Теракт қатері жойылған жоқ
Теракт қатері жойылған жоқ
237
оқылды

Соңғы 10 жылдықта әлемде 6 мыңнан астам террорлық акті жасалып, 30 мыңнан астам адам құрбан болған екен. Елімізде де осындай бірнеше оқиға болғаны баршаға белгілі. Абырой болғанда, адам өлімі соншалықты көп емес. Сондай-ақ ресми деректер бо­йын­ша, 100-ден аса террорлық актінің жолы кесілген. Бұл – Ұлттық қауіп­сіздік комитетінің ерен еңбегінің жемісі.

Радикалдың көз жасы

Әлемде дінді саяси құрал ретінде пайдалану мен түрлі аймақтағы геосаяси мүдделер қақтығысы бір нәрсенің айқын бейнесін ашты. Ол – террордың діні жоқ екені. Алайда дін атын жамылған алдап-арбаудың құрбандары әлі де бар. Солардың бірі – Сәкен Әлменов. Егер еліміздің арнайы қызмет мамандары дер кезінде анықтап, қолға түсірмегенде ол былтыр көктемде министрліктер үйіне қарумен кіріп, Білім және ғылым ми­нистрі Асхат Аймағамбетовті кепілдікке алмақ болған. «Мектеп және колледж оқушыларына хиджап киюге рұқсат бермегені үшін Нұр-Сұлтан қаласы Мәңгілік ел көшесінде орналасқан ғимаратқа қарумен басып кіріп, министр Асхат Аймағамбетовпен бетпе-бет сөйлеспекке бел будым. Ол үшін есік алдында тұрған күзетшілерді бауыздап кетуім керек, министрдің кабинетіне баспалдақпен көтерілемін деп жоспар құрдым. Өйткені лифтіге мінсем, біреу келіп сырттан дабыл түймесін басса, ол тоқтап қалып, қамалып қаламын деп ойладым. Министр менің көзімше хиджап киюге рұқсат беретін, ұлдарды бөлек, қыздарды бөлек оқытатын бұйрық шығаруы тиіс еді. Бірақ мұның барлығын 2019 жылы Ұлттық қауіпсіздік комитеті біліп қойып, мені дереу тұтқындап әкетті», – дейді ол. Сәкен Әлменов кезінде ішкі істер органдарында тергеуші болып қызмет етіпті. Кейін қызметті қойып, Жезқазған қаласына көшіп кеткен. Дін жолына сонда жүргенде 2015 жылы түсіпті. Оны колледжде бірге оқыған курстасы тартқан екен. Бастапқыда намаз оқумен шектеліп жүрген ол бірте-бірте теріс діни ағым өкілдерімен таныса бастаған. 2018 жылы сәләфи ағымына біржолата қосылған. Қоғамға, ата-анасы мен туғандарына деген көзқарасы қатты өзгеріп, бұрынғы өзі сияқты погон таққан адамдарды жек көре бастаған. «Қазір көп нәрсеге көзім ашылды. Өзімнің дінге қатты беріліп, тым шалыс басқанымды енді түсіндім. Тіпті, ата-анамды, олардың сол уақытқа дейін берген тәрбиесін жоққа шығардым. Оларды қатты ренжіттім. Қасымдағылар «мұсылман соймаған малдың етін жеу фитна, Аллаға қарсы шығу» деп айтқанына сеніп, анамның пісірген тамағын жемей қойғаным бар. Сол істеріме қатты өкінемін. Ата-анам тезірек кездесуге келсе екен. Оларды көргім келеді. Тізерлеп отырып кешірім сұрағым келеді», – дейді темір тордың арғы жағында өкініштің көз жасын селдеткен бұрынғы радикал. Өз өмірін үлгі еткен Сәкен «бауырларын» «сөзімізге абай болайық, өзгені «жәһил» деп жүріп, өзіміз күнә арқаламайық» деп түзу жолға шақырады.

Иммунитет қалыптасып келеді

Әлемде терроризм мен радикализм асқынған шақта елімізде жер-жерде әкімдіктер жанынан Дін мәселелерін зерттеу орталықтары құрылған болатын. Бірінші кезекте діни экстремизмнің алдын алу мақсатында түсіндіру жұ­мыстарын жүргізу міндеті жүктелген мұн­дай орталықтар профилактикалық және мониторингтік бағытта көптеген жұмыс атқарып келеді. «Елімізде, соның ішінде астанамызда да діни ахуал тұрақты деп айтуға болады. Бір жағы заң қатайды, бір жағы арнайы қызметтің алдын алудағы жедел шаралары өте нәтижелі жүруде. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары да жемісін беріп отыр. Біздің орталықта 27 адамнан тұратын ақпараттық топ бар. Олар – теологтер, психологтер, филологтер, дінтанушылар, журналистер қоғам бел­сенділері және тағы да басқа мамандар. Былтыр мектептерде оқушылармен, мүғалімдермен, мешіттерде жамағатпен кездесіп, қоғамдық орындарда 395 ақпараттық түсіндіру жұмысы жүргізілді. 350-ден астам жеке қабылдау өткізілді. Онда хабарласқандардың көпшілігі мешіт жамағаты болды. Сондай-ақ 2 ғылыми бағытта зерттеу жұмысын жүргіздік. Со­ның бірі – «Қала тұрғындары деструктивті ағымдар туралы қаншалықты хабардар?» деген тақырыпта сауалнама болды. Олардың басым көпшілігі оның теріс және қауіпті екенін түсінетініне көз жеткіздік. Халықтың діни радикализмге қарсы иммунитеті қалыптасып келеді деп сеніммен айта аламыз», – дейді Нұр-Сұлтан қаласы Дін мәселелерін зерттеу орталығы директорының орынбасары, теолог Жандәулет Сүлейменов. Сондай-ақ былтыр интернетте мо­ниторинг жүргізген орталық 4 мыңнан астам пайдаланушыға әлеуметтік же­лілердегі және мессенджерлердегі ради­калды топтардан шығу туралы хабарлама жіберген. Оларға сол топтар мен олар насихаттайтын контенттердің, сілтеме жасайтын сайттары мен хостингтердің қауіптілігі туралы ескертілген. Ал топтар мен сайттар туралы арнайы орындарға хабарланған. Енді биылдан бастап осындай хабарлама жіберумен қатар, пай­даланушылардың ол топтардан шық­қан-шықпағаны туралы да мониторинг жүргізілмек. «Сонымен қатар біздің орталық «I ­көмек-109» желісіне қосылған. Егер орталықтандырылған анықтама қыз­метіне дін туралы сұрақпен хабарласу­шылар болса, оператор ол кісілерді бізге қосады. Сол мақсатта кезекші теолог пен психолог дайындап қойғанбыз. Былтыр осындай 22 қоңырауға жауап бердік. Сұрақтары негізінен «Ораза қашан басталады?», «Дәрет қалай бұзылады?» деген секілді мазмұнда. Егер дін жолына түскісі келетін жастар болса, кез келген адамнан сұрамай, осы қызмет арқылы бізге хабарласуға шақырамыз. Оларға жөн көрсетуге әрқашан дайынбыз», – дейді Нұр-Сұлтан қаласы Дін мәселелерін зерттеу орталығының бөлім басшысы Ерхан Ыбышев.

