«Баланың балалығын ұрлауға болмайды» деген бар. Сол сияқты мектептегі сабақтың да сабақ сиқы сақталғаны жөн. Карантинді есепке алмағанда, оған дейін мұғалімдер сабақтың – бір жақта, оқушының мүлдем басқа әлемде отыратынын айтып шағымданатын. Білім және ғылым министрлігі осыны ескерді ме екен, әлде басқа себеппен бе – мектепке әкелуге тыйым салынатын және шектеу қойылатын заттар тізімін жасап, ішіне смартфонды пайдалануға қатысты ереже қосқан. 25 қаңтарға дейін осы мәселе қаралып, нақты шешім содан кейін шығады.
Электронды үкіметтің сайтында «Білім беру ұйымдарына және олардың аумағына әкелуге тыйым салынған, оларда пайдаланылуы шектелген нәрселер мен заттардың тізбесін бекіту туралы» бұйрық жобасы жарияланған. Қаңтардың 11-інде жарияланған құжат 25-не дейін талқыланады. Мүлдем әкелуге болмайтын заттардың тізімімен көпшілік қос қолдап келісіп отыр. Өйткені ол тізімнің ішінде денсаулыққа залал тигізуі мүмкін пышақ, газ баллон, электрошокер, жарылғыш заттар, темекі, психотроптық заттар сынды қауіпті құралдардан құрылған ұзын-сонар тізім бар. Әлбетте, оқу ордасында қайғылы жағдайлар жиілеп кеткен кезде мұндай тыйым керек-ақ. Бұйрықтың екінші тармағында пайдалануға шектеу қойылған заттардың тізбесі жарияланған. Ата-аналардың қарсы шығып, даулап отырғаны да – осы бөлім. Алдымен бұйрықты сөзбе-сөз келтірейік. «Қамқоршылық және педагогикалық кеңестердің келісімі бойынша білім беру ұйымы әкелуге және пайдалануға шектелген заттар мен нәрселер: 1) педагогтің рұқсаты бойынша оқу-тәрбие процесінде пайдалану жағдайларын қоспағанда, ақпаратты тасымалдау функциялары бар кез келген ұялы байланыс құралдары (пейджер,планшеттер, смартфондар, iPad (Айпад), iPod (Айпод), плейерлер, модемдер (мобильді роутерлер); 2) радио-электрондық байланыстың кез келген түрі (Wi-Fi), Bluetooth, Dect (Дект), 3G (3 Джи), 4G (4 Джи), 5G (5 Джи) және тағы басқалар). Байқасақ, көпшіліктің шулап жатқанындай, мектепке мүлдем әкелуге болмайды деген сөз жоқ. Яғни, тыйым салу мен шектеудің мәні бірдей емес. Әрі сабаққа қажет болған жағдайда мұғалімнің рұқсатымен қолдануға да болады делінген. Әйтсе де, ата-аналар бұл бұйрықты орындаушылар кейін «бас ал десе, шаш алады» деп күдіктеніп отыр. Мысалы, ашық үкіметте жарияланған бұйрықтың астындағы пікірлерге үңілсек, қолдап жатқандардың қарасы мүлдем жоқ. Ішінен іріктеп, назарыңызға ұсынғанды жөн көрдік. Нұржанов Райымжан есімді азамат бұйрықтың екінші бөлімін алып тастау керек деген пікірде. «Мемлекеттік органдарда құпияның сыртқа шығып кетуі мүмкін, ал мектепте ондай қауіп жоқ. Сондықтан шектеу қоюға айтарлықтай дәлел келтірілмеген. Смартфон не басқа да гаджеттер Конституциямен бекітілген жеке мүлік саналады. Сондықтан Ата Заңымыздағы 6-баптың 2-тармағына сәйкес, қандай да бір шектеу министр бұйрығы бойынша емес, заңмен бекітілуі керек. Одан қала берді Конституциядағы 25-баптың 3-тармағы бойынша, жеке мүлікті сот шешімімен басқа жағдайда тартып алуға болмайды. Тіпті, мына жағдайда уақытша болса да. Яғни, конституциялық құқық бұзылып тұр», – дейді «Ашық үкімет» тіркелушісі. Заңгер Медет Өсеров те шектеуді қолдамайтынын айтып отыр. «Мұғалімнің телефонды тартып алуына құқығы жоқ. Сол сияқты оқушылардың да сабақ кезінде ұялы телефон ұстауына болмайды. Әр мектептің тәртібі болады, бекітіледі. Бұл жерде мәселе барлық тараптың байламға келе алуында. Яғни, мектеп әкімшілігі, мұғалімдер, ата-аналар мен балалар бірауыздан келісімге келгені жөн. Мәселен, менің балаларым мектепке телефон апарады, бірақ қоңырау кезінде ұстау керегін жақсы біледі. Сондықтан отбасында осы жайлы айтылуы керек. Телефонды тартып алумен проблема шешілмейді. Дұрысы, балаларға түсіндіру, айту. Тіпті, мемлекеттік қызметкерлердің өзі кіреберісте бір телефонды жәшікте қалдырып, біреуін қалтасына салып кіріп жүрді. ҰБТ кезінде де оп-оңай өтіп кетіп жатады. Айтпағым, мұндай шектеудің еш мәні жоқ сияқты», – дейді заңгер.Ата-аналардың дені педагогтердің білігіне күмәнмен қарайды. Әсіресе, ұрып-соғу фактілері осы шектеудің арқасында жасырын ұсталуы да мүмкін деген болжам бар. Ал мұғалімдер бұған қатысты «балалар партаның астына телефонын тығып, ойын ойнап, желідегі парақшаларды ақтарып отырады. Сөйтіп, сабақ жайына қалады. Кедергі келтіретіні анық.Тыйым керек» деп жауап береді.
