Посткеңестік кеңістіктегі «сауда соғысының» белгілері бұрыннан байқалуда. Мысалы, Әзербайжан мен Армения арасында сауда-экономикалық блокада бар. Ресей мен Беларусь арасында да сауда кикілжіңдері жиі бас көтереді. Ресей мен Украина бір-біріне қарсы санкция енгізген. Мәскеудің тізе батыруы тіпті одақтастарын ашындырады. Бұл жолы біздің Үкімет мүшелеріне ащы мәлімдеме жасауға тура келді.
«Қазақстандық майдан ГМО табылды»
Сарапшылардың тұспалдауынша, Ресей Қазақстанның сенімді экспорттаушы ретіндегі халықаралық беделін түсіруге күш салып жатқандай. Солтүстік алпауыт қазақстандық астықшыларға, көміршілерге және басқа өндірушілерімізге дер кезінде теміржолы мен вагондарын бермей, өз аумағы арқылы өткізбей діңкелетті. Өткен жылы «Россельхознадзор» Қазақстаннан Қытайға жеткізілген күнбағыс майларынан ГМО анықталғанын жария етті. Ал шынында Қытайға жеткізілген күнбағыс майының бірде-бір партиясынан ГМО анықталмаған. Ол рапс көрінеді. Екіншіден, сол өнімді өндіру кезінде ресейлік шикізат қолданылған. Үшіншіден, ГМО барлық өнімнен емес, бір ғана компанияның жалғыз бір партиясынан табылған. ҚХР-дың Бас кедендік басқармасының Өсімдік және мал шаруашылығы департаменті 2020 жылғы 4 қыркүйекте ресми хабарлама жібереді. Онда Қазақстаннан Қытайға экспортталған рапс күнжарасы (рапсовый шрот) партиясынан ГМО табылғаны айтылған. «Қазақстаннан ҚХР-ға рапс күнжарасын экспорттауға санитарлық және фитосанитарлық талаптар туралы хаттамаға сәйкес Қытай тарапы аталған партияны елімізге қайтарды. Сонымен қатар ГМО табылған рапс майының партиясы да Қазақстанға кері жіберілді. Ал күнбағыс майынан ГМО анықталғаны туралы Қытай тарапынан бізге шағым түскен емес», – деді Ауыл шаруашылығы министрлігі.«Қызанақ пен бұрыштан вирус табылды»
Ресей тарапынан «ресми фейктер» ары қарай жалғасты. Жыл басында шетелдік-отандық ақпарат құралдары қазақстандық көкөніс-жемістерге қатысты ақпаратты адам шошырлық суреттермен бірге бере бастады. Әрине, бұған дейін «мандариннен СПИД вирусы шықты» деген сияқты бос қауесет ғаламторды кеулеп тұрған. Бірақ мына фейк ресми органның растауына құрылған: «Россельхознадзор» Қазақстаннан әкелінетін қызанақтар мен бұрыштар жеткізіліміне шектеу енгізетінін жария етті. Себебі «олар қауіпті болып шықты». «2021 жылғы 18 қаңтардан бастап РФ ветеринарлық және финосанитарлық қадағалау федералдық қызметі Қазақстанның Алматы және Ақтөбе облыстарынан тасымалданатын қызанақтар мен бұрыштардың жеткізіліміне шектеу енгізеді. Аталған қазақстандық облыстардан Ресей аумағына енген балғын томаттардан қызанақ жемісінің қоңыр қыртысты вирусы (Tomato brown rugose fruit virus немесе ToBRFV) әшкереленді. Бұл объектіге қатысты «Россельхознадзор» уақытша карантиндік фитосанитарлық шара қабылдады» делінген көрші ел хабарламасында. Одақтастар арасындағы қатынастың санкциялық жағдайға дейін жеткеніне Ресей Қазақстан тарапын айыптады: 2020 жылдың 21 желтоқсанында «Россельхознадзор» қазақстандық АШМ-ның Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетіне