Қазақ әдеби тілінің лексикалық құрамының динамикасына, тілдің сөздік қазынасының толығуы мен сұрыпталуына қатысты ерекшеліктер өткен ғасырдың бас кезінен-ақ қазақ тілші-ғалымдарының әрдайым назарында.
А.Байтұрсынұлы мен Қ.Жұбановтың бұл мәселеге арналған пікір-тұжырымдары барынша маңызды. Сонымен қатар А.Байтұрсынұлы мен Қ.Жұбанов, сондай-ақ Х.Досмұхамедұлы, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Қ.Кемеңгерұлы, Ж. Аймауытов, С.Қожанов және басқа да ХХ ғасырдың алғашқы жылдарында қазақ лексикасының баюына практикалық жағынан елеулі үлес қосты. Олардың тарапынан жасалған аңдату, көркемөнер, сәулет өнері (архитектура), кескін өнері (живопись), сымбат өнері (скульптура), лебіз ғылымы (речь), демеулік, кейіптеу, бейнелеу, қышқылтуым (кислород), сутуым (водород) сияқты жаңа сөздер осы ғалымдар жасаған әртүрлі оқулықта қолданылды. Осы сөздердің бірқатары, сондай-ақ ХХ ғасырдың 20-жылдарында А.Байтұрсынұлы бастаған қазақ зиялылары ресми бекітіп, алғаш жариялаған терминологиялық сөздікке енгізілген әдістеме, жасақ (отряд), қайнатқы (кипятильник), алаңқай (площадка), тетік (механизм), үстем (надбавка), тіреуіш (кронштейн) тәрізді жаңа сөздердің бір тобы қазақ әдеби тілінің термин қорына қосылды. Одан кейінгі кезеңде де тілші-ғалымдар – І.Кеңесбаев, М.Балақаев, Ш.Сарыбаев, Ә.Қайдаров, Б.Әбілқасымов, Е.Жанпейісов, Н.Оралбаева тіл тарихына, оның синхронды-диахронды жағдайына, сөз мәдениетіне, сөз тіркесінің синтаксисі мен сөзжасам мәселелеріне арналған еңбектерінде сөздік құрамға енген жаңа сөздердің нормалануы, қажеттілігі, әлеуеттік мүмкіндігі туралы сөз қозғап отырды, бұл пікірлер өз кезегінде қазақ тіліндегі жазба басылымдарда жаңа сөздердің қалыптасуына, реттелуіне жол сілтеді. Тілде пайда болған жаңа сөздер әлемдік лингвистикада неология деп аталатын бөлек тармақ шеңберінде қарастырылады. Бір жағынан, бұл саланың зерделеуге қатысты бірегей нысаналары, пайда болуына әсер ететін факторлар, жасалу жолдары бірыңғай, ортақ болып келеді. Солай бола тұрса да әрбір халықтың, ұлттың танымдық ерекшеліктеріне, осы халықтың, ұлттың басын біріктіретін қоғамдық-әлеуметтік, саяси құрылымда (мемлекетте, елде) болған және болып жатқан өзгерістерге, тілдің өз заңдылықтарына, басқа тілдердің әсерінің дәрежесіне байланысты әрбір тілдегі жаңа сөздердің сипатында айырмашылық болады. Қазақ әдеби тілінің сөздік құрамындағы жаңа сөздерді ғылыми-теориялық зерделеудің көш басында академик Рәбиға Сыздық тұр. Ол 1966 жылы «Жұлдыз» журналында жарияланған мақаласында сөздік қорға енген жаңа сөздерді қажеттілігі, семантикалық сәйкестілігі, жасалу жолдары жағынан пайымдап, жаңа сөздердің орнығуы мен нормалануындағы жазба нұсқалардың, әсіресе баспасөз тілінің доминант сала екенін анықтап берді. Тіл тарихына, әдеби норма мен сөз мәдениетіне арналған еңбектерінде, орфографиялық, екі тілді сөздіктің авторы, жауапты редакторы болып, оларды түзу ісіне тікелей араласуда сөздік құрамның толығуының себебі мен динамикалық сипаты ғалымның назарынан тыс қалған жоқ. Бұл бағыттағы ғалымның теориялық түйіндері мен практикалық ұсыныстары «Қазақ тіліндегі ескіліктер мен жаңалықтар» және «Тілдік норма және оның қалыптануы» деп аталатын еңбектерінде топтастырылып берілген. Ғылымда «неологизм» деп аталғанымен, тіл айналымына түсетін жаңа сөздердің өзі қолданысына, жұмсалатын өрісіне қарай, сондай-ақ әдеби тілге енген немесе енуге әлеуеті байқалған, жеке тұлғаның, ақын-жазушылардың тарапынан жасалған қолданыстағы сөздер, басқа тілдерден енген сөздер түрінде ажыратылатыны белгілі. Әлемдік ғылымда кейде олардың барлығын да «неологизм» деп танушылық бар. Осы аталғандардың нормалық және нормалану дәрежесі, сөздік құрамға қосылу мүмкіндігі әр басқа болатынын байқап, ұстаз Рәбиға Сыздық оларға «тілдегі жаңалықтар» немесе «тілдік жаңалық» деген нақты атау береді. Және тілдегі жаңалықтарды номинация, терминология, аударма, сөзжасам және сөз мәдениеті салаларымен тығыз байланыста қарау, талдау керегін көрсетеді. Ғалымның пікірі бойынша тілдегі жаңа қолданыстарды, ең алдымен «неологизм», «аэлогизм» және «неолексизм» қатарына топтастырып барып талдау керек. Ғалымның неологизм деп танығандары қосымшалар арқылы (өтіл, салымшы, ауысым), сөз біріктіру жолымен (орамжапырақ, тұсаукесер, ақуыз), сөз тіркестіру арқылы (атаулы көмек, тұтыну қоржыны), сөз