Disney кітаптарының қазақ тіліндегі нұсқасы алғаш рет өз оқырмандарына жол тартты. Түрлі-түсті кітап бірден көз тартады. Сыртқы көрінісінен-ақ оның сапасына ерекше мән берілгені көрініп тұр. Аладдин, Рапунцель, Мулан сынды кейіпкерлер бейнеленген кітаптар кішкентай оқырмандарын қызықтыра алатын тәрізді. Түрлі ертегілерден тұратын 14 кітап 28 мың данамен жарық көрді. Демек, әр кітап 2 мың данамен шығып отыр. Бұл кітаптарды Disney кітаптарын елімізде шығару лицензиясына ие болған AbayBooks баспа үйі басып шықты.
– Кітаптарды шығарудағы басты мақсат – қазақстандық балалар арасында оқуды насихаттау және дамыту. Біздің баспа үйі үнемі республикалық маңызы бар өнімдерді шығарумен айналысады. Мәселен, бірінші болып Қазақстан қалаларына бояу бойынша нұсқаулық шығардық, –дейді AbayBooks баспа үйінің басшысы Майра Алжанова. – Біз Disney кітаптарының қолжетімділігіне мән бердік. Бұл біз үшін үлкен жұмыс болды. Кітапты аудару, басып шығару ісіне бір жылдан астам уақыт кетті. Ертегілерді барынша сапалы аударып, дайындауға көңіл бөлінді. Сондықтан бұл кітаптар оқырман қауымға, балаларға, ата-аналарға ұнайды деген үміттеміз. Қазіргі таңда балаларға арналған кітаптардың тапшы екені рас. Қазақ тіліндегі әдебиеттердің тым аз екенін де біліп отырмыз.
Баспа үйінің басшысы кітаптарды басу лицензиясын сатып алғанын және ол белгілі бір мерзімге ғана жарамды екенін айтып өтті. Егер сұраныс болып жатса осы мерзімде тағы басып шығару мүмкіндігі бар. Баспа үйі кітаптардың еліміздің әр өңіріне жетуіне аса мән беріп отыр. Сол себепті кітап дүкендерімен келіссөздер жүргізуде. Кітаптарға сұраныстың бар екені аңғарылып тұр. 8 мың кітапқа қазірдің өзінде тапсырыс беріп қойылған. Әлемге танымал ертегілердің қазақ тілінде жарық көргенін құлағы шалған ата-аналар әлеуметтік желілер арқылы оны қайдан алуға болатынын сұрап хабарласып жатыр.
Кітаптардың бәрі ағылшын тілінен ана тілімізге тікелей аударылған. Аударма ісі барысында қазақы менталитет ескерілген.
– Осыдан 3-4 жыл бұрын сауалнама жүргізгенде ата-аналар қазақ тіліндегі кітаптардың жоқтығын айтқан. Енді ондай сылтау айтудың жөні жоқ. Қазір қазақ тілінде шығып жатқан кітап көп. AbayBooks баспа үйінің бұл бастамасын қолдаймын. Бұл кітаптар балалар үшін ең құнды сыйлық болып отыр. Ертегілер кейіпкерін балалар күнде мультфильмдерден көріп жүр. Барлығы таныс. Бастысы – балаларға кітап оқуды үйретейік. Біздің кішкентай кезімізде интернет болмағандықтан, балалар кітапты өздері оқитын еді. Ал қазір өзіміз телефон ұстап отырып «балам, кітап оқы» дейміз. Олай олмайды. Бала көргенін істейді. Сондықтан өздеріңіз де қолға кітап алып, балаға оқуды үйретіңіздер, – деді The real gap шоу-редакторы Перизат Мырзахмет.
Кітап тұсаукесеріне балаларын ертіп ата-аналар да келіпті. Әлемге әйгілі Disney кітаптарын балаларының өз ана тілінде оқып өсетініне олар да қуаныштарын білдіріп жатты. Ертегі кейіпкерлерінің кейпіне енген актерлер балалармен бірге ойнап, көңіл көтерді. Кішкентай бүлдіршіндер енді отандық кітап сөрелерінен «Сұлу мен құбыжық», «Рапунцель», «Аладдин», Қарша қыз», «Су перісі» және «Мұзды өлке» сынды ертегілердің қазақша нұсқасын таба алады.