жергілікті өнімдерден қауіпті вирустың табылғаны туралы нота жолдапты. «28 желтоқсанда өткен келіссөздер барысында «Россельхознадзор» қазақстандық тарапты қалыптасқан жағдай туралы қосымша құлағдар етті. Сонымен қатар тергеу жүргізіп, оның нәтижелерін және Ресейге қауіпті вирус жұқтырған өнімдердің жеткізіліміне тоқтау салу үшін қандай шара қабылданғаны туралы ақпарат ұсынуды сұрады. Алайда қазақстандық тараптан ешқандай реакция болмады», – деді ресейлік ведомство. Қазақстандық БАҚ-тар да мән-жайын тексеріп жатпай бұл жаңалықты сол күйі көшіріп, таратып жатты. Серіктестің қараптан-қарап жала жапқанына жаны күйіп кетсе керек, қазақстандық тараптың реакциясы қатаң болды. Мысалы, Ауыл шаруашылығы министрлігі «Қазақстандық қызанақтардан вирус табылды» деген ақпаратты жалған, шындыққа жанаспайды деп таныды. Ал Сауда және интеграция министрлігі қажет болса, Қазақстанның Ресейге қарымта жауап қайтаруға дейін баруы мүмкін екенін ескертті.Көкөніс-жемісте вирус жоқ
АШМ ақпарына жүгінсек, 2020 жылғы желтоқсанда «Россельхознадзор» Ақтөбе мен Алматы облыстарындағы Green Capital Kazakhstan, Green Land Alatau ЖШС өнімдерінде ToBRFV анықталғаны, сондай-ақ Павлодардағы Greenhouse-Qaztomat ЖШС өндіретін қызанақты алып келуге шектеу енгізгені туралы хабарлама жіберді. – Осыған байланысты АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті шұғыл түрде ресми тексеру ұйымдастырды. Өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлар, сондай-ақ «Фитосанитария» РМК, «Фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» РММ және «Республикалық өсімдіктер карантині орталығы» ММ мамандары ПТР-талдау жүргізу мақсатында сынамаларды алу үшін Greenhouse-Qaztomat ЖШС-інде комиссиялық тексеру жүргізді, – деді ауыл шаруашылығы ведомствосы. Қазақстан батыстың, басқа елдің тестін пайдаланса, оларға жаны қас Ресей сенімсіздік танытуы әбден мүмкін. Сондықтан еліміз көршінің өз тестерін қажетіне жаратты. – Талдау үшін «РФ Бүкілресейлік өсімдіктер карантині орталығының» жедел тестері қолданылды. Ықтимал қателер мен келіспеушіліктерді болдырмау үшін зертханалық талдау әдістері мен әдістемелері де ресейлік ұйымның мамандарымен бірге жасалды. Сараптама қорытындысында Greenhouse-Qaztomat ЖШС өнімдерінде ToBRFV вирустары анықталған жоқ! – деді АШМ. Сондай-ақ еш күмән болмас үшін отандық компания өз бастамасымен өнімдерінің сынамасын Нидерландтың Groen Agro Control тәуелсіз зертханасына жіберді. Еуропалық лаборатория қазақстандық жылыжай шаруашылығында вирус жоғын хабарлаған. Дәл осындай комиссиялық тексерулер Ресей айып таққан Green Capital Kazakhstan және Green Land Alatau жылыжай шаруашылықтарында да жүргізілді. Оларда да вирус анықталмады. Ресми тексерулердің нәтижелері «Россельхознадзорға» хабарланды. Бұған қоса, еліміздегі барлық жылыжай шаруашылығында жаппай зертханалық сынақ жүргізілді, қорытындысында ешқайсысында вирус табылмады. Яғни, солтүстік алпауыттың жала жапқаны, мемлекетіміз бен кәсіпкерлерімізді босқа әуре-сарсаңға салғаны белгілі болып отыр. Сол себепті Қазақстан Еуразиялық одақтың ұлтүстілік органдарына шағымданбақ. Олар Мәскеуде орналасқан. – АШМ комитеті «Россельхознадзордың» іс-әрекеті ЕАЭО туралы шарттың талаптарын өрескел, дөрекі бұзады және экспортымызға жасанды кедергі тудырады деп есептейді. Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігі Еуразиялық экономикалық комиссияға жүгінуге ниетті, – деді ведомство. Бұл ретте Қазақстан Ресей құрылымдарының вирустарды анықтау пәрменіне күмән келтірді. Себепсіз емес: «Россельхознадзордың» Свердловтағы референттік орталығы 2020 жылғы 11 желтоқсанда Greenhouse Kazakhstan ЖШС өнімі қауіпті деп қорытынды берген. Содан компания 24 желтоқсанда сол партиядан сынамаларды алып, «Бүкілресейлік өсімдіктер карантині орталығы» ФМБМ-нің орталық зертханасында қайта сараптама жүргізуді талап еткеннен кейін аталмыш өнімнің тазалығын растайтын қорытынды берген. Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың реакциясы да өткір болды. Рас, өз батылдығынан өзі шошып кетті ме, министр Facebook парақшасындағы мәлімдемесін ізінше өшірді. Ал қатаң реакцияға жолыққан «Россельхознадзор» кейбір шектеулерін дереу алып тастады. Жұрт оқып үлгерген мәлімдемеде министр ұлттық мүддені қорғау үшін қарымта жауап шараларын енгізе алатынымызды ескертті. Б.Сұлтанов көршінің бұл жолғы әрекетін «ерекше» деп бағалады: өйткені Ресей «Қазақстанды жоқ вирус үшін айыптады және ЕАЭО нормативтік-құқықтық базасын бұзды»: ToBRFV Еуразодақтың карантин нысандарының бірыңғай тізбесіне кірмейді. Ендеше шектеу енгізуге қақысы жоқ. Министр 3 апта бойы Павлодар, Ақтөбе, Алматы облыстарындағы жылыжайларда кең ауқымды тексеру жүргізуге, сынамаларды бірнеше отандық және шетелдік лабораторияда зерттеп, қорытынды алуға қыруар уақыт пен қаражат шығын болғанын қынжыла жеткізді. Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, Қазақстан тарапы Еуразиялық экономикалық комиссия алаңында осы мәселені бірнеше рет көтеріпті, тіпті одақтың ұлтүстілік органы ЕЭК-ке 2 рет ресми өтініш жолдаған. Реакция жоқ. Егер Мәскеу мұндай әлемжеттігін, құқыққа қайшы тірлігін тоқтатпаса, Қазақстан осы мәселені одақтық талқылауға шығаруға дайын. Мысалы, таяуда, 29 қаңтарда ЕЭК кеңесі, ал 5 ақпанда Алматыда Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысы өтеді. Одан да нәтиже болмаса, Қазақстан жауап шараларын қабылдап, ресейлік өнімдерге шектеу қоя алады. Ол ол ма, Мәжіліс осы аптада «Халықаралық шарттар туралы» қолданыстағы заңды өзгертетін жаңа заң жобасын мақұлдап, Сенатқа жолдады. Оған сәйкес, Қазақстан одақтасы орындамайтын кез келген ЕАЭО құжатының күшін тоқтатып тастай алады. Ресей бұл жолы шектеуін жойды. Бірақ қыжылы қалды: ел беделіне соққы жасаған ғаламтордағы теріс ақпараттар жойылған жоқ, сол қалпы тұр. Мемлекет пен өндірушілер шеккен шығынды да көрші өтеп бермейді. «Қазақстандық көкөніс пен жемісте қауіпті вирус бар» деген үрейден халықаралық қоғамдастықты арылту үшін Қазақстанның Үкіметіне көп тер төгуге тура келмек.Елдос СЕНБАЙ