мағынасының ауысуы (желі, қарымта кездесу, еншілес кәсіпорын) арқылы жасалған, қазақтың төл сөздері негіз болған жаңа бірліктер болса, аэлогизм қатарын құрайтындары – байырғы сөздердің жаңа мағынаны иеленуі (көзқаман), ал неолексизм – сирек қолданыстағы, қазіргі нормативті сөздіктерге енгізілмеген, «қайта тірілген» сөздердің жаңа мағынаға ие болуы (егемен, орынтақ, үйқамақ). «Қазақ тіліндегі ескіліктер мен жаңалықтар» еңбегінің тағы бір маңызды жағы – жаңа сөздердің пайда болу себебінің жинақталуы. Ғалым тілдің құзырынан тыс факторлардың (экстралингвистикалық) маңызды екенін, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алуы себепті тілдің болмыс-бітімінде, әлеуметтік қызметінде жаңа белгілердің пайда болғанын көрсетеді. Бұл мәселе тілге деген ұлттық рухани сұраныстың күшеюі мен ұлттық сананың беки түсуіне байланысты қаралады. Сөздік қазынаның молаюы 1990 жылдардан басталатынын көрсете отырып, ғалым жаңа қолданыс жасаудың ішкі лингвистикалық заңдылықтарын толығырақ баяндайды. Бұл заңдылықтардың бірі – сөз тудыру қызметі, қазіргі ақпарат-дерегі мол заманда жиі пайда болатын ұғымды түсіндіріп берудің орнына бір сөзбен таңбалау, көп сөзді тіркестің орнына бір сөзді жасау тілдің осы қызметінен туындайды. Осы жайт ғалым саралайтын үнемдеу заңдылығымен астасады, яғни күрделі атауларды қысқарту (ААҚ – ашық акционерлік қоғам), ықшамдалған немесе сығымдалған амалмен жасалған жаңа сөздер тілде кездеседі. Суреттеме түрінде аталуы тиіс болатын жаңа ұғым үшін, ғалымның пікірінше «бөгде тілдік бір сөзді пайдаланушылық» та қажет емес. Академик Рәбиға Сыздық айтқан маңызды тұжырымдардың тағы бірі – субъективті түрде, жоғарыда аталғандай өлшемдерге жауап бере алмайтын жаңа сөздердің қалай бағаланатыны. «Бүгінде еркін және өз орнында қолданылып келе жатқан, басым көпшілігі «кірме сөз» статусына ие бола алатын интербірліктердің баршасын қазақшалап, олардың орнына қайткенде де қазақша неологизмдер ұсыну ұстанымын (принципін, мұратын, бағыт-мақсатын) толық мақұлдауға болмайды. ... Кірме сөздерді қазақ лексикасының бір қабаты деп тану керек», – дейді ғалым. Бұл пікір ұсынылған жаңа сөздің қолданысқа қажетсіздігінің, олардың семантикалық сәйкессіздігінің себебін тануға, жалған жаңа сөздер жасалуының тоқталуына тіреу бола алады. «Біздің бұл жұмысымыз сөздердің нормалануына арналған істерге бастама әрі бағдарлама іспеттес болса дейміз» деп атай отырып, ғалым қазақ тіл білімінің неология саласы бойынша алдағы уақытта атқарылуы тиіс іс-шараларды топтаған. Ең бастысы, күнделікті мерзімді басылымдар мен басқа да жазба нұсқалардың тілін қадағалап, «Жаңа сөздер сөздігін», қазіргі қоғамның саяси-әлеуметтік, мәдени-экономикалық ішкі-сыртқы байланыстарының қарқындануына байланысты көптеп еніп жатқан бөгде тілдің сөздерін қамтитын «Кірме сөздер сөздігін», сондай-ақ құрама бірліктердің сөздігін түзу қажет. Бұл тұжырымдарды толықтыру ретінде айтарымыз: «Қазақ тіліндегі жаңа қолданыстар» және «Жаңа атаулар» деп аталатын жаңа тілдік бірліктердің жинақ-анықтамалығы шыққанына ширек ғасырға жуық уақыт болды. Бұл еңбек «қазақ әдеби тілі лексикасының дамуын, жаңа сөздердің жинақталуын көрсетуі жағынан аса құнды еңбек» деп бағаланған. Сонымен қатар ғалым, ұстаз Рәбиға Сыздық жаңа қолданыстарды теориялық жағын тұжырымдауға, жаңа сөздердің өзіндік ерекшеліктері мен семантикасын талдауға арналған зерттеулерінің қазақ неологиясы саласындағы алғашқы зерттеулер ретінде құндылығы жоғары. Сонымен қатар қоғам өміріндегі жаңғырулар, тілдің өз қозғалысы лексикалық құрамды әрдайым жаңа тілдік бірліктермен толықтырып отырады. Сондықтан қазақ тіл танымында неология мен неография саласын, әсіресе тілге толассыз енген (және еніп жатқан) жаңа тілдік бірліктердің кодификациялануын теориялық-практикалық тұрғыдан қарқынды дамыту маңызды болып отыр. Академик Рәбиға Сыздық еңбектері қазақ сөз мәдениеті, әдеби тіл нормалары, терминология және терминография, аударма және әлеуметтік лингвистика, лексикология мен сөз семантикасы, әдеби тілдің функционалды стильдерінің қазіргі сипаты, орта мектептерде білім беру жүйесінде қазақ тілін оқыту әдістемесін жандандыру бағытындағы зерттеулерді толықтыратыны, ең бастысы қазақ неологиясы мен неографиясының қалыптасуына жол ашатыны сөзсіз.Қамар АЛДАШЕВА, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті