Түркістан облысында 27 жастағы жігіттің өліміне қатысты сот отырысы басталды. Әлеуметтік желіде қызу талқыланған бұл қайғылы оқиға былтыр мамыр айында болған, - деп хабарлады Астана телеарнасы.
Марқұмның туысы біздің арнамызға хабарласып, "Күйеуі бар, көпбалалы келіншекпен байланыста болғаны үшін інісін әйелдің туыстары мерт қылды" деген еді.
27 жастағы жігіттің өліміне екі адам кінәлі деп танылған. Біреуі - марқұммен байланыста болған келіншектің күйеуі, екіншісі - келіншектің туған інісі. Оларға жас жігітті өлімші етіп сабады деген айып тағылған.
Марқұмның артында төрт баласы қалды.
-Жәбірленуші Ә.Баймұрзаев ауыр дене жарақатынан қайтыс болған. Бір топ адам оны ұрып-соғып абайсызда өлтірген.
Бұл оқиға өткен жылдың мамыр айында болған. 27 жастағы жігіт күйеуі бар келіншекпен байланыста болғаны үшін ауыр соққыға жығылған. Ол 4 күн ес-түссіз жатып, ауруханада көз жұмды , - деді мемлекеттік айыптаушы Ермек Әбдіғаниев.
Марқұмның ағасы інісінің көз алдында таяқ жегенін айтып отыр.
Болат Баймұрзаев сол күні інісімен сөйлескен екен. Марқұм байланысты доғаратынын айтып уәде берген. Алайда ол нақсүйерімен бәрібір кездескен. Айтуынша, кездесуге оны әйелдің өзі шақырыпты. Інісін алты адам жабылып сабаған көрінеді. Алайда айып екі адамға ғана тағылған. Жәбірленуші тарап қыздың әкесін де жауапқа тартуды талап етіп отыр.
- Дұрыс тергелмеді. Сараптама дұрыс жүргізілмеген. Бізде суреттері бар, мәйітін суретке түсірген уақытта денесіне пышақтың бір емес, бірнеше рет сұғылғаны көрінеді. Бастан ғана емес, денесінің басқа жерлерінен де ұрған. Бұл сот отырысы негізі қазан айында өтуі керек еді. Алайда судья істі тергеуге қайта жіберіп, іс қаңтарға қалды. Бейсенбіге белгіленген келесі сот процесінде куәгерлер тыңдалмақ, - дейді жәбірленушінің заңды өкілі Құрманғалы Мүсір.