Халықаралық келісім күші тоқтатылады
Халықаралық келісім күші тоқтатылады
313
оқылды

Мәжілістің жаңа құрамын ел экономикасы және халықтың әлеуметтік әл-ауқаты үшін маңызды бірқатар заң жобасын қабылдау жұмысы күтіп тұр. Оны VII шақырылымдағы Парламенттің І сессиясын ашу кезінде Мемлекет басшысы айқындап берді. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында палата Спикері Нұрлан Нығматулин хабарлады. Жиында алдағы заң шығарушылық жұмыстың басымдықтары белгіленді. Бірнеше жаңа заң жобасы мақұлданды.

VII шақырылым Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл, Парла­менттің құрылғанына 25 жыл толатын ерекше кезеңде өз жұмысын бастап отыр. Осыған байланысты Президент сес­­­сияның ашылуында бүгінде жеткен жетістіктерімізді сақтап, одан ары дамыту жолындағы жаңа мақсаттарды межелеген болатын. Соның ішінде әлеу­меттік-эко­но­ми­калық, құқық­тық, саяси бағыттарға баса на­зар аударылмақ. Н.Нығматулиннің ай­туын­ша, маңызды құ­­жаттар арасында Әлеуметтік кодекс пен Салық ко­дексінің жобалары бар. Соңғы құжат салық салуды жеңілдетуі, іскерлік белсенділік пен бәсе­келестікті ынталандыруы тиіс. – Кәсіпкерлікті заңнамалық қолдау те­тіктерін әзірлеуіміз қажет. Ол тетіктер мүлдем жаңа рет­теушілік саясатқа негізделгені жөн. Сондай-ақ «Өнеркәсіп саясаты туралы» заң жобасы да маңызды саналады. Ол өңдеу өнеркәсібін дамытудың қағи­­­даттарын, мақ­саттары мен мін­деттерін бекітеді. Тиісінше, жобада отандық бизнесті қолдау мен ын­таландырудың пәрменді тетіктері, нақты шаралары қарастырылуы қажет, – деді Мәжіліс Төрағасы. Отырыста депутаттар «Ха­лықаралық шарттар туралы» заңға өзгерістер мен толықтыру енгізетін жаңа заң жобасын ма­­құлдады. Оған сәйкес, басқа мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар ха­лық­аралық шарт­тардағы өз міндеттемелерін бұз­ған жағдайда Қазақстан осы халықаралық шарттарды орын­дауды тоқтата тұрады немесе қолданысын тоқтату түрінде қа­рымта шаралар қабылдайды. Ратификацияланған белгілі бір халықаралық шарт­тың Қазақстан заңдарынан басымдығы уа­қытша немесе түпкілікті доғарылады. Тиісті ақ­парат Сыртқы істер ми­нистрлігінің сайтында жария­ланады. Мұндай шара ұлттық мүддені қорғау үшін қабылдануда. Әйт­песе, қаптаған халықаралық ұйымдарға кіріп, шарттарға қо­сылған сайын ел мойнындағы міндеттемелердің саны да үздіксіз артуда. Оны біржақты ғана орын­дау ұлттық мүдде мен эко­номи­камызға залал келтіреді.

Айхан ШӘРІП