VAR жүйесін орнатуға дайынбыз ба?
VAR жүйесін орнатуға дайынбыз ба?
208
оқылды

VAR жүйесі бүгінде футболдың ажы­рамас маңызды бөлшегіне айнал­ды. Қолданысқа енгізілгелі жаңа жүйе төңірегінде талай әңгіме айтыл­ды. Оның ішінде мақтағандары да, дат­­тағандары да бар. Қайткенмен озық тех­нология футбол алаңдарында жұ­­мысын жалғастыруда. Еуропа ел­дері­нің көпшілігінде, көршілес Ре­сейде де сынақтан өтіп, жұмысы оң ба­ғаланды. Әлем чемпионаты мен Чем­пиондар лига­сына енгізілді. Жа­сыратыны жоқ, төре­шілер де әр ойын сайын осы құ­рыл­ғының көмегіне жү­гінеді. Еліміз­дегі танымал коммен­татор Ермұхамед Мәуленнің «Әдебиет – ардың, пеналь­ти – VAR-дың ісі» деп әзілдейтіні сон­дықтан.

Былтыр аталған технология Алматыдағы орталық стадионда өткен Қазақстан супер­кубогында тұңғыш рет сынақтан өтті. Бұл отандық футболдағы айтулы оқиғаның бірі болды. Сол кезде «Орталық стадион» ны­санының басқарушысы Айдар Байжұманов атқарылған жұмыстарға тоқталып, алған әсерімен бөліскен болатын.
– Бұл «Қайрат» футбол клубы мен Орталық стадионның бастамасымен тек сынақ ретінде қолданылды. Ұсынысымызды Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының президенті Олжас Абраев қуана қолдап, көмек көрсетті. Техникалық жағынан қам­тамасыз етті. Біз Мәскеуден компания өкіл­дерін шақырдық. Олар Ресейдегі Әлем чем­пионаты кезінде бірнеше матчта VAR жүйесін іске асырған мамандар. Сынақ ретінде қол­данған себебіміз бұл жүйені ішкі біріншілікте қолдану үшін алдымен ФИФА-ның арнайы рұқсаты керек. Осыған бай­ланысты қажетті ма­териалдар мен құжаттар дайындау мақ­сатын­да жұмыстармен танысып жатырмыз, – деді ол.
Кейіннен спорт журналистері де біздің біріншілікке жаңа жүйенің келетінін айтып сүйіншіледі. Біз өз кезегімізде көптің талқысына түскен VAR жүйесінің ел чемпионатында қашан қолданысқа енгізілетіні, оның маңызы туралы мамандардан сұрап білдік. Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының президенті Олжас Абраев алдағы маусымда Қазақстан Премьер лигасында «VAR жүйесі қолданыла ма?» деген сұраққа жауап берді. – Негізі, жүйе тестілеуден сәтті өтті. Бірнеше компания өкілдері келіп, аталмыш техниканың қолданылуын көрсетті. Бірақ мұның бәрі Қазақстан чемпионатының ойынын көрсететін телеканалға тікелей байланысты болып тұр. «Қазспорт» арнасының техникасы бұған әлі толық дайын емес. Бұл жүйені қолдану үшін кем дегенде 16 камера болуы керек. Күмәнді эпизодтарды үлкейтіп, анықтап қарауға олардың саны  көп болғаны дұрыс. Әзірге бізде ондай мүмкіндік жоқ. «Қазспорт» арнасы әр ойынға мұнша камера қоя алмайды. Әрі арнаның  әр қалада  жылжымалы телестансасы (ПТС) жоқ. Тек Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент секілді санаулы қалаларда ПТС болуы тиіс. Жүйені енгізу үшін чем­пионатта ойнайтын 7 қалада да ПТС болуы тиіс. Ал ол қыруар қаржыны талап етеді. Оны бір уақытта сатып ала салу да оңай емес. Бұл – бір. Екіншіден, заманауи техникалармен жабдықталған озық үлгідегі стадиондар қажет. Сондықтан осы жылы VAR-ды енгізу туралы мәселе көтерілмейді, – деді Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының президенті. Ал спорт сарапшысы Жандос Байділдә озық үлгідегі құрылғының үлкен футболға қаншалықты қажет екенін, маңызын, тиімсіз тұстарын айтып берді. – VAR жүйесіне қатысты көп дүние айтуға болады. Әрине, футболдағы эмоцияны «тартып» алды. Гол соққанда не қуанарыңды, не жұбанарыңды білмейсің. Бірақ футболда әділдік орнату жағынан бізге көріне бермейтін детальды анықтап жатыр. Қазір VAR жүйесі алғаш енгізілген 3 жыл бұрынғыға қарағанда шапшаң жұмыс істей бастаған сияқты. Адам пандемияға да үйренді, VAR жүйесіне де ыңғайланып қалды. Кезінде талай даулы матч болды. Әсіресе, плей-офф кезеңінде нағыз тайталас болатын. Қазір төрешілер бәрін екі шұқып, бір қарайды. Бірақ VAR болса да даулы шешім қабылдап жатқандар бар. VAR – бар болғаны құрал, ал шешім қабылдайтын төреші. Дегенмен кейде төрешілердің түрлі ракурстан қарап, шешім қабылдау үшін көп уақыт жұмсайтыны ұнамайды. Футболдағы кез келген үзіліс ойын ырғағын бұзады. Қазір бұған VAR қосылды. Жалпы, аталған техника футболдың сәнін бұзса да керек деп ойлаймын. Өйткені футболда даулы, екіұшты мәселе жиі кездеседі. Ойын тағдырын шешетін маңызды шешім қабылдау керек. Бұл жүйенің қолданысқа енгеніне небәрі 4 жыл болды, енді 5-6 жылда бұл да футболдың бір ажырамас бөлігіне айналады.  Себебі ойын ережесі өзгермегенімен, оны бақылай­тын техника жылдам дамып келеді. Бұл құрылғы кемі екі-үш жылдықтың ішінде біз­дің елге де келетін шығар, – деп есептейді пікір иесі. Әлем елдерінің көпшілігі әлдеқашан қолданысқа енгізген жүйені биыл ішкі біріншілікке әкелудің өзі үлкен жұмыс екенін жоғарыда спорт мамандары атап өтті. Негізгі мәселе – еліміздегі жалғыз спорттық арнамыз бен кей стадиондарымыздың заманның көшіне ілесе алмай отырғаны. Сондықтан бізге VAR жүйесі туралы айту әлі ерте секілді деген ойға қалдық. Әрине, төрешілердің жұмысын жеңілдетуде VAR-дың атқарар рөлі зор. Бірақ футболшыларымызға әзірге ҚПЛ-да ескі жүйемен ойнай тұруға тура келеді.

АбылайханАбылайхан ЖҰМАШ