Букмекерлік кеңселердің басына қара бұлт үйірілді. Олай деуге негіз бар. Өйткені соңғы бір-екі айда екі бірдей құмарханаға тексеру жүргізіліп, қомақты айыппұл салынып, жұмыстары тоқтатылды.
Бұл тексеріс алғашқы емес. Бұған дейін 2018 жылдың мамыр-тамыз айларында Бас прокуратураның араласуымен 5 ірі шұғыл-іздестіру шарасы ұйымдастырылып, еліміздің 17 қаласында ойын бизнесіне ұйытқы болған 4 трансұлттық ұйымдасқан топ ұсталған болатын. Олар заңсыз әрекет ету арқылы 12 млрд теңгеден астам табыс тапқан болып шықты.
Осы жолғы құрықтауға көшейік. Салық және басқа да қаржылық заңбұзушылықтарды анықтау мақсатында Алматы қаласы бойынша Ұлттық қауіпсіздік басқармасы прокуратура органдары қызметімен бірлесе отырып, соталды тергеу шаралары аясында заңсыз ойын бизнесімен айналысып келген «Олимп» букмекерлік конторының әкімшілік кеңсесіне тексеріс жүргізді. Осының нәтижесінде салықтан жалтара отырып, интернет арқылы ойын бизнесін заңсыз жүргізгені үшін 2019 жылдың 29 қарашасында Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен «Олимп» букмекерлік кеңсесіне Only bet ЖШС мен Alpha bet ЖШС берген лицензияларды алты ай мерзімге күшін жою үкімі шығарылды. «Олимптің» ресми ақпараты бойынша, кеңсе өз жұмысын 2007 жылы 15 мамырда бастап, букмекерлік қызмет жүргізуге 10 жылға лицензия алған. 2017 жылы ойын бизнесімен айналысу мерзімі аяқталса да жұмысын тоқтатпаған. Сондай-ақ E-Gambling Montenegro d.o.o компаниясы берген интернет арқылы ойын жүргізу лицензиясы да Черногорияда беріліп, кеңсенің еуропалық клиенттерімен жұмысын жүргізетін қолдау қызметі де сол жақта екені анықталып отыр. «Букмекерлік кеңсесі» ЖШС өсімпұл мен айыппұлдарды есепке ала отырып, салықтық тексеру нәтижелері бойынша Олимп.kz ЖШС-62 миллиард теңге, ал Alpha-bet ЖШС-на 83 миллиард теңге есептелді.
Сонымен қатар Қаржылық мониторинг комитеті Finbet букмекерлік компаниясының да жұмысын тоқтатты. «Комитеттің экономикалық зерттеу қызметінің қаржылық мониторинг бойынша тексеруі нәтижесінде Finbet букмекерлік компаниясының заңсыз іс-әрекетіне тосқауыл қойылды. Аталған ұйымның лауазымды тұлғалары Қазақстан аумағында ойын бизнесімен заңсыз айналысқан. Құмар ойындарға бәс тігу Алматы қаласы, Шымкент қаласы, Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Павлодар облыстарындағы 43 нүктесінде жасалған» делінді Қаржылық мониторинг комитеті хабарламасында. Яғни, бұл бәс қабылдаушылар Қазақстанда заңсыз жұмыс істеп келген. Букмекерлік компанияның ғимаратына тінту жүргізген құзырлы органдар күдіктілердің тергеу изоляторына уақытша жабылғанын айтты. Комитеттің мәліметіне қарағанда, букмекерлік компанияның жылдық заңсыз табысы 3 миллиард теңгеге жеткен.
Атап өту керек, Қазақстанда ойын бизнесінде заңмен бекітілген талапты орындамау орын алып жатады. Міне, осы заңбұзушылыққа бой берген букмекерлік кеңселердің қызметі қызу талқылануда. Дегенмен таяқтың екі ұшы бар. Бұл туралы жыл басында өткен жиында букмекерлік және лотерея бизнесі өзін-өзі реттеу ұйымының атқарушы директоры Гүлмира Бергенова: «Кез келген монополияның соңы жақсылыққа апармайды. Біріншіден, нарықта бәсекелестік болмайды. Екіншіден, қызмет көрсету сапасы нашарлайды. Үшіншіден, шетелдік компаниялардың экспансиясы басталады. Осылайша, елдегі ақша сыртқа кетеді. Бюджеттік түсімдер азаяды. Нарықта жауапсыз ойыншылар көбейеді. Қысқасы, нарық «көлеңкелі» бизнеске көшеді. Ал бұл бізге керек емес. Егер ойын бизнесіне қатысты мекемелер заңға қайшы әрекетке барса, лицензиясынан айырылсын, бұған қарсылығымыз жоқ. Алайда ойын бизнесіне қатысты мекемелерді басқа жағынан қыспау керек» деген болатын.
