Рәбиға Сыздық және қазақ неологиясы
Рәбиға Сыздық және қазақ неологиясы
680
оқылды

Қазақ әдеби тілінің лек­сикалық құрамының дина­микасына, тілдің сөздік қа­зынасының толығуы мен сұ­рыпталуына қатысты ерек­шеліктер өткен ғасырдың бас кезінен-ақ қазақ тілші-ғалымдарының әрдайым назарында.

А.Байтұрсынұлы мен Қ.Жұ­­бановтың бұл мәселеге арналған пікір-тұжырымдары барынша маңызды. Сонымен қатар А.Бай­тұрсынұлы мен Қ.Жұбанов, сондай-ақ Х.Досмұхамедұлы, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Қ.Кемеңгерұлы, Ж. Ай­мауытов, С.Қожанов және басқа да ХХ ғасырдың алғашқы жыл­дарында қазақ лексикасының ба­юына практикалық жағынан елеулі үлес қосты. Олардың тарапынан жасалған аңдату, көркемөнер, сәулет өнері (архитектура), кескін өнері (живопись), сымбат өнері (скульп­тура), лебіз ғылымы (речь), демеулік, кейіптеу, бейнелеу, қышқылтуым (кислород), сутуым (водород) сияқты жаңа сөздер осы ғалымдар жасаған әртүрлі оқулықта қолданылды. Осы сөздердің бірқатары, сондай-ақ ХХ ғасырдың 20-жылдарында А.Бай­­тұрсынұлы бастаған қазақ зиялылары ресми бекітіп, алғаш жариялаған терминологиялық сөздікке енгізілген әдістеме, жасақ (отряд), қайнатқы (кипятильник), алаңқай (площадка), тетік (механизм), үстем (надбавка), тіреуіш (кронштейн) тәрізді жаңа сөздердің бір тобы қазақ әдеби ті­лінің термин қорына қосылды. Одан кейінгі кезеңде де тілші-ғалымдар – І.Кеңесбаев, М.Ба­ла­қаев, Ш.Сарыбаев, Ә.Қайдаров, Б.Әбіл­қасымов, Е.Жанпейісов, Н.Орал­­баева тіл тарихына, оның син­­­­хронды-диахронды жағдайына, сөз мәдениетіне, сөз тіркесінің син­таксисі мен сөзжасам мәсе­лелеріне арналған еңбектерінде сөздік құ­рамға енген жаңа сөздердің нор­ма­лануы, қажеттілігі, әлеуеттік мүм­кіндігі туралы сөз қозғап отырды, бұл пі­кірлер өз кезегінде қазақ тіліндегі жазба басылымдарда жаңа сөздердің қалыптасуына, реттелуіне жол сіл­теді. Тілде пайда болған жаңа сөздер әлемдік лингвистикада неология деп аталатын бөлек тармақ шең­берінде қарастырылады. Бір жа­ғынан, бұл саланың зерделеуге қатысты бірегей нысаналары, пайда болуына әсер ететін факторлар, жасалу жолдары бірыңғай, ортақ болып келеді. Солай бола тұрса да әрбір халықтың, ұлттың танымдық ерекшеліктеріне, осы халықтың, ұлттың басын біріктіретін қоғамдық-әлеуметтік, саяси құры­лымда (мем­лекетте, елде) болған және болып жатқан өзгерістерге, тілдің өз заң­дылықтарына, басқа тілдердің әсе­рінің дәрежесіне бай­ланысты әрбір тілдегі жаңа сөздердің сипа­тында айырмашылық болады. Қазақ әдеби тілінің сөздік құра­мындағы жаңа сөздерді ғылыми-теориялық зерделеудің көш басында академик Рәбиға Сыздық тұр. Ол 1966 жылы «Жұлдыз» журналында жарияланған мақаласында сөздік қорға енген жаңа сөздерді қажеттілігі, семантикалық сәйкестілігі, жасалу жолдары жағынан пайымдап, жаңа сөздердің орнығуы мен нор­ма­­лануындағы жазба нұсқалардың, әсіресе баспасөз тілінің доминант сала екенін анықтап берді. Тіл та­рихына, әдеби норма мен сөз мә­­дениетіне арналған