Маңғыстау облысында Қызыл кітапқа енген жануарды сойып бөлшектеген браконьерлер ұсталды. Деректерге сүйенсек, олар келтірген шығын сомасы – 26 миллион теңге.
Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының маманы Талғат Аленовтың айтуынша, браконьерлік факт Қарақия ауданында 19 қаңтарда тіркелген. Инспекторлар күдікті көлікті тоқтатуға тырысқан, бірақ тәртіп бұзушылар инспекция қызметкерін тыңдамаған. «Оқиға болған жерде жедел іс-қимыл жүргізіліп, автокөлік жүргізушісі, кейін қашып кеткен үш жолаушының бірі ұсталды. Көлік салонын тексеру кезінде инспекторлар төрт қаптағы екі арқардың және екі қоян еті салынған бір дорбаны тәркіледі» деп хабарлады Талғат Аленов. Сонымен қатар инспекция қызметкерлері құқық бұзушылардан арқардың екі терісін, басын, аяғын және тығып қойған аңшылыққа арналған мылтығын тапқан. Браконьерлерге қатысты ҚК-ның 339-бабы бойынша тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. «Алдын ала бағалау бойынша, екі арқарды заңсыз атқаны үшін келтірілген шығын сомасы – 26 миллион 253 мың теңге» деп толықтырды облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының маманы. Арқар немесе тау қойы – орта және Орталық Азияның таулы аймақтарында, соның ішінде Сібірдің оңтүстігінде мекен ететін тұяқты сүтқоректілер. Оны табиғатты қорғау ұйымдары қорғайды. Ал халықаралық Қызыл кітапқа жойылып кету қаупі жоғары жануар түрі ретінде кірген. Қазақстан аумағын мекен еткен арқардың барлық бес түрі мемлекеттің Қызыл кітабына енгізілген.Ж. АҚҚАЙЫР