Ал Білім және ғылым министрлігі өкілдері бұл мәселеде талқылау керегін, соған сай соңғы шешім қабылданатынын айтады. «Телефон ұстауға шектеу қою мәселесі бүгін ғана талқыланып отырған жоқ. Өзге елдерде де қаралып жатыр. Бұған қатысты ой да сан алуан. Нақты бір шешім шығармас бұрын жан-жақты талдаймыз. Бүгінде кез келген білім беру мекемесінде ата-аналар комитеті, қамқоршылық кеңеспен бірлесе отырып, телефонды қалай ұстауға болатыны туралы тәртіп бекітіледі. Әлбетте, гаджеттердің сабақ кезінде кедергі келтіретіні анық. Барлық пікірді жиып, қарастырамыз. Содан кейін қандай шешімге тоқтайтынымыз белгілі болады», – дейді сала вице-министрі Шолпан Каринова. Жалпы алғанда, мектепте смартфон ұстау мәселесі әлемнің біраз елінде талқыланып, түрлі шара қолданылған. Мысалы, 2018 жылдан бері Францияда бастауыш және орта мектепте байланыс құралдарын пайдалануға толықтай тыйым салынған. Оқу процесінде керек болса ғана ұстауға рұқсат. Мұндағы мақсат – балалардың білімге көбірек ден қоюы. Сонымен бірге әлеуметтік желінің кесірінен аралары алшақтап кеткендіктен, қоңырауда бір-бірімен аралассын деген ниет жатыр деседі. Францияның Білім министрлігі осы шараның нәтижесінде интернет-буллинг азайғаны туралы да мәлімдеген. Германия осындай тыйым салғысы келетін елдердің қатарында. Әйтсе де, әзірге Баварияда ғана бар. Ол жақта сабаққа қажет болмаса, ноутбук әкелуге де рұқсат жоқ. Тіпті, Германияның ұлттық ата-аналар одағының төрағасы Хайнц-Петер Майдингер 14 жасқа дейінгі балаларға жалпы телефон ұстауға тыйым салу керек деген пікір білдірген. Бүгінде Франциядан бөлек, толық тыйым салған елдердің қатарында Әзербайжан, Грекия, Тәжікстан бар. Ұлыбританияда гаджеттерді қолдануға қатысты шешімді әр мектеп қабылдайды. Кей оқу ордасында сөніп тұрған телефонның өзін әкелуге болмайтын болса, енді бірінде еркін ұстауға рұқсат берілген. Әйтсе де, билік тарапынан тыйым салуға күш салынып жатқан көрінеді. Мектеп стандарттары жөніндегі министр Ник Гибб «Балалар уақытын смартфонмен өткізбеуге тиіс. Интернеттің мүмкіндігі мол десек те, әлеуметтік желіде, ойындармен уақыт өткізе беретін болса, ата-анасымен, достарымен араласатын, спортпен шұғылданатын уақыты болмай қалады» деген БАҚ-қа берген сұхбатында. Жапонияда ұялы телефонды мектепке әкелуге бұрын рұқсат етілмейтін. Дегенмен елде жиі болатын тайфун, жер сілкінісі, жаздағы аптап ыстыққа байланысты ол тыйым алып тасталған. Өйткені табиғи апаттар кезінде балалар ата-аналарына хабарласа алмауы мүмкін. Осыған байланысты тиісті шешім қабылданған. Ал енді бізде қандай шешім шығаратыны әзірге белгісіз. Әрі шетелдердегідей әр баланың жеке затын қоятын арнайы жәшіктер орнатыла ма, мектеп қабырғасындағы шектеу оқушыларға ғана ма, әлде бәріне бірдей ме – ол жағы да нақтыланбаған. Бұйрықтың ішінен кімдерге арналғанын таппадық. Дәл осы күйде бұйрық күшіне енетін болса, балалардың байланыссыз қалмайтыны ғана анық. Қоңырауда қайта қолына алуына рұқсат. Бірақ сабақ кезінде қолдануға салынатын тыйымның орындалу тәртібі белгісіз. Мұғалімге жинап бере ме, жоқ күзетшіге кіреберісте тапсыра ма? Ата-аналардың дені педагогтердің білігіне күмәнмен қарайды. Әсіресе, ұрып-соғу фактілері осы шектеудің арқасында жасырын ұсталуы да мүмкін деген болжам бар. Ал мұғалімдер бұған қатысты «балалар партаның астына телефонын тығып, ойын ойнап, желідегі парақшаларды ақтарып отырады. Сөйтіп, сабақ жайына қалады. Кедергі келтіретіні анық. Тыйым керек» деп жауап береді. Әйтсе де, өткен оқу жылында ұялы телефонды жан досына айналдырған балаларға бір сәтте смартфонсыз қалу төбеден жай түскендей әсер етуі мүмкін деген ой тағы бар. Жалпы, көкейде сұрақ көп. Жауабы жақында белгілі бола жатар.Жадыра АҚҚАЙЫР