Балалар суициді: қауіп қайдан демеңіз...
Балалар суициді: қауіп қайдан демеңіз...
219
оқылды

Карантин кезінде 18 жасқа дейінгі балалар арасында суицид жаса­ғандар саны екі есе өскен. Мәжіліс депутаты Артур Платонов мәлімдеме­сінде төрт айда 114 бала суи­цид жа­сау­ға әрекеттеніп, 46 оқи­ға­ның соңы өліммен аяқ­тал­ғанын айтқан. Өзіне-өзі қол жұмсау бо­йынша Түркі­стан, Шығыс Қазақ­стан, Алма­ты мен Қос­танай об­лыс­тары алда тұр. Ал психологтар мұ­ның себебін от­басындағы қа­рым-қаты­настың әлсіз болуы­мен бай­ланыс­тырады.

Балалар арасындағы суицид дегенімізде Unicef қоры жүргізген зерттеулер еске түседі. Зерттеулер қалаларға қарағанда ауылдарда, шалғай аудандарда суицид статис­тикасының жоғары екенін көр­сеткен. Шалғай жерлердегі өзіне-өзі қол жұмсау статистикасы әкім­шілік және үкі­меттік орталықтарға қарағанда іс жүзінде екі есе жоғары екенін айқындаған. Соны­мен қатар ауылдық жерлер мен қала ара­сындағы өзіне-өзі қол жұмсау ние­тін іске асыру әдістерінде айырма­шылықтар болуы мүмкін. Ауылды жерлерде тұратын жастар ара­сында суицид статистикасының ба­рынша жоғары болу себептері әзірге анық емес. Бірақ оған әлеуметтік оқ­шаулану, мұндай мінез-құлық­тың алғашқы белгілерін танып-білудегі қиындық, ден­саулық сақ­тау мекемелері мен дәрігерлерге кө­рінуге қолжетімділіктің шектеу­лігі, кедейшілік пен қайыршылық деңгейінің жоғары болуы және академиялық үлгерім деңгейінің төмендігі  әсер етеді екен.

Бала сізді тыңдасын десеңіз, сіз тыңдаңыз

Осы орайда мамандар балалар ара­сындағы суицидтің көбейгенін қоғамдағы моральдық құндылық­тың өзгеруімен байланыстырады. Зорлық-зомбылық көрсету, боп­салау әрекеттері көбейген. Мәсе­лен, Ішкі істер министрі 2020 жылы төтенше жағдай кезінде зорлық-зомбы­лықтың көбейгенін, соның ішінде 58 жасөспірім өзіне-өзі қол салғанын айтқан. Бұдан бөлек, 137 бала суицид жасауға әре­кет еткен. Бұл берідегісі, ал  2018 жылы Қызыл­орда облысында 1 жылда 7 өзіне-өзі қол жұмсау дерегі тіркелген. Маңғыстау, Павлодар және Түркістан облыстарында – 5 жағдай, Атырау мен Жамбыл об­лысында – 4 дерек, Қостанайда 3 оқиға тіркелген. Жасөспірімдердің арасында суық қару қолдану, ұрып-соғу дерегі де көп. Мысалы, Түркістан облысында  17 жастағы жасөспірім 20 баладан ақша бопсалап, жәбірленушінің бірі суи­цид жасады. Одан бөлек, әлеуметтік желідегі фото мен видеода жас­өспірім­дердің өзіне-өзі қол жұм­сауына әкелетін бір фактор. Бұл фактіні неліктен негізге алып отыр­мыз? Өйткені аталған қордың дерегі бо­йынша елімізде 11-15 жастағы балалардың 70%-дан астамы интернетті пайдаланады. Яғни, жеке ұялы телефоны немесе ком­пьютері бар. Осылайша, электронды кеңістікте кибер­буллингпен бетпе-бет келуі мүмкін. Алайда елімізде кибербуллинг ту­ралы нақты стастистика жоқ. Осы­ған байланысты психологтар ата-аналарды баласы үнсіз қалса, алаң­дауға шақырады. Өйткені ата-аналарға баласы тыныш, өз бетімен сабағын оқып, телефонына үңіліп отырғаны жеткілікті. Бірақ сіз балаңыздың қандай сайтқа кіріп, нені оқып, кімді үлгі тұта­тынын білесіз бе? Мысалы, пси­хология ғылымдарының кандидаты Алия Мамбет­алина БАҚ-қа берген сұхбатында суицид жасамақ болған қызбен жұмыс істегенін айтқан. Сонда ата-анасының қарауынсыз қалып, шара таппаған 8-сынып оқушысы өзіне-өзі қол жұмсаған. «Мұндай ойға қа­лай келдің?» деп сұра­ғанында сыныбын­дағы бір оқушы суицид жасағанын, арты қайғылы оқиғамен аяқталғанын айтқан. Сұрастыра келе, өзіне-өзі қол жұмсаған баланың бақуатты тұратыны, әкесінің мемлекеттік қызметте істеп, анасының үй шаруа­сы­мен айналысатынын біл­ген. Бірақ әкесі отбасынан бөлек тұрған.  Сонда керектің бәрі бол­ғаны да баланың толық­қанды өмір сүретінін білдірмесе керек. «Балалар арасындағы суицидтің көбеюі – отбасылық қарым-қаты­нас­тың әлсіз болуы, тұрмыстық зорлық-зомбылық. Бұған не кіреді? Қазір адамдар бір-бірімен жақын емес. Ойын еркін жеткізе алмайды, сырын айтпайды. Соның ішінде баланы тыңдамайды, ойын сұра­май­­ды. Ал зорлық-зомбылық де­геніміз тек қана ұрып-соғу емес, пси­хологиялық қысым көрсету. Адамды төмендету, баланың ойын тыңдамай, балағаттау. Есіңізде болсын, бала ата-ананың сөзін тың­дауы үшін алдымен дұрыс қарым-қатынас орнату керек», – дейді психолог Ержан Мырзабаев.

Шешімі бар ма?

Иә, суицид туралы мәселе жыл сайын көтеріледі. Арнайы зерт­теулер жүргізіледі. Бірақ бұл мәсе­лемен психологиялық орталықтар мен қоғамдық ұйымдар ғана бел­сенді түрде айналысады. Мысалы, бір мектепте бала өзіне-өзі қол жұмсаса, жағдайды ушықтырмауға тырысамыз. Ата-аналардың өзі баласы туралы мәліметтің сыртқа шықпауын сұрайды. Бұл бір жағынан дұрыс болса, екінші жағынан қате. Өйткені баланың не үшін суицид жасамақ болғанын анықтау кезінде біршама істің беті ашылуы мүмкін. Мәселен, Ержан Мырзабаев сияқты психологтар мектептегі психологтарың әлсіз екенін айтады. Сол үшін баланы арнайы орталыққа апарып, пси­хологиялық терапиядан өткізген жөн екен. Ал суи­цидтен аман қалған бала – ата-ана үшін «маған көңіл бөліңдер, менің ішкі ойымды тыңдаңдар» деген дабыл.

Ішкі істер министрі 2020 жылы төтенше жағдай кезінде зорлық-зомбы­лықтың көбей­генін, соның ішінде 58 жасөспірім өзіне-өзі қол салғанын айтқан. Бұдан бөлек, 137 бала суицид жасауға әре­кет еткен.

Осыған ұқсас жағдайдың ше­шімін табу үшін 2018 жылы Ден­саулық сақтау ми­нистрлігіне қа­расты республикалық психиатрия, психотерапия және нарко­логия ғылыми-практикалық орталығы суи­цидтің алдын алу және ескерту бо­йынша мемлекеттік жоба ұсын­ған-ды. Бағдарлама ақпараттық, оқыту кезеңі және тәуекелді алдын ала анықтау сынды үш кезеңнен тұрады. Мәжіліс депутаты Артур Платонов талдау нәтижесінде бірқатар аймақта бағдарламаның бірінші және екінші кезеңі бо­йынша оқыту жүр­гізіл­генімен, кей өңірде зерттеулер жүргізіл­мегенін айтады. Әрі депутат вице-министр атына жіберген депутаттық са­уалында осыған қатысты статис­тика ашық түрде жариялануын сұрағаны есімізде. Өз кезегінде Unicef қоры да суи­цидтің алдын алу жобасы ая­сында Қызылорда мен Маңғыстау облысында зерттеу жүргізген. Балаларды үш топқа бөліп, тәуекел тобында жүргендерді қалай оңай анықтауға бо­латынын зерттеген. Соның ішінде бала­лардың суицид пен депрессияға бейім­дігін анық­таған. Мысалы, қор мамандары 2017 жылы Қызылорда облысын­дағы 312 мектеп пен колледжде 48 754 жасөспіріммен әңгімелескен. Соның ішінде 2 500 жас­өспірім суицид жасауға бел байлаған екен. 90%-ы мамандардың көмегіне жүгінген. Ал 2016-2018 жылдары Маңғыстау об­лысында өткен тексеруге мектеп пен кол­леджде оқитын 35 мың жасөспірім қатыс­қан. Мұндай зерттеулер балалар арасын­дағы суицидтің себебі мен күресу жолдарын айқындауға көмектескен. Ал жоғарыда айтқан қала ба­лаларынан қарағанда ауыл бала­ларының суицидке бейім келетінін әлеуметтанушылар отбасы жағ­дайымен бай­ланыс­тырады. «Балалардың, әсіресе мектеп пен кол­ледж жасындағы жас­өспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыруды қолға алуы­мыз керек. Бұл турасында мемлекеттік жоба, бағдарлама болғаны жөн. Себебі үлкен қалаларда балалардың бос уақытын ата-аналары ұйым­дастырады. Мүмкіндік көп. Ал кейбір ауыл-аймақта мүмкіндік жоқ. Бар болған күннің өзінде ақы­лы. Оған ата-аналардың әлеуметтік жағдайы жет­пейді. Толық емес отбасында, көпбалалы жанұяда өскен балаларды әлеуметтік тұр­ғыда қолдап, түрлі үйірмеге қаты­суына жол ашайық», – дейді әлеу­меттанушы Айсұлу Молдабекова. Мамандар кейбір балалардың басқа­ларға қарағанда суицидке бейімдірек келе­тінін айтады. Мы­са­лы, меланхолик тем­пераментін­дегі балалар рухани әлсіз. Кей­бірі ойын ашық айта алмайды. Мұндай ба­лалардың сырын білу үшін ұзақ уақыт кетеді. Сондықтан ата-аналарға асқан төзімділік қажет. Қай жағынан алып қарасақ та, бала­ларды әлеуметтік қолдау ма­ңызды. Сол үшін жобаларды жоба күйінде қалдырмай, статистиканы ашық жариялау керек-ақ.

АйзатАйзат АЙДАРҚЫЗЫ