы өз міндеттемелерін бұзған жағдайда Қазақстан осы халықаралық шарттарды орындауды тоқтата тұрады немесе қолданысын тоқтату түрінде қарымта шаралар қабылдайды. Ратификацияланған белгілі бір халықаралық шарттың Қазақстан заңдарынан басымдығы уақытша немесе түпкілікті доғарылады. Тиісті ақпарат Сыртқы істер министрлігінің сайтында жарияланады. Мұндай шара ұлттық мүддені қорғау үшін қабылдануда. Әйтпесе, қаптаған халықаралық ұйымдарға кіріп, шарттарға қосылған сайын ел мойнындағы міндеттемелердің саны да үздіксіз артуда. Оны біржақты ғана орындау ұлттық мүдде мен экономикамызға залал келтіреді.Айхан ШӘРІП