Таңдау еркі сізде: шипажай ма, әлде Түркияға сапар ма?
Таңдау еркі сізде: шипажай ма, әлде Түркияға сапар ма?
698
оқылды

Қыс мезгілі келіп, елдің біраз бөлігі қар құрсауында қалса да, қысқы демалысын алып, саяхат жасаушылар саны көп. Әлемді жайлаған пандемияға қарамастан қазақстандықтар шетелге және аптап ыстық аралдарға баруын қояр емес. Мамандардың айтуынша, отандық шипажайларда демалғаннан гөрі, шетел асып, саяхат жасаған әлдеқайда арзан көрінеді.

Бұл ретте бағасы тұрғысынан қолжетімді әрі қызмет көрсету сапасы жағынан жоғары тұрған аймақтардың арасында Түркістан облысы көш бастап тұр.

«Бізде қазір не көп, туристік агенттік көп. Бірақ бір жылға жуықтаған дерттің кесірінен олардың дені жабылып, уақытша болса да жұмысы тоқтап қалды. Негізі, біздің отандық демалыс орындарында демалғаннан, шетелде демалу әлдеқайда арзан. Сосын климаттық  жағдай тағы бар. Мысалы, астаналықтар қыстыгүні Бурабайға барғаннан гөрі, ауа райы жылы аймаққа, яғни шетелге барғанды ұнатады. Ал Бурабайдағы қонақүйлердің бір тәуліктік бағасы аз дегенде – 18 мың теңге. Кемі 5 тәулікке алатын болсақ, бұл сома 90 мың теңгеге шығады. Ал оған тек таңғы ас кіреді.

Бұған трансфер кірмейді. Бұл – бір адамның қарапайым қонақүйдің бір бөлмесін жалға алуы. Кішкене ғана саяжай үйі – 70-80 мың теңге. Оның ішіне монша да, күнделікті ас та кірмейді. Жақын маңдағы мейрамханалардан тамақтануға тура келеді. Мұндай мейрамханаларды Бурабай, Сарыағаш, Мойылды, Алматыдағы шипажайлардан таба аласыз. Ал бағасы тұрғысынан ең қолжетімді шипажай – Түркістан облысындағы Сарыағаш шипажайы. Мұнда тұрғындар арзан бағаға демалып қана қоймай, түрлі ем-дом қызметтерін ала алады», – дейді елордадағы Satti Travel туристік агенттігінің мамандары. [caption id="attachment_105220" align="alignnone" width="800"]шипажай шипажай[/caption] Сонымен бірге туристік агенттік өкілі еліміздегі ең қымбат қонақжайдың қайда орналасқанын  айтып берді.

«Қымбат қонақүйге келер болсақ, Көкшетаудағы  Rixos Borovoe деп айта аламын. Ол еліміздегі қымбат қонақүй екені рас. Сол сияқты ШҚО-дағы Алакөл туристік аймағы да қарқынды дамып жатыр. Онда да баға жалға берілетін бөлмелердің санатына байланысты болады. Мәселен, стандарт, жартылай стандарт, люкс санатындағы бөлмелер деген бар. Шамамен бір бөлменің тәуліктік орташа сомасы  11 мың теңгеден басталады», – деді туристік компания өкілі.

Соның арасында отандық шипажайлардың ең үздігін атап, бағасын анықтауға тырыстық. Көкшетаудың оңтүстік-шығысына қарай 75 шақырым жерде орналасқан Бурабайда 20-дан астам шипажай, профилакторий, санаторий,  демалыс үйі мен спорттық-сауықтыру лагері бар. Мұнда негізінен тыныс алу органдары, асқазан-ішек жолдары, жүрек-тамыр жүйесі, қимыл-тірек аппараты ауруларын емдейді. Шипажайлардың бағасы да әртүрлі. Арасында құны кем түспейтін қымбаты да бар. [caption id="attachment_105221" align="alignnone" width="800"]шипажай ©Жұмабек Айқынұлы[/caption] Ал Сарыағаш шипажайы кеңестік кезден-ақ ТМД елдеріне танымал болды. Оның басты қаруы – құрамы минералдарға бай атақты «сода» термалды  қайнар көзі. Сарыағаш суы – асқазан-ішек жолдары, зәр шығару, өт жолдары, бауыр,  эндокринді аурулар, ауыр металдармен созылмалы интоксикация, тері аурулары үшін таптырмас ем. Жыл бойы есігі айқара ашық шипажайда наурыз айына дейін жеңілдік жасалуда.  Әзірге тәулігін  8 000 теңгеге табуға болады. Оның ішіне 4 уақыт тамағы, ем-домы кіреді.

Алакөлде де сол баға. Жаздың қамын осы кезден ойлап, алып қойса ғана жеңілдікпен табу мүмкін. Жаз кезінде баға деген шарықтап, ең арзаны – 15 мың теңгеге барады. Мұндағы су – хлор, натрий, сульфаттар, фтор және бромға бай, тұздылығы 1,2-12 промилле. Менделеевтің кестесіндегі көптеген элементтерді құрамына сыйғызған Алакөл суы – теңіз суына ұқсас және өкпе, қимыл-тірек аппараты, жүйке жүйесі, тері ауруларын емдеуге таптырмас жер.

Алма-Арасанда орналасқан «Алтын Қарғалы» шипажайында жатын орынға төленетін ақыға ем-дом кірмейді. Оның ақысы бөлек.  «Мерке» шипажайы болса, бір адамға 5 күнге 60 000 теңгеден басталып тұр.  «Рахман бұлағы» шипажайы бір адамға 12 күнге  – 175 000 теңге. Оған трансфер, тұру, тамақтану, емделу кіреді. Алайда біздің шипажайларда барып-келу жолы, ем-домның барлық түрі төленетін ақыға кірмейтіні тағы бар. [caption id="attachment_105222" align="alignnone" width="800"]шипажай ©Жұмабек Айқынұлы[/caption] Нұрсұлтандық жиһанкез-блогер Анар Елжан шетелдерге демалғанды жөн санайды. Оның айтуынша, Түркияға 6 күнге демалу – 330 мың теңге. Оған барып-келу жолы,  яғни  ұшақ билеті де кіреді. Төрт уақыт тамағы, трансфер, медициналық сақтандыру және тарихи жерлерді аралай аласыз. Бастысы, Түркияның қай қаласына баратыныңызды шешіп алуыңыз қажет. Ол жерде ең танымал болған 9 демалыс орны:
  • Каппадокия;
  • Стамбұл;
  • Ван көлі;
  • Арарат тауы;
  • Олюдениз (Өлі Теңіз);
  • Ликия жолы;
  • Памуккале;
  • Капуташ жағажайы;
  • Солтүстік Анатолия тауы бар.
Kaztour агенттігінің менеджері Анна Полуденованың айтуынша, елдің көбі шипажайдан гөрі Түркияға барғанды дұрыс көреді. Әрі пандемияның әсерінен баға да арзандай түскені тағы бар. Оған қоса, әр айдың кей күнінде жеңілдіктер болып тұрады. Мәселен, өткен жұмада наурыз айына жолдаманы Стамбұлға 126 мың теңгеге, ал Анталияға 154 мың теңгеге сатып алуға мүмкіндік болды. Демаламын десеңіз, ерік өзіңізде! Бастысы, дұрыс орынды таңдай білсеңіз болғаны.