Карантин кезінде 18 жасқа дейінгі балалар арасында суицид жасағандар саны екі есе өскен. Мәжіліс депутаты Артур Платонов мәлімдемесінде төрт айда 114 бала суицид жасауға әрекеттеніп, 46 оқиғаның соңы өліммен аяқталғанын айтқан. Өзіне-өзі қол жұмсау бойынша Түркістан, Шығыс Қазақстан, Алматы мен Қостанай облыстары алда тұр. Ал психологтар мұның себебін отбасындағы қарым-қатынастың әлсіз болуымен байланыстырады.
Балалар арасындағы суицид дегенімізде Unicef қоры жүргізген зерттеулер еске түседі. Зерттеулер қалаларға қарағанда ауылдарда, шалғай аудандарда суицид статистикасының жоғары екенін көрсеткен. Шалғай жерлердегі өзіне-өзі қол жұмсау статистикасы әкімшілік және үкіметтік орталықтарға қарағанда іс жүзінде екі есе жоғары екенін айқындаған. Сонымен қатар ауылдық жерлер мен қала арасындағы өзіне-өзі қол жұмсау ниетін іске асыру әдістерінде айырмашылықтар болуы мүмкін. Ауылды жерлерде тұратын жастар арасында суицид статистикасының барынша жоғары болу себептері әзірге анық емес. Бірақ оған әлеуметтік оқшаулану, мұндай мінез-құлықтың алғашқы белгілерін танып-білудегі қиындық, денсаулық сақтау мекемелері мен дәрігерлерге көрінуге қолжетімділіктің шектеулігі, кедейшілік пен қайыршылық деңгейінің жоғары болуы және академиялық үлгерім деңгейінің төмендігі әсер етеді екен.Бала сізді тыңдасын десеңіз, сіз тыңдаңыз
Осы орайда мамандар балалар арасындағы суицидтің көбейгенін қоғамдағы моральдық құндылықтың өзгеруімен байланыстырады. Зорлық-зомбылық көрсету, бопсалау әрекеттері көбейген. Мәселен, Ішкі істер министрі 2020 жылы төтенше жағдай кезінде зорлық-зомбылықтың көбейгенін, соның ішінде 58 жасөспірім өзіне-өзі қол салғанын айтқан. Бұдан бөлек, 137 бала суицид жасауға әрекет еткен. Бұл берідегісі, ал 2018 жылы Қызылорда облысында 1 жылда 7 өзіне-өзі қол жұмсау дерегі тіркелген. Маңғыстау, Павлодар және Түркістан облыстарында – 5 жағдай, Атырау мен Жамбыл облысында – 4 дерек, Қостанайда 3 оқиға тіркелген. Жасөспірімдердің арасында суық қару қолдану, ұрып-соғу дерегі де көп. Мысалы, Түркістан облысында 17 жастағы жасөспірім 20 баладан ақша бопсалап, жәбірленушінің бірі суицид жасады. Одан бөлек, әлеуметтік желідегі фото мен видеода жасөспірімдердің өзіне-өзі қол жұмсауына әкелетін бір фактор. Бұл фактіні неліктен негізге алып отырмыз? Өйткені аталған қордың дерегі бойынша елімізде 11-15 жастағы балалардың 70%-дан астамы интернетті пайдаланады. Яғни, жеке ұялы телефоны немесе компьютері бар. Осылайша, электронды кеңістікте кибербуллингпен бетпе-бет келуі мүмкін. Алайда елімізде кибербуллинг туралы нақты стастистика жоқ. Осыған байланысты психологтар ата-аналарды баласы үнсіз қалса, алаңдауға шақырады. Өйткені ата-аналарға баласы тыныш, өз бетімен сабағын оқып, телефонына үңіліп отырғаны жеткілікті. Бірақ сіз балаңыздың қандай сайтқа кіріп, нені оқып, кімді үлгі тұтатынын білесіз бе? Мысалы, психология ғылымдарының кандидаты Алия Мамбеталина БАҚ-қа берген сұхбатында суицид жасамақ болған қызбен жұмыс істегенін айтқан. Сонда ата-анасының қарауынсыз қалып, шара таппаған 8-сынып оқушысы өзіне-өзі қол жұмсаған. «Мұндай ойға қалай келдің?» деп сұрағанында сыныбындағы бір оқушы суицид жасағанын, арты қайғылы оқиғамен аяқталғанын айтқан. Сұрастыра келе, өзіне-өзі қол жұмсаған баланың бақуатты тұратыны, әкесінің мемлекеттік қызметте істеп, анасының үй шаруасымен айналысатынын білген. Бірақ әкесі отбасынан бөлек тұрған. Сонда керектің бәрі болғаны да баланың толыққанды өмір сүретінін білдірмесе керек. «Балалар арасындағы суицидтің көбеюі – отбасылық қарым-қатынастың әлсіз болуы, тұрмыстық зорлық-зомбылық. Бұған не кіреді? Қазір адамдар бір-бірімен жақын емес. Ойын еркін жеткізе алмайды, сырын айтпайды. Соның ішінде баланы тыңдамайды, ойын сұрамайды. Ал зорлық-зомбылық дегеніміз тек қана ұрып-соғу емес, психологиялық қысым көрсету. Адамды төмендету, баланың ойын тыңдамай, балағаттау. Есіңізде болсын, бала ата-ананың сөзін тыңдауы үшін алдымен дұрыс қарым-қатынас орнату керек», – дейді психолог Ержан Мырзабаев.Шешімі бар ма?