еңбектерінде, орфографиялық, екі тілді сөздіктің авторы, жауапты редакторы болып, оларды түзу ісіне тікелей араласуда сөздік құрамның толығуының себебі мен динамикалық сипаты ғалымның назарынан тыс қалған жоқ. Бұл бағыттағы ғалымның теориялық түйіндері мен практикалық ұсы­­ныстары «Қазақ тіліндегі ескіліктер мен жаңалықтар» және «Тілдік норма және оның қалыптануы» деп аталатын еңбектерінде топтас­тырылып берілген. Ғылымда «неологизм» деп атал­ғанымен, тіл айналымына түсетін жаңа сөздердің өзі қолда­нысына, жұмсалатын өрісіне қарай, сондай-ақ әдеби тілге енген немесе енуге әлеуеті байқалған, жеке тұлғаның, ақын-жазушылардың тарапынан жасалған қолданыстағы сөздер, басқа тілдерден енген сөздер түрінде ажыратылатыны белгілі. Әлемдік ғылымда кейде олардың барлығын да «неологизм» деп танушылық бар. Осы аталғандардың нормалық және нормалану дәрежесі, сөздік құрамға қосылу мүмкіндігі әр басқа бола­тынын байқап, ұстаз Рәбиға Сыздық оларға «тілдегі жаңалықтар» немесе «тілдік жаңалық» деген нақты атау береді. Және тілдегі жаңалықтарды номинация, терминология, аударма, сөзжасам және сөз мәдениеті са­­лаларымен тығыз байланыста қарау, талдау керегін көрсетеді. Ғалымның пікірі бойынша тілдегі жаңа қол­даныстарды, ең алдымен «неоло­гизм», «аэлогизм» және «неолексизм» қатарына топтастырып барып талдау керек. Ғалымның неологизм деп танығандары қосымшалар арқылы (өтіл, салымшы, ауысым), сөз бі­­ріктіру жолымен (орамжапырақ, тұсаукесер, ақуыз), сөз тіркестіру ар­­­­қылы (атаулы көмек, тұтыну қоржыны), сөз мағынасының ауысуы (желі, қарымта кездесу, еншілес кә­сіпорын) арқылы жасалған, қазақтың төл сөздері негіз болған жаңа бірліктер болса, аэлогизм қатарын құрайтындары – байырғы сөздердің жаңа мағынаны иеленуі (көзқаман), ал неолексизм – сирек қолданыстағы, қазіргі нормативті сөздіктерге енгізілмеген, «қайта тірілген» сөз­дердің жаңа мағынаға ие болуы (егемен, орынтақ, үйқамақ). «Қазақ тіліндегі ескіліктер мен жаңалықтар» еңбегінің тағы бір маңызды жағы – жаңа сөздердің пайда болу себебінің жинақталуы. Ғалым тілдің құзырынан тыс фак­торлардың (экстра­лингвис­тикалық) маңызды екенін, қазақ тілінің мем­­лекеттік мәртебе алуы себепті тілдің болмыс-бітімінде, әлеуметтік қыз­метінде жаңа белгілердің пайда болғанын көрсетеді. Бұл мәселе тілге деген ұлттық рухани сұраныстың күшеюі мен ұлттық сананың беки түсуіне байланысты қаралады. Сөз­дік қазынаның молаюы 1990 жыл­дардан басталатынын көрсете оты­рып, ғалым жаңа қолданыс жасаудың ішкі лингвистикалық заңды­лық­тарын толығырақ баяндайды. Бұл заңдылықтардың бірі – сөз тудыру қызметі, қазіргі ақпарат-дерегі мол заманда жиі пайда болатын ұғымды түсіндіріп берудің орнына бір сөзбен таңбалау, көп сөзді тіркестің орнына бір сөзді жасау тілдің осы қызметінен туындайды. Осы жайт ғалым сара­лайтын үнемдеу заңдылығымен аста­сады, яғни күрделі атауларды қыс­қарту (ААҚ – ашық акционерлік қо­ғам), ықшамдалған немесе сы­ғымдалған амалмен жасалған жаңа сөздер тілде