«Жусан» иісі мұрнына жетті ме?

Еліміз «Жусан» операциясын іске асырып, Сирияға кеткен қандасымыздың бірқатарын, яки 22 ер адам, 137 әйел мен 357 баланы үш кезек арнайы бортпен алдырған болатын. Олардың қылмысы дәлелденгендері сотталса, әйелдердің көбі бала-шағасымен бейімдеу орта­лықтарына орналастырылды. Кейін отбасына қайта оралғандары да бар. Нұр-Сұлтан қаласында сондай 10-ға жуық әйел тұрады. Олармен тығыз байланыста жұмыс жүргізіп жатқан дін мәселелерін зерттеу орталығы еңбекке жарамды 5 әйелді тігін цехына жұмысқа орна­лас­­тырған. «Сириядан келген әйелдер ғана емес, дін жолында жүрген жағдайы қиын әйел­дерді де орталық жанынан ашылған тігін цехына жұмысқа орналастырамыз. Пандемия басталғанда олар бетперде тігіп, тегін таратуға атсалысты. Бұл да болса, тәрбиелік шараның бір түрі деп білеміз. Әйелдер қазір біраз оңалып, жақсы болып қалды. «Жусан иісі мұры­нына жетті ме?» деп отырсыз ғой. Жетпек түгілі, көкірек сарайларын ашып, жаңаша серпін берді. Олар қандай қиыншылық пен қателікке ұрынғанын терең түсінеді. Құрдымға кете жаздағанда көмек қолын созған туған еліне, оның сарабдал басшыларына дән риза», – дейді Нұр-Сұлтан қаласы Дін мәселелерін зерттеу орталығы ақпараттық-түсіндіру, оңалту және бейімдеу бөлімінің маманы Нұргүл Рүстем. Солардың бірі – Айша (есімі өзгертіліп алынды). 14 жасында ағасының айтуымен дінге бет бұрып, 16 жасында тұрмысқа шығып, 2 қызды болады. Шам еліне де ағасымен бірге аттанады. Күйеуі мен 2 қызын тастап кетеді. Ол жақта ағасы ажал құшып, өзі қолдан-қолға өтіп, 3-4 адамға жар болып үлгереді. Күйеуінің бәрі де оққа ұшып өледі. Ол жақта некелі әйел болса, жеуге ас, киерге киімі табылады. Ал жесірдің күні қараң. 4 баламен жесір қалған ол сондай күндерде аштан өлмеу үшін тамақ ретінде көкжелек шөпті де жеген екен. Дәм-тұзының таусылмағаны болар, «Жусан» операциясымен елге оралады. Елде қалған жолдасы мен 2 қызының сыртынан бақылап, олардың бақытты өмір кешіп жатқанына шүкіршілік етеді. Ойлана келе жолдасымен кездесуге тәуекел етіп, оған қоңырау шалады. Қыздарын құшақтап, оларды тастап кеткені үшін кешірім сұрағысы келетінін айтып түсіндіреді. Бұрынғы жолдасы ешқандай қарсылық білдірмей, керісінше «қыздарына анасы алыс сапардан келгенін айтқанын және олардың осы күнді асыға күтіп жүргенін» айтады. Сөйтіп, ес біліп өсіп қалған қыздары­мен қауышты. Кездесуге келген қыздары анасын ойланбастан құшақтап, сағына күткенін айтып, қуанышын жасыра алмады. Бауырлар да бір-бірімен құшақ­тасып, танысып, табысып жатты. Шуақты күнде елге аман-есен жеткеніне, бала­лары­мен кездесіп, мауқын басқанына шүкіршілік еткен Айша, тағдырына алғыс айтып, көзіне жас алды… Қысқасы, экстремистік идеологиямен күрес азды-көпті нәтиже беріп жатыр. Өйткені мемлекет те, қоғам да «адас­қанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң» дейтін қағидаға сүйенгені, адасқандарды жөнге салуға бекінгені анық.

Нұрлан ҚОСАЙ