Қазақша рэп: жетістіктің сыры неде?
Қазақша рэп: жетістіктің сыры неде?
388
оқылды

Кез келген дәуірде, кезеңде аға буынның жастарға сыни көзбен қарайтыны дәстүрге айналып кеткендей. Бірақ жас­тардың көзқарасын жоққа шығара беруге бола ма? Жалпы, өнер атаулының құндылықтары да адам мен зама­нына сай құбылып отыратынында болса керек. XX ғасыр му­зыка сала­сында төңкеріс жасап, көптеген жаңа бағыт ту­дыр­ды. Одан бе­рі талай жыл өтсе де, қазақ қоғамында суб­мәдениетке қа­тысты толығымен оң пікір қалыптасты деп айта алмаймыз.

Музыка қоғамды тек сауық-сай­ранға сүйрей бермей, белгілі бір деңгейде санасында дүмпу жасап, жаңа өзгерістерге бейімдей алуы ке­рек тәрізді. Жаңа өзгеріс де­ген­нен шығады, бұл сөзді жиі қол­дануымыздың өзіндік себебі бар. Қазір жастар ғана емес, орта буын да үзбей тыңдайтын қа­зақстандық музыка топтары жетерлік. Осыдан 2-3 жыл бұрын сынның астында қалған олар өздерін мойындата бас­тады. Бүгін соның екеуі – 91 (Ninety One) мен «Ирина Кайратов­на» тобына ерекше тоқ­таламыз.

Сын ширатты ма, сыншыны қиратты ма?

Әңгімені әріден бастасақ. 2001 жы­лы «Орда» тобы сахнаға шық­қанда стилі де, әні де өзге жастарға үлкендер жағы үрке қарады. 2015 жылы 91 (Ninety One) тобы  жаңа субмәдениеттің не­гізін қалаушы ретінде танылды. Кейін басқа да поп топтар қаптай бастағанымен, 91 тобы әлі күнге дейін үздіктер қатарында келеді. 1990-жылдары Оңтүстік Кореяда Батыстың элек­троника, электропоп, хип-хоп, з­а­манауи ритм-н-блюз эле­мент­те­рі­нің басын құраған K-pop жанры бас­тау алды. 91 тобы осы жанрдан үлгі алғаны жиі айтылады, бірақ көшірме деп кінәлауға тағы болмас. Алайда «еліктеушіліктен туған» деп айыптайтындар же­терлік. Айып­таудың басты екі се­бебі бар. Бірін­шісі әнді жылдам айтып, сөздері түсініксіз болып естіледі десе, екіншісі киім мен сән үлгісіне қа­тыс­ты. Бірақ 91 тобы босқа ты­раш­танды дей алмаймыз. Көптеген әлем елдерінде тың­дарманы табы­лып, қазақ тілінің насихатталуына аз да болса септігін тигізді. Әдетте қазақ­стандық тың­дарман ресейлік әншілерді тың­дайды, ал 91 бұл үрдісті сәл де болса бұза алды. Топ­ты құрған әнші Ер­болат Беделхан әуел бастан-ақ басты мақсат өзгеше форматтағы өнер иелерінен әлем­дік трендке сай қазақ тіліндегі контент жасау екенін айтқан. Әуел­де тек махаббат, сезім жайлы ән айтып танылған топ соңғы 2 жылда әлеуметтік, жастар мәселесі мен сая­си оқи­ғаларға көңіл бөле баста­ды. Өз кезегінде бұл жастардың аза­мат­тық көзқарасын қалыптас­тыруға ықпал ететіні сөзсіз. Бүгінде YouТube желісінің ық­палы артып жатыр. Қай әнші мен қай әннің сұранысқа ие екенін осы желі арқылы білеміз. Мәсе­лен, жаңағы айтқан 91 тобының бей­неклиптерін қанша көрермен қа­ра­ғанын шолып көрсек. Men Emes деп аталатын ән YouТube ар­қылы 13,9 млн рет тыңдалса, жаһан­­дық проблемалар жайлы Bari biled туындысы 7,1 млн, Bayau әні 7,4 млн көрілім жинаған. Мұ­ны неге тізіп отыр демеңіз. Се­бебі қазақ тілінде ән айтып, бір ғана желіде миллиондап тың­дар­ман жинау қиын. Оның үстіне, бұл құлақ үйренген той әндері емес. Осыдан 3 апта бұрын 91 то­бы мен «Ирина Кайратовна» тобы бір­лесіп, Taboo туындысын жа­рия­лаған болатын. Осы аралықта бейнебаян 2,3 млн көрермен жи­нап үлгерген екен. «Ирина Кайратовна» (ИК) то­бы осыдан шамамен 5 жылдай уақыт бұрын жастар өмірін бей­не­лейтін юмор, треш бағытындағы қысқа фильм түсіріп таныла бастаған. 2017 жылдан кейін жас­тары 20-дан енді асқан топ мү­шелері рэп, хип-хоп жанрында ән айта бастады. Бұл топтың өз­гелерден бөліп, түсін түстер басты себеп бар. Рэп арқылы елімізде белең алып жатқан отбасындағы зорлық-зомбылық пен наша­қорлықтың зиянына жастардың назарын аударғаны шынымен таңғалдырады. Мәселен, «Беги» әнінен соны аңғара аласыз. Туынды жарыққа шыққанда жастардың біразы бұрын бұл нәрселерге қатты көңіл бөлмегенін айтып пікір қалдырған. Яғни, кей кезде «жөнді сөзге құлақ аспайтын» жастарды кінәлап жатамыз, ал оларға зардабы мол дүниелерді музыкамен жет­кізуге болады екен. Бірақ ИК тобының мүшелері арагідік тұрпайы әрекеті көп бей­небаян түсіреді. Онда өздері секілді жастардың ішімдік ішіп, есірткіге әуес болғаны суреттеледі. Осы тұста сынай қарайтынымыз жа­сырын емес. Топ мүшелері бұл әре­кеттерін ұғынған адамға «мыс­қыл» екенін айтады. Қазір олар тек отбасындағы ажырасу, ақшаға құмарлық пен кей шендінің теріс ісін сынайтын әуендер жазумен ай­налысып келеді. 3 апта бұрын топ «5К» әнін жарыққа шығарды. Қа­зір туынды 5,3 млн рет қаралған. Жастардың сауық қуған ғұмырын бейнелеген ARRIVA әуені 9,1 млн рет тыңдалыпты. Ал оларға қа­тыс­ты айтылған мақтау мен даттауды ті­зіп отырмаймыз. Ең бас­ты сауал – орта буын мен жастардың осындай топтарға қызы­ғуында қандай мән жатыр?

