Президент мақаласын талқылады
Президент мақаласын талқылады
223
оқылды

«Nur Otan» партиясының Ақмола облыстық филиалы жанындағы Miras қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтті. Аталған жиын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы жылдың 5 қаңтарында Egemen Qazaqstan газетінде жариялаған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласын жастарға түсіндіруге арналды. 

Партия жанындағы Miras кеңе­сінің төрағасы, қоғам қайраткері, журналист, жазушы Жабал Ерғалиев егемендігіміз бен елдігіміздің тірегі болатын басты бағыттарды айтып, іргеміздің берік болуы үшін қажет деп таныған Прези­денттің айқын­дап берген шараларына тоқталды. Мақаланың әр бөлімін жік-жіктеп түсіндіріп, әділетті қоғам, тарих пен тағылым тақырыбында толғана сөз қозғады. Президенттің өзі кепіл болып, мақаласында қадап айтқан, бабалар қанымен, Алаштың жанымен осы күнге дейін сақталып келген қазақтың жеріне нұқсан келмейтіні де сөз болды. Ол үшін әр қазақтың жүрегі «елім, жерім» деп соғып, жастар жеке бастың мүд­десінен елдің, тәуелсіздіктің мүд­десін жоғары қою керек деген пікірін білдірді. Жабал Ерғалиұлы жастарды барды бағалауға шақырды. Қазақ тілінің мәртебесін түсірмей, ұлт­жанды болып, тәуелсіздік жолында қызмет етуден артық ұлы жолдың жоғын айтты. Жиын барысында сөз алған облыс­тық мәслихат депутаты, «Болашақ сарайының» басшысы Айнагүл Бал­ташева мен «Jas Otan» Жастар қанаты Ақмола облыстық филиалының төра­ғасы, Көкшетау қалалық мәслиха­тының депутаты Сұлтанбек Бекешев те «Тәуелсіздік  – басты құндылық» тақы­ры­бында cөз қозғап, пікірін бөлісті.

Әбілмансұр ЖАСАН