кездеседі. Сурет­теме түрінде аталуы тиіс болатын жаңа ұғым үшін, ғалымның пікірінше «бөгде тілдік бір сөзді пайдала­нушылық» та қажет емес. Академик Рәбиға Сыздық айтқан маңызды тұжырымдардың тағы бірі – субъективті түрде, жоғарыда аталғандай өлшемдерге жауап бере алмайтын жаңа сөздердің қалай бағаланатыны. «Бүгінде еркін және өз орнында қолданылып келе жат­қан, басым көпшілігі «кірме сөз» статусына ие бола алатын интер­бірліктердің баршасын қазақшалап, олардың орнына қайткенде де қазақша неологизмдер ұсыну ұста­нымын (принципін, мұратын, бағыт-мақсатын) толық мақұлдауға бол­майды. ... Кірме сөздерді қазақ лекси­касының бір қабаты деп тану ке­рек», – дейді ғалым. Бұл пікір ұсы­нылған жаңа сөздің қолданысқа қа­жет­сіздігінің, олардың семан­тикалық сәйкессіздігінің себебін тануға, жал­ған жаңа сөздер жаса­луының тоқталуына тіреу бола алады. «Біздің бұл жұмысымыз сөздердің нормалануына арналған істерге бастама әрі бағдарлама іспеттес болса дейміз» деп атай отырып, ғалым қазақ тіл білімінің неология саласы бойынша алдағы уақытта атқарылуы тиіс іс-ша­ра­ларды топтаған. Ең бастысы, күн­­делікті мерзімді ба­­сы­лымдар мен басқа да жазба нұсқа­лардың тілін қадағалап, «Жаңа сөз­дер сөздігін», қазіргі қоғамның саяси-әлеуметтік, мәдени-эко­но­микалық ішкі-сыртқы байла­ныс­тарының қар­қын­дануына бай­ланысты көптеп еніп жатқан бөгде тілдің сөздерін қам­титын «Кірме сөздер сөздігін», сондай-ақ құрама бірліктердің сөздігін түзу қажет. Бұл тұжырымдарды толықтыру ретінде айтарымыз: «Қазақ тілін­дегі жаңа қолданыстар» және «Жаңа атаулар» деп аталатын жаңа тілдік бірліктердің жинақ-анықтамалығы шыққанына ширек ғасырға жуық уақыт болды. Бұл еңбек «қазақ әдеби тілі лексикасының дамуын, жаңа сөздердің жинақталуын көрсетуі жағынан аса құнды еңбек» деп ба­ғаланған. Сонымен қатар ғалым, ұстаз Рәбиға Сыздық жаңа қолда­­ныстарды теориялық жағын тұжы­рымдауға, жаңа сөздердің өзін­­дік ерекшеліктері мен се­ман­тикасын талдауға арналған зерт­теулерінің қазақ неологиясы саласындағы алғашқы зерттеулер ретінде құнды­лығы жоғары. Сонымен қатар қоғам өміріндегі жаңғырулар, тілдің өз қозғалысы лексикалық құрамды әрдайым жаңа тілдік бірліктермен толықтырып отырады.  Сондықтан қазақ тіл танымында неология мен неография саласын, әсіресе тілге толассыз енген (және еніп жатқан) жаңа тілдік бірліктердің коди­фи­­кациялануын теориялық-прак­ти­­калық тұрғыдан қарқынды дамыту маңызды болып отыр. Академик Рәбиға Сыздық еңбектері қазақ сөз мәдениеті, әдеби тіл нормалары, терминология және терминография, аударма және әлеуметтік линг­вистика, лексикология мен сөз се­мантикасы, әдеби тілдің функ­цио­­налды стильдерінің қазіргі сипаты, орта мектептерде білім беру жүйе­­­­сінде қазақ тілін оқыту әдіс­темесін жандандыру бағы­тындағы зерт­­теулерді толықтыратыны, ең бас­тысы қазақ неологиясы мен нео­графиясының қалыптасуына жол ашатыны сөзсіз.

Қамар АЛДАШЕВА, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті