Алматыда карантин талаптарын бұзған 18 нысанның қызметі тоқтатылды
Алматыда карантин талаптарын бұзған 18 нысанның қызметі тоқтатылды
159
оқылды

Алматы әкімдігінің мәліметіне  сүйенсек, қалада күшейтілген форматта 32 мониторингтік топ жұмыс істейді. Былтыр 3149 іс-шара өткізіліп, 21 590 нысан қамтылған. Шектеу шараларын сақтамағаны үшін 5182 хаттама толтырылды. Оның ішінде бетперде режимін бұзғаны үшін заңды тұлғаларға 134,1 млн теңгеге 406 хаттама, ал жеке тұлғаларға 199 млн теңгеге 4776 хаттама тіркелді. Сондай-ақ сотқа қасақана заңбұзушылар бойынша материалдар берілді.

«Жыл басынан бастап 1-19 қаңтар аралығында 225 іс-шара өткізілді. Оның 1755 нысан тексерумен қамтылса, 74 нысанда карантиндік шаралардың бұзылуы анықталды. Жалпы сомасы 10 млн теңгеге 85 хаттама толтырылды. Шектеу шаралары мен санитарлық ережелерді жүйелі түрде (2-3 рет) және қасақана бұзу фактілері анықталған жағдайда материалдар ӘҚБтК-нің 462-бабының 3-бөлігі бойынша құқық бұзушыларды кейіннен сотқа тарту және сотқа беруге іс қозғау үшін аумақтық прокурорларға беріледі. Заңнамаға сәйкес, құқық бұзушыларға ұйымның қызметін тоқтатуға дейін жауапкершілігі қарастырылған», - делінген хабарламада. Алматы қаласының соты 18 кәсіпкерлік субъектісінің қызметін 1, 3 айға тоқтата отырып, 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салу туралы қаулы қабылдады.