Мамандар не дейді?

Роман БҰРҚАШ, музыкатанушы: – Музыканың функциясы өте көп. Ол тек әдемі дыбыс жиынтығы емес, қарым-қатынас құралы. Сондықтан кез келген музыкантта жауапкершілік болуы керек. Азаматтық позицияны білдірер тұста бұғып қалмауы тиіс. Музыканттардың екі тобы бар: әртіс пен тұлға әртіс. Біріншісі – көңіл көтеру үшін сахнаға шығып, баюды көздейді. Екіншісі – шы­ғармашылығында ұстанымы бар нағыз өнерпаз. Сыбыз­ғы­шыларда «Қос мүйізді Зұл­қар­найын» деген күй бар. Сол аңызда ең алғаш адам айта алмаған дүниесін сыбызғы арқылы жеткізеді. Сондықтан музыкант «табиғат қандай тамаша, менің елім, жерім» деген әнді ғана айтпауы тиіс. Музыка – шын­дықтың құралы, бірақ ләззат та сыйлайды. Ал «Ирина Кайратовна» мен 91 тобына келсек, көбі айтуы мүмкін, «бұл әндер ғасырға жетіп, ұрпаққа тарал­майды» деп. Бірақ бұл екі топ халықтың, соның ішінде жастардың көкейінде сайрап жатқан дүниені музыка арқылы жеткізіп отыр. Сол үшін көп тың­далады. Киім мен шаш үлгісі сыналар, бірақ олар есейеді, қал­пына келеді. Сән үлгісі уақытша ғана. Бастысы, олардың не айт­қысы келетініне назар ауда­райық. Қазақ қоғамында танымал эстрада әншілері бар, той жағалап, өзін «тұлға» сезінетін. Бірақ олар ха­лықтың ішінде не жатқанын бүкпесіз жырлағанда, бұл жастар шықпас еді. Яғни, эстрада әнші­лерінің жіберген кемшілігінің орнын жастар толтыруда. Музы­каның тек көңіл көтеру, қызық үшін айтылмайтынын дәлелдеді. Бұл – қазақ жастарына ғана емес, әлем жастарына тән тенденция. Бұған дейінгі заманда да болған. Мерей СЕМБАЙ, өнертанушы: – «Ирина Кайратовна» мен 91 тобы ойын ашық жеткізе алады. Сондықтан оларды «бұзылған», дәстүрге қарсы деп кінәлайтындармен  келіспеймін. Музыка өмір секілді ешқашан бір орында тұрмайды, минут сайын дамиды. Ал жастар оны жақсы сезінеді. Өзге ұлттардан ғана емес, өзімізден де өзгеріске бейім жастар шыққанына мен қуанамын. Бұрынғы Біржан сал, Мәди мен Жаяу Мұсалар да сол заманда сынға іліккені жиі айтылады. Алайда олар қоғамның мәселесін жеткізді. Бұл тұста ертедегі кісілерді қазіргі топтармен салыстыруға келмес, бірақ ұқ­састық табуға болады. Фоно­грамма қолданып, той мен шенеу­нік жағалайтын қазақ эстрадасының көп әншілеріне қарағанда бұл топтарды әлдеқайда жоғары санаймын.

Мадияр ТӨЛЕУ