Иә, суицид туралы мәселе жыл сайын көтеріледі. Арнайы зерттеулер жүргізіледі. Бірақ бұл мәселемен психологиялық орталықтар мен қоғамдық ұйымдар ғана белсенді түрде айналысады. Мысалы, бір мектепте бала өзіне-өзі қол жұмсаса, жағдайды ушықтырмауға тырысамыз. Ата-аналардың өзі баласы туралы мәліметтің сыртқа шықпауын сұрайды. Бұл бір жағынан дұрыс болса, екінші жағынан қате. Өйткені баланың не үшін суицид жасамақ болғанын анықтау кезінде біршама істің беті ашылуы мүмкін. Мәселен, Ержан Мырзабаев сияқты психологтар мектептегі психологтарың әлсіз екенін айтады. Сол үшін баланы арнайы орталыққа апарып, психологиялық терапиядан өткізген жөн екен. Ал суицидтен аман қалған бала – ата-ана үшін «маған көңіл бөліңдер, менің ішкі ойымды тыңдаңдар» деген дабыл.Ішкі істер министрі 2020 жылы төтенше жағдай кезінде зорлық-зомбылықтың көбейгенін, соның ішінде 58 жасөспірім өзіне-өзі қол салғанын айтқан. Бұдан бөлек, 137 бала суицид жасауға әрекет еткен.
Осыған ұқсас жағдайдың шешімін табу үшін 2018 жылы Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты республикалық психиатрия, психотерапия және наркология ғылыми-практикалық орталығы суицидтің алдын алу және ескерту бойынша мемлекеттік жоба ұсынған-ды. Бағдарлама ақпараттық, оқыту кезеңі және тәуекелді алдын ала анықтау сынды үш кезеңнен тұрады. Мәжіліс депутаты Артур Платонов талдау нәтижесінде бірқатар аймақта бағдарламаның бірінші және екінші кезеңі бойынша оқыту жүргізілгенімен, кей өңірде зерттеулер жүргізілмегенін айтады. Әрі депутат вице-министр атына жіберген депутаттық сауалында осыған қатысты статистика ашық түрде жариялануын сұрағаны есімізде. Өз кезегінде Unicef қоры да суицидтің алдын алу жобасы аясында Қызылорда мен Маңғыстау облысында зерттеу жүргізген. Балаларды үш топқа бөліп, тәуекел тобында жүргендерді қалай оңай анықтауға болатынын зерттеген. Соның ішінде балалардың суицид пен депрессияға бейімдігін анықтаған. Мысалы, қор мамандары 2017 жылы Қызылорда облысындағы 312 мектеп пен колледжде 48 754 жасөспіріммен әңгімелескен. Соның ішінде 2 500 жасөспірім суицид жасауға бел байлаған екен. 90%-ы мамандардың көмегіне жүгінген. Ал 2016-2018 жылдары Маңғыстау облысында өткен тексеруге мектеп пен колледжде оқитын 35 мың жасөспірім қатысқан. Мұндай зерттеулер балалар арасындағы суицидтің себебі мен күресу жолдарын айқындауға көмектескен. Ал жоғарыда айтқан қала балаларынан қарағанда ауыл балаларының суицидке бейім келетінін әлеуметтанушылар отбасы жағдайымен байланыстырады. «Балалардың, әсіресе мектеп пен колледж жасындағы жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыруды қолға алуымыз керек. Бұл турасында мемлекеттік жоба, бағдарлама болғаны жөн. Себебі үлкен қалаларда балалардың бос уақытын ата-аналары ұйымдастырады. Мүмкіндік көп. Ал кейбір ауыл-аймақта мүмкіндік жоқ. Бар болған күннің өзінде ақылы. Оған ата-аналардың әлеуметтік жағдайы жетпейді. Толық емес отбасында, көпбалалы жанұяда өскен балаларды әлеуметтік тұрғыда қолдап, түрлі үйірмеге қатысуына жол ашайық», – дейді әлеуметтанушы Айсұлу Молдабекова. Мамандар кейбір балалардың басқаларға қарағанда суицидке бейімдірек келетінін айтады. Мысалы, меланхолик темпераментіндегі балалар рухани әлсіз. Кейбірі ойын ашық айта алмайды. Мұндай балалардың сырын білу үшін ұзақ уақыт кетеді. Сондықтан ата-аналарға асқан төзімділік қажет. Қай жағынан алып қарасақ та, балаларды әлеуметтік қолдау маңызды. Сол үшін жобаларды жоба күйінде қалдырмай, статистиканы ашық жариялау керек-ақ.Айзат АЙДАРҚЫЗЫ