Иә, қатты қыспақ бір компанияны ығыстырып, ал екінші «ойыншы» оның орнын басып, кеңістікті толтыратыны сөзсіз.
Негізінде Қазақстандағы ойын бизнесіне бірнеше салық салынады. Атап айтқанда, компаниялар кірістің 20% көлеміндегі қосымша салығын төлейді. Бұған компанияның шығындары кірмейді. Сондай-ақ әрбір ойын аппаратына салық төленеді. Нақтырақ айтсақ, ойын үстеліне – 1660 АЕК, ойын автоматына – 60 АЕК, букмекерлік кеңселердің электронды кассасына 3000 АЕК көлемінде салық салынады. Яғни, қазынаға біраз қаражат құйылады деген сөз.
Дегенмен біреуге пайда әкелген, ел бюджетіне табыс түсірген бизнес екінші адамдарды зар жылататыны анық. Лудоманиямен ауыратындар соңғы ақшасын тіккенімен қоймай, банктен несие алып қарызға да белшеден батып жатқаны тағы бар. «Тез байып, жақсы өмір сүрсем» деген ой ғана болады.
«Құмар ойынды әдетке айналдырып, оған тәуелді болу, алкоголь және нашақорлыққа тәуелді болумен тең. Құмарлықтың өзіндік белгілері бар. Ойынға құмарлықтан емделу біраз уақыт пен қаржыны талап етеді. Біз арнайы мониторинг жүргіздік, оның нәтижесінде 2015 жылдан бергі төрт жыл ішінде Алматы қаласында құмар ойынның тұзағына түскен 266 адам көмек сұрады, Қарағанды қаласы бойынша 2018 жылдан бастап 7 адам және Астана бойынша 2017 жылдан бастап 46 адам қол ұшын созуға өтініш білдірді» деп 2019 жылғы 25 қаңтар күні Nur Otan партиясы ғимаратында Қазақстандағы құмар ойындар мәселесі мен оны шешу жолдары тақырыбына қатысты өткен жиналыста «Ренессанс» халықаралық қауымдастығының директоры Сергей Мавляев айтқан болатын.
Сарапшылар есебінше букмекерлік кеңселерде күніне 900, жылына 350 мың адам бәс тігеді екен. Деректерге үнілсек, құмар ойынның тұзағына түскен қазақстандықтардың шамамен 10 млн теңге қарызы бар көрінеді. Соңғы 4 жыл ішінде ойын клубтары мен мекемелеріне қатысты 234 қылмыс жасалған, оның ішінде 81 ойын мекемесіне шабуыл жасау, 53 тонау оқиғасы тіркелген. «Тағы бір айтып өтетін проблема – құмар ойын мекемелерінің ел аумағында заңды түрде тіркелмеуі. Осы себептен бізге оларды бақылау қиын. Бізде құмар ойынның жетегінде кеткендерге қатысты іс көптеп қозғалады. Мысал келтірсек, Алматы қаласында кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірім ата-анасының рұқсатынсыз 2 млн теңгеден астам қаржыны букмекерлік кеңседе ұтысқа салып, нәтижесінде жеңілген. Сол секілді өткен жылы Шымкентте құмар ойында қомақты ұтыстан айырылып, ызаланған азамат өзінің анасын өлтірген. 2017 жылы тамызда бір топ адам казинода қомақты қаржыларынан ұтылып қалып, ішкі күйігін басу үшін Toyota Land Cruiser автокөлігін өртеп жіберген. 2018 жылы Астанада ер адам азаматтық некеде тұрып жатқан әйелін мерт қылды. Бұған әйелдің үйде тұрған ақшаны құмар ойынына салып жібергені себеп болған. Осы секілді деректер жеткілікті», – дейді Ішкі істер министрлігі. Міне, ойын құмарлықтың «пайдасы».
Олай болса заңды белшесінен басқандарға айыппұл салып қана қоймай, қылмыстық жауапқа тартқан жөн. Мүмкін сонда